«Көрісу күні» деген не нәрсе?

16.03.2018
Қаралды: 582

Кешегі 14-наурызда елі­міздің батыс аумақтарында жұртшылық «Амал күнін» («Көрісу күні») атап өтті. Оны әлеуметтік желілер арқылы естіп-білген өзге өңір тұрғындары дұрыс түсінбей, сан-саққа жүгіртіп жатты. Өйткені көп жерлерде ол ұмыт болған немесе әу бас­тан тойланбаған болуы мүмкін. Сондай-ақ «көрісу» деген сөзді Оңтүстік жұрт­шылығының басқаша мағынада түсінетіні де бар. Осы орайда мұның қандай мереке екені туралы танымдық мақала жариялауды ұйғардық.

 

Негізі бұл мереке атауы ай атынан шыққан. Бұрын қазақ арасында айлардың арабша және парсыша атаулары қатар қолданыста болған. «Наурыз» – парсының «Жаңа күн» дегенін білдірсе, арабшада бұл ай «Хамал» деп аталады. «Амал» осыдан шыққан. Қазіргі қолданыстағы күнтізбенің бұрынғыдан  10 күннен аса айырмашылығы бары белгілі. Осы айырмашылықты шегерсек, ол наурыз айының 14-жұлдызына сәйкес келеді. Яғни бұл күн – Амал (хамал) айының, көктемнің 1-күні. «Амал күні», «көрісу күні» дегеніміз – осы, 14-наурызда жұрт бір-бірін көктемге аман шығуымен, жасына жас қо­сылуы­мен құттықтайды. Бұл күні жұртшылық қа­рия­ларға сәлем береді, ренжісіп, араласпай кеткендер бір-бірін кешірісіп, өкпе-назын ұмытысады, жамандық ескі жылмен кетсін деп ырымдайды. Мереке 3 күнге созылады, тіпті ай соңына дейін жалғасып та жатады.

 

Ал 21-наурызда күн мен түннің теңелетіні, Ұлыстың ұлы күні – Нау­рыз мерекесінің тойланатыны белгілі. Ел арасында таралған аңыз-әпсаналарда ықылым замандарда болған топан су басуынан кейін Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауына тоқтап, содан тіршілік қайта басталып, өрбіген деп айтылады. «Топан су тартылғанда кемедегі азық-түлік түрлерінің әрқайсысынан бір ғана уыстан қалған екен, солардың бәрін қосып, бір қазан ас пісіріпті. Наурызкөжені түрлі дәмнен қосып дайындау үрдісі содан қалыптасыпты» деген сөз бар.

 

Осы орайда айта кетейік, биылғы Наурыз мерекесінің бастауын Оңтүстік жұртшылығы қасиетті Қазығұрт тауының етегінде атап өтпек. Қазір оған қатысты дайындық іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

 

Ендеше, алдағы келе жатқан ұлық мереке – Наурыз мейрамы құтты болсын, ағайын! Баршаңызға жаңа жылдың мол игіліктерін тілейміз, мұрат-мақсаттарыңыз орындалып, мерекеден мерекеге аман-есен жете беріңіздер!

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ