Алпамыс батырды ардақтаған азамат

23.03.2018
Қаралды: 624

Ел ішінде үлкен-кішіге үлгі-өнеге бола алатын азаматтар баршылық. Мақтаарал ауданындағы «Қазыбек» серіктестігінің, «Алпамыс батыр» республикалық қоғамдық қорының төрағасы, жеке кәсіпкер Бауыржан Оңғарбаев та сондай жандардың бірі. Талай игі істің ұйытқысы болса да ол кісі үнемі Отан алдында өтелмеген парызым көп деп жүреді.

 

Б.Оңғарбаев 2014-жылы Жетісайда өз қаражатына Алпамыс батыр ескерткішін орнатқан, Алпамыс ауы­лын, онда «Алпамыс» деп аталатын балабақша, қонақүй мен тойхана салған. Ол кісі Алпамыс батырды қатты құр­меттейді. Перзент­теріне «Алпамыс батыр» жырындағы кейіп­керлердің есімдерін қойған. Нұржанынан кейінгі ұлдарының аттары – Байбөрі, Жәдігер болса, әулетінде Алпамыс, Қарлыға атты немерелері өсіп келеді.

 

Кәсіпкер «Алпамыс» стадионына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, сыртын қоршап берді, «Байшұбар» ипподромын салуды қолға алды. Таяу­да Жетісайдағы №119 орта мектепке Алпамыс батырдың есімі берілмек, бұл істің де басы-қасында Б.Оңғарбаев жүр.

 

Ол кісі жыл сайын мектеп оқушыларының шетелдерге жарысқа баруына демеушілік жасап, мәдени-рухани салаларға қол ұшын созып отырады. Аудан көлемінде өтетін патриоттық, дәстүрлі ән байқауларына, «Жігіт сұлтаны», «Айтыс», «Алтын аймақ аруы» сынды жобаларға тұрақты түрде демеушілік етеді. Аз қамтылған, көпбалалы отбасылардағы бүлдіршіндерді қажетті киімдермен қамтамасыз етіп, ризашылығын алуда. Қол астындағы қызметкерлеріне 20 тегін баспана, сырттан келіп жұмыс істейтіндерге жатақхана, асхана салып берген, қызметкерлерінің айлықтарын әр 15 күн сайын беріп, мерекелерде қаржылай да, азық-түлікпен де қамтамасыз етіп отыратыны тағы бар. Өз жанынан жастарға жігер беретін өлең де жазады.

 

Бауыржан Оңғарбаев бүгінде Алпамыс батыр бабамыздың мәртебесін жоғары дәрежеде ұлықтайтын кез келді дейді. Мұны жеке біреулердің рушылдық пиғылы деп қарамай, ұлт тарихын нақтылай түсуге, шын тарихты мойындауға ұмтылу деп түсінген жөн. Осы орайда оның ойында Алпамыс батырдың жұбайы Гүлбаршынға да ескерткіш тұрғызып, сол маңайға батырлар аллеясын ашу мақсаты бар. Алаш ардақтылары, Сұлтанбек Қожановтың, Нәзір Төреқұловтың, Нұртас Оңдасыновтың ескерткіштерін орнату да ойында жүр.

 

«Менің мақсатым – тарихты ояту. Елді ояту үшін алдымен тарихты ояту керек. Елбасының бастамаларына үн қосқым келді. Өзімді алға жетелейтін бір тылсым күш барын сеземін.

 

Батырлардың ерлігі туралы бала кезден естіп, ұлттық салт-дәстүр мен аңыздарды, өткен тарихымызды ананың сүтімен бойға сіңіріп өстік. Бабалар рухына тағзым ету – әрбіріміздің азаматтық парызымыз. Мыстан жасалған ескерткіш тұрғызсақ та ол мәдени маңызы жоғары, құны алтыннан да, асыл тастан да артық дүние. Ескерткіш – сыртқа сес, дұшпанға айбат.

 

Мақсат біреу ғана, ел бабалар өсиетін білсе деймін. Олардың айтып кеткен насихаттарын оқысам, ескерт­кішке келіп тағзым етсем, бір толқып жаным кіреді», – дейді Бауыржан Оңғарбаев.

 

Осындай азаматтарға қарап жақсылық жасау үшін бай болу міндетті емес, жүректе мейірім болса жеткілікті екенін сезінесің, өмірдің мәнісі – игілікке қызмет ету екенін ұққандай боласың. Мұндай жандар билік басында отырса, еліміз ең бай, ең білімді, ең мықты мемлекетке айналар еді-ау деп ойлайсың.

 

Жеке кәсіпкер Бауыржан Оңғарбаевпен болған әңгімеден өз басым осындай ойлар түйдім. Мұндай жандарды көпшіліктің тани түскені жақсы ғой. Сондықтан сұхбаттан алған әсерімді қағаз бетіне түсіріп, «Замана» газетіне жолдауды жөн көрдім.

 

Салтанат САРМАНОВА.

Шымкент қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ