«Инста-блогер» болып ақша тапқыңыз келсе...

15.03.2018
Қаралды: 274

Ресейдің танымал инстаграм-блогерлерінің бір жарнамалық постының құны 100 мыңнан 400 мың рубльге дейін барады екен. Шетелдік жұлдыздардың бағасы біздікінен бірнеше есе жоғары. Ендеше, «Инстаграм» жұлдыздарының бұлайша көп ақша табуының құпиясы неде? Себебі бұл әлеуметтік платформаны айына 800 миллион адам пайдаланады. Сондықтан бұл бренд­тер үшін ерекше жарнамалық құрал болып саналады. Егер Инста-блогер  атанғыңыз келсе, төмендегі кеңестерге құлақ асыңыз.

 

Өзіңізге ұнайтын аумақты таңдаңыз

Алдымен өзіңізді қызықтыратын саланы анықтап алуыңыз керек. Бұл өзіңіз өте жақсы көретін хобби немесе түсінетін нәрсе болуы керек. Атақты адамдардың жазбаларын қайталаудың қажеті жоқ, бас­тысы өзіңізге өте қызық нәрсе болса болғаны.

 

Өзіңізге ұнайтын нәрсені таңдаңыз

Мүмкін сізге қолөнер ұнайтын шығар? Немесе сіз тамақтануды ұнатасыз және түрлі тағамдарға қызығушылық танытатын шығарсыз? Немесе сіз сәнге құмарсыз және соңғы трендтерді қалт жібермей отыратын шығарсыз? «Инстаграмдағы» жарияланымдарыңыз қандай да бір кездейсоқ нәрсе емес, сізді шынымен қызықтыратын нәрсе болуы керек. Мысалы, бірден әр түрлі нәрселер: тамақ, саяхат және саламатты өмір салты туралы жаза аласыз. Көріп отырғаныңыздай, жарияланымдарыңыз осы тақырыпты тек тереңірек толықтыра түседі.

 

Өзіңіз туралы қызықты ақпаратты көрсетіңіз

Қызығушылығыңызды анықтап болғаннан кейін аккаунтыңызды  реттеңіз. Ең алдымен аудитория назарын аударатын өзіңіз туралы ақпаратты көрсетуіңіз керек. Өзгелердің қызығушылығын тудыруы үшін өзіңіз туралы қызықтырақ жазып қойыңыз.

Есіңізде болсын, сіздің қысқаша өмір­баяныңыз брендтер мен потенциалды жазылушылардың көзі түсетін ең бірінші ақпарат болмақ. Сондықтан егер танымал инста-блогер атанғыңыз келсе, блог дизайнына жауапкершілікпен қарағаныңыз жөн.

 

Әңгімелер жазыңыз

Танымал блогер атану үшін «Инстаграмда» тек фотосуреттерді жариялау жет­кіліксіз. Сурет астына жазылатын жазбалар суреттердің өзі сияқты да маңызды. Жазылушылармен эмоционалды байланыс орнату үшін әңгіме жазыңыз. Олардың сізге сенуіне, аккаунтыңызға тіркелуіне, сізбен қарым-қатынас орнатуына себепкер болыңыз.

Мұнымен қоса шынайы болыңыз, өйткені әңгіме ойдан шығарылған болса, оны халық бірден байқап қояды. Жұртпен бөлісетін жеке әңгімелеріңіз тек қызықты ғана емес, сонымен қатар шынайы болуы да керек.

 

Лентаңыз тартымды болуы керек

Сіздің фотосуреттеріңіз әдемі ғана емес, сонымен қатар бірдей стильде болуы керек. Яғни профильдегі барлық фотосуреттер бір-бірімен жақсы үйлесім табуы тиіс.

Көптеген блогерлер бір түсті гамма немесе композиция секілді фото өңдеудің ерекше стильдерін таңдайды. «Инстаграмның» өзіндегі фильтр немесе «VSCO & Lіghtroom»  секілді басқа да фоторедакторларды пайдаланыңыз. Жақсы көрініс табатын түстермен  сапалы суреттер жасаңыз.

 

Хэштегтерді дұрыс қолданыңыз

Хэштегтердің  (#)  арқасында сіздің аккаунтыңызды «Инстаграм» пайдаланушылар тез таба алады. Платформада шектеу бар: бір басылымда сіз 30-ға жуық хэштег қана қолдана аласыз. Бәрін қолдануға болады, бірақ қайсысын таңдау керек, ерік өзіңізде.

Танымал хэштегтер үнемі нәтиже бере бермейді. Себебі олар танымал бола берген сайын сіздің бәсекелестеріңіз де көбейе түседі. Сондықтан сізді табу мүмкіндігі де төмендейді.

Дұрысы – 10 мыңнан миллионға дейін жарияланым көрсететін хэштегтерді қолдану. Одан арғысын таңдамаңыз.

 

Бизнес-аккаунт құрыңыз

Егер сіз инста-блогер болуға шешім қабылдасаңыз, бірнеше артықшылықтар беретін бизнес-аккаунт құрыңыз.

Негізгі артықшылығы –  статистикаға қол жетімдігі. Бұдан аудиторияңыздың әрекеттерін ғана емес, сондай-ақ қандай посттар көп оқылатынын және қай уақытта көп қаралатынын біле аласыз. Жазылушыларыңыздың белсенділігі туралы ақпарат сіз  брендтермен жұмыс істеген кезде өз пайдасын береді. Суреттеріңізге қарағанда цифрлар сіз туралы ақпаратты көп береді.

Бизнес-аккаунттың тағы бір артықшылығы – жарнамалау мүмкіндігі. Қосымша қызығушылықты арттыру үшін жарияланымыңыздың біреуін алға жылжытып қоя аласыз.

 

Аудиториямен дұрыс қарым-қатынас орнатыңыз

Әлеуметтік желіде аудиториямен қалай қарым-қатынас орнататыныңыз да аса маңызды. Назар аударушылық – инста-блогері атануыңызға көмектесетін бірден бір маңызды құрал. Суреттеріңізге біреу «комментарий» жазған кезде оған міндетті түрде жауап беріңіз, олардың «профайлына» кері байланыс орнатып, «лайктар» мен «комментарийлер» қалдырыңыз.

 

Байқаулар мен жарыстар өткізіп отырыңыз. Сауалнама жүргізіңіз, сұрақтар қойыңыз

Өзіңізге жақын тақырыптағы аккаунттар­ға тіркеліп, олардың контентімен өзара қарым-қатынас орнатыңыз. (Оларды «Интересное» бетінен таба аласыз). Жарияланымыңызды көбіне бір-біріне қарама-қарсы, таласты сұрақтарға арнаңыз. Жарияланымның соңын халықтың ойын біле­тіндей сұрақпен аяқтаңыз.

«Инстаграм» жұлдызы атану екі кезеңнен тұрады. Алдымен сізге жазылушыларды шынайы түрде жинап, жақсы назарға ие болу керек. Содан кейін ең маңызды кезең – ақша табу басталады.

Сізде мыңнан көп жазылушы болған кезде және халықтың назары аударыла бастаған кезде тиімді брендтерді іздей бастаңыз. Оларды тиісті фотоларға белгілеп, өзіңізге назар аудартуға тырысыңыз. Егер қызықты болса кейде брендтер сіздің жарияланымыңызды өздерінде жариялап, қосымша назар аударыла бастайды.

Тіпті өзіңізге қызықты салада жұмыс істейтін компаниялардың «жекесіне» хат жаза аласыз. Әсіресе бұрын блогерлермен жұмыс істегендерге мән берген жөн. Алдымен қандай іспен жазып отырсыз және не ұсына алатыңызды алдын-ала дайындаңыз. Бұл, әрине, оңай болмайды, бірақ кейбір жауаптар сізді қуантуы мүмкін.

 

Жазылушыларды сатып алмаңыз

Медиажұлдыз атанғыңыз және көбірек ақша тапқыңыз келсе, онда аудиторияны табиғи шынайы түрде жинаған дұрыс.

Сатып алынған жазылушылар пайда әкелмейді, себебі олар сіздің контентіңізбен байланыс орнатпайды және статистикаңызды арттырмайды. Ал статистика неғұрлым аз болған сайын брендтердің де сізбен қарым-қатынас орнату мүмкіндігі төмен болатынын естен шығармаңыз.

 

Ұлбосын НАЙЗАҚҰЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ