Түрмеден мерзімінен бұрын босатылғандар арақ ішсе, қайтадан қамалады

19.03.2018
Қаралды: 423

Кешегі аптада Мәжіліс депутаттары ішкі істер ор­гандарының жұмысын же­тілдіре түсуге байланысты жасалған жобаға толықтыруларды бірінші оқы­лы­мында мақұлдады. Онда  мас күйде жасалатын заң бұзушылықтардың алдын-алуға қатысты жайлар, соның ішінде жазасын өтеу орындарынан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандарға ішімдік ішуге түбегейлі тыйым салу керектігі жөнінде айтылады. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбатында Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев мәлім етті.

 

 

«Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар» (УДО – условно-досрочно освобожденные) деп жазасын өтеу орындарында үлгілі тәртібімен көзге түскендіктен өтелуі тиіс жазасының белгілі бір мөлшері шартты түрде шегеріліп, бостандық берілген адамдарды айтады. Олар негізгі жаза мерзімі біткенше заң жүзінде бекітілген ережелерді бұзбауы тиіс. (Мысалы, түнгі уақытта еркін жүрмеу, арнайы рұқсатсыз шетелге шықпау, тағы бас­қа). Егер ол мұндай тәртіп, тыйымды бұзса, түрмеге қайта қамалады.

 

Заңға ендірілуі мүмкін толықтыру бойынша, егер шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығарылған адам арақ ішетін болса, оған учаскелік инспектор ескерту береді, бұзықтығын қайталаса, екінші  мәрте ескертеді, бұған болмаса, мәселе сотта қаралады. Сот мұндай адамды түзелу жолына түспеген жан ретінде қайтадан түрмеге тоғыта алады.

 

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ