70 жасқа толуына орай шахматтан турнир өткізді

19.03.2018
Қаралды: 361

«Замананың» тұрақты оқырманы әрі авторы, Шымкент қаласының тұрғыны Бөріхан қажы Тәмен 70 жасқа толды. Ол кісі осы мерейтойы қарсаңында ардагерлер арасында шахматтан облыстық турнир өткізді. Оған облыс орталығынан, Созақ, Арыс, Қазығұрт, Төлеби, Түлкібас, Сайрам, Ордабасы аудандарынан, Қызылорда қаласынан келген 58 адам қатысты. Турнир Шымкенттің орталық саябағында ұйымдастырылды. Жиын кезінде ас беріліп, әруақтар рухына құран бағышталды.

 

Бұл жарысқа спорт шеберлігіне кандидаттар мен жаттықтырушы болған кәсіпқой шахматшылар және әуесқой шахматшылар қа­тыс­ты. Яғни олар кәсіпқойлар мен әуесқойлар санатына бөлінді. Алғашқы санат бойынша 1-орынды шымкенттік Асқар Әбішев жеңіп алды, 2-орын қызылордалық Әбдірайым Шуреновке, 3-орын сайрамдық Әбдімәлік Қалта­евқа бұйырды. Ал әуесқой шахматшылар арасында 1-орынды шым­кенттік Күндебек Төребеков иеленді, шымкенттік  Шөрехан Асқаров пен ордабасылық Бөбей Баетов 2-ші және 3-орын иегерлері атанды.

 

Жарыс жеңімпаздарына Мақтау грамоталары мен ақшалай сыйлықтар және шахмат ойыны туралы кітаптар, Бөріхан Бай­мұсаұлының өзі жазған туындылары тарту етілді.

 

Осы орайда айта кетейік, Бөріхан Тәмен – «Жадыңда жүрсін, жарқыным», «Тәлкекке түскен тағдыр», «Менің әпкем» және «Кремльдің бас дәрігерін мойындатқан қазақ» атты кітаптардың авторы. Ол кісі кезінде білім беру саласында еңбек еткен. Еркін күрестен КСРО спорт шеберлігіне кандидат, бокс пен шахматтан 1-разряд иегері. Өткен 2017-жылы ұйымдастырылған тур­нирде шахматтан Шымкент қаласының чемпионы болған. Ол кісі – Ордабасы ауданының Құрметті ұстазы, «Астанаға – 10 жыл» төсбелгісінің иегері.

 

...Міне, Бөріхан қажы – өзінің 70 жас белесіне осындай жетіс­тіктермен көтерілген жан. Біз Бөріхан Баймұсаұлына қайратыңыз мұқалмасын, әрдайым ізгі істердің ортасынан көріне беріңіз деген тілек білдіреміз.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

Бөріхан Тәменнің байланыс телефоны: 8-776-773-47-51.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ