Сапалы көшетті қалай ажыратуға болады?

14.03.2018
Қаралды: 420

Бүгінде сауда нүктелерінде жеміс ағашының көшеттері сатылып жатыр. Мұндайда жақсы көшет таңдай білу маңызды. Осы орайда мына жайларға мән беріңіз:

 

Көшеттің өзіңіз тұратын аумақ климатына сай жағдайда өсірілген болғаны жақсы. Оны арнайы питомниктен алған абзал.

 

Сау көшеттің тамыры балғын, құрғамаған, үсімеген болғаны, ұзындығы 30 сантиметрден кем болмағаны дұрыс. Ұзын, жан-жаққа таралған тамырлары бар кө­шет тез бой алады.

 

Кей тамырды тіліп көруге болады, ол ақ түсті болуы тиіс, қоңырқай түсті болса, онда оның үсігені немесе кеуіп кеткенінің белгісі.

 

«Көшет тамырының обыры» деген болады, ол тамырдың кей тұстары ісініп, бүдірленіп тұрғанынан бі­лінеді. Көшет діңі тік, қабығы жарақаттанбаған болуы тиіс.

 

Көшетті тамырлары құрғап кетпес үшін күн түспейтін, жел қақпайтын жерде сақтаған дұрыс.

 

Егер көшетте жапырақ болса, алдағы уақытта оның бойындағы ылғал бу­ланып кетпес үшін оларды қыр­қып тастаған жөн.

 

Тасымал кезінде де олардың тамырларының бір-біріне үйкеліп, бүлінбеуін қадағалаған абзал. Ол үшін тамырларды ылғал мүкпен немесе қалтамен орап, сыртынан бірнеше қабат етіп қағаз орап қойған дұрыс. Егер бірден егіп тастауға мүмкіндік болмаса, көшеттерді кез келген арыққа көміп қоюға болады.

 

Егер тамырлар біршама құрғаған болса, онда оларды егерден бір күн бұрын шелектегі суға салып қою керек. Дің мен сабақ қабығы да кеуіп қалса, онда да көшетті бір-екі тәулік суға салып қойған жөн. Егер ал­дында тамырын тамыр күшін нығайтатын заттарға (корневин, гетероауисин, т.б.) батырып алған жақсы.

 

Кейде жуан тамырлардың ұшын шұңқырға қарай бағыттап қырқып қойған жөн. Кесілген жерде жаңа тіндер, сосын жаңа қабық пайда болады. Егер кескен жер дұрыс кесілмеген болса, ол жерде қабық пайда болмайды, ол шіруі мүмкін.

 

Кей көшеттер өзінің түбіндегі топырағымен қоса сатылатыны, арнайы ыдыс­қа отырғызылып сатылатыны белгілі. Мұндай көшеттер егілген жерге тез тамырлайды. Дегенмен кейбір сатушылар көшетті дәл сатар кезде ғана осындай ыдыс­қа отырғызуы мүмкін. Оның «самопал» екенін дәл түбінен ұстап ақырын көтеріп көріп анықтауға болады, мұндайда көшет біршама бос, ол «жұлынып» кетуі де мүмкін. Ал ыдыста өскен көшет мұндайда ыдысымен қоса көтеріледі.

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ