Оңтүстік неге дүрлікті?

19.03.2018
Қаралды: 325

Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Абай ауылында 7 жасар бала зорланды деген хабар тек сол өңірді ғана емес, бүкіл елді дүрліктірді. Қазір бұған байланысты шым-шытырық оқиғалар болып жатыр.


Әжесі полицияға шағымданған

Тарқатып айтар болсақ, өткен жылдың қыркүйек айында жәбірленуші баланың нағашы әжесі Шәрипа Батырбекова Абай ауылдық полиция бөліміне арыз түсіреді. Ол өз арызында Ө.Жәнібеков атындағы №73 мектептің 1-сыныбында оқитын неме­ресін өзінен үлкен ауыл балалары ұрып-соққанын айтқан. Бұл шағым бойынша жергілікті дәрігерлер баланы тексеріп, дене жарақатының бел­гілері анықталмады деген қорытынды жасайды. Қылмыс белгілері анықталмағандықтан полицейлер істі тоқтатады. Алайда қаңтар айында баланың әжесі: «Немереме зорлық-зомбылық жасалды», – деп құзырлы органға тағы да арызданады. Күдіктілер ретінде №74 мектептің жоғары сынып оқушыларын атайды.

 

Осы ретте айта кету керек, жәбір­ленді деген бүлдіршін әжесімен бірге тұрады. Анасы мен әкесі ертеректе ажырасып кеткен. Тұрмыс-жағдайының төмендігінен анасы Алматы қаласына жұмыс істеуге кеткен. Балаға әзірге әжесі бас-көз болып отыр.

 

Ш.Батырбекова тілшілерге берген сұхбатында оқиғаны былай деп баян­дайды: «Аулада ойнап жүр еді. Бір уақытта жоқ болып кетті. Іздеп едік, таппадық. Екі сағаттан соң үсті-басы шаң-шаң боп, өңі қашып келді. Не болғанын сұрап едім, көршінің екі баласы ұрып, қараусыз қалған үйге алып барып зорлады деп айтты. Дереу полицияға бардық, бірақ арызымызды қабылдамады. «Бастық жоқ» деп. Сосын араға біраз уақыт салып үйге әлгі балалар оқитын мектеп ди­ректорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары мен учаскелік полиция қызметкері келіп, менен кешірім беруімді, бұл оқиғаны шулатпауымды өтінгесін айтқандарын орындадым. Бірақ кейін әлгіндей жағдай тағы бірнеше мәрте қайталанды».

 

Бұл жағдай бойынша Ш.Батырбекова тағы арызданады. Аудандық ішкі істер бөлімі Қылмыстық Кодекстің 121-бабының 4-бөлігімен іс қозғайды. 19-қаңтар күні Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша сот сараптамалары ин­с­титуты тарапынан медициналық тексеру жүргізіліп, бүлдіршіннің денсаулығына ешқандай зақым келмеген, зорлау белгісі жоқ деген қорытынды шығарады. Дегенмен бала өзін жоғары сынып оқушысы, сосын тағы бір-екі баланың бірінші мәрте сарайға, сосын әжетханаға, кейіннен мектептің артына апарып ұрып-соққанын, соңыра зорлағанын айтып отыр.

 

Бүкіл елден баланы қорғаушылар шығып жатыр

Бұл жағдай ақпарат құралдары арқылы бүкіл елге мәлім болғасын жан-жақтан 7 жасар балаға құқықтық, психологиялық, тіпті материалдық көмек көрсететін кісілердің қатары күрт көбейді. Мәселен, Астана қаласынан Бауыржан Азанов, Ғалия Алдиярова есімді қорғаушылар арнайы келіп, бұл мәселенің әділ шешілуіне атсалысамыз деп отыр.

 

Осы оқиға жалпақ жұртқа жария болғасын Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасарлары, білім бөлімінің басшысы, тағы бірқатар азаматтар Шым­кентке келіп, баспасөз мәслихатын өткізді. Онда аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Майрихов: «Үш күдікті ғой, біреуі 7-сынып, екеуі 8-сынып оқушылары. Екі оқушы волейболға, біреуі футболға қатысады. Сабақ үлгерімдері орташа. Бұған дейін бұзықтық жасамаған. Есепке алынбаған. Ол балалармен өзіміз сөйлестік, өте жуас балалар», – деп мәлімдеді.

 

Сондай-ақ аудан басшылары шу шыққан соң жәбірленуші мен күдіктілер білім алатын мектептерде тексеру-зерделеу жұмыстарын жүргізгенін айтты. Тексеру нәтижесінде шағым түскен күні күдіктілердің барлығы түгелімен сабаққа қатысқаны анықталған деп отыр. Сөз соңында аудандық білім бөлімінің басшысы бала шын мәнісінде зорланған болса, онда өз қызметінен кететінін жеткізді.

 

Осы кездері Абай ауылының тұрғыны Дінмұхамет Артықовтың «Спутник Қазақстан» сайтына сұхбат бергені белгілі болды. Бұл жөнінде бірнеше ақпарат құралдары жазды. Өз сөзінде Д.Артықов 7 жасар баланың әжесі айтқан жайлардың бәрін растапты.  Д.Артықов: «Балаға зорлық көрсеткендер тұрмысы төмен отбасынан шыққан. Олардың ата-анасы бұрын істі болған, нашақор ретінде есепте тұрған», – депті. Олардың әкелерінің таяу күндерде дүние салуын есірткіні шамадан тыс пайдаланудан болуы мүмкін деп көрсеткен. Сондай-ақ ол кісі бұл шулы істің жасырылып келуіне, ашылмай қалуына аудандағы бірқатар адамдар мүдделі болып отыр дегенді айтады.

 

Сондай-ақ бала мен оның әжесінің айтқандарына сенбей, күдікпен қарап отырғандар да аз емес. Жалпы, бұл істе жұмбақтау жайлар баршылық.

 

Зағипа Балиева өз қадағалауына алды

Қош, сонымен бүкіл халық шулап, «Тәуелсіз сараптама жасату керек» дегесін Алматыдағы қоғамдық ұйымдар баланы медициналық сараптама жасатуға шақыртады. Нұрсұлтан мен оның әжесі, әпкесі мен қоғамдық қорғаушысы 14-нау­рыз күні пойызға отырып, Алматыға аттанар сәтте об­лыстық ішкі істер департаментінің жиырма шақты қызметкерлері келіп: «Баланы қорғау мақсатында оны бейімдеу орталығына апаруымыз керек», – деп бас салып алып кетеді. Оларға облыстық Отбасы істері бо­йынша басқарма баланы бейімдеу орталығына жатқызып, қорғауға алу жөнінде арызданған көрінеді.

 

Бұл жағдай дүйім жұртты тағы да дүр сілкіндірді. БАҚ өкілдері мен қорғаушылар дереу облыстық ішкі істер департаментінің алдына жиналып, түсініктеме беруін талап етті. Бірақ мардымды жауап ала алмады. Әрі баланың қайда, кіммен жүргенін де полицейлер жасырын ұстады.

 

Арада бірер сағат өткенде ғана баланың дін-аман екені, әжесімен бірге пәтерге жайғастырылғаны, Астана қаласынан Парламент Мәжілісінің депутаты, бала құқықтары жөніндегі арнайы уәкіл Зағипа Балиеваның келгені мәлім болды.

 

«Барлық құжаттарын тексеремін, баланы өз қорғауыма аламын. Жалпы, бұл істі өзімнің жеке бақылауыма аламын. Келесі экспертиза мен басқа да әрекеттер заң аясында жүргізілуі керек. Сондай-ақ баланы экспертизаға дайындауымыз керек, өйткені бұл оның жүйкесіне әсер етуі мүмкін. Ертең біз оны Астанаға алып кетеміз. Бірақ ол үшін баланың анасын тауып алуымыз керек, әйелдің қайда жүргенін анықтап жатырмыз.

 

Менің айтарым, сабыр сақтаңыздар, өйткені заңның толық сақта­луын өзім жеке қадағалайтын боламын», – деді З.Балиева.

 

Бірнеше басшы жұмысынан шеттетілді

Бұл оқиғаға байланысты облыс басшысы Ж.Түймебаев та тиісті іс-шараларды қолға алды. Ол бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен блогерлер үшін арнайы баспасөз мәслихатын өткізді. Аталған іс бойынша кінәлілердің жазаланатынын айтты.

 

Облыс әкімінің мәлімдеуінше, идео­логия жөніндегі орынбасары Ұласбек Сәдібековке – қатаң ескерту, Сарыағаш ауданының әкімі Қайрат Әбдуәлиевке – қатаң сөгіс, облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықовқа сөгіс берілген. Сондай-ақ Сарыағаш аудандық жергілікті полиция қызметінің бастығы Бердалы Оразгелдиев пен Абай ауылы бөлімшелік жергілікті полиция қызметінің басшысы Әсет Ибрагимов, мектеп­тердегі тәртіпке жауапты полиция ин­с­пекторы Нариман Жұмабаев қыз­меттерінен босатылған.

 

Сол сияқты, Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы мен оқиға орын алған №73 және №74 мектеп­тердің директорлары тергеу аяқтал­ғанша жұмысынан уақытша шеттетіліп отыр.

 

...Қалай болғанда да бұл жағдай бойынша сең қозғалды. Жан-жақтан жеті жасар бүлдіршіннің тағдырына алаңдаушылық білдіріп, бұл істі жіті бақылауға алғандардың қатары сағат санап көбеюде.

 

Бүгінде бұл шулы іске байланысты тергеу-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған қатысты айтылғандардың бәрі де расталып, кінәлілер анықталса, кішкентай балаға зорлық-зомбылық көрсеткендер де, олардың ісін бүркеп-жасырушылар да лайықты жазасын алар. Ал бұл аса қолайсыз іс бүгінгі қоғамды қатты ойландыруы тиіс. Алдағы уақытта ондай сұмдықтар көбейіп кетпес үшін оның тамырына түбегейлі балта шабылуы керек. Адамдар осыны күтеді.

 

С. КЕНЖАЛИЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ