Жоғарыдағылардың айлық жалақысын азайтуды ұсынамын

16.03.2018
Қаралды: 642

Бүгінде ақпарат құралдарынан еліміздегі әрбір адамның шет мемлекеттер алдында батпандаған қарызы бары туралы еститін болдық. Әр адам 9 мың доллар қарыз дейді. Сонда  бұл қандай қарыз, оны кім, не үшін алған деген сұрақ туындайды.

 

Жалпы, осы сөздің өзі қаншалықты рас? Әр адам­ға шаққанда осынша қарызымыздың бары шын ба? Бүгінде осындай сұрақ талай адамды толғандырады.

 

Ал қаржы мамандары бұ­ған қатысты неге нақты айт­пайды, неге жауап бермейді? Жұрт мұны білуі керек емес пе? Меніңше, мамандар бұл туралы егжей-тегжейлі айтып, ақпарат құралдарында жариялауы керек. Халық осыны күтеді.

 

Егер соншалықты қарыз екеніміз рас болса, онда елдің үстінен миллиондаған қаржы жинап алғандардың есебінен сол қарыздан ертерек құтылу керек деп ойлаймын.

 

Мен кеңестік кезеңде қызмет істеген азаматпын. Ол кезде айлық жалақымыз кешігіп жатса да еш­кімнен қарыз сұрамайтын едік. Сол жалақы отбасымызды асырауға жетіп жатты. Басшылардың да, қатардағы жұмысшылардың да жалақысында пәлендей айырма болмайтын. Әркімге істеген жұмысына қарай жалақы төленетін.

 

Ал енді қазіргілер ше? Бүгінде 2 миллион теңге жалақы алатындар бар екен. Ал кей мамандар 70 мың теңгені қанағат етуде. Тіпті 30 мың теңге алатындар да бар. Сонда миллион теңге жалақы алатындарға ол не үшін беріледі? Олар соны да қанағат тұтпай, пара ала­ды. Күнде біреуінің ұстал­ғаны туралы еститін болдық.

 

Меніңше, адамдардың ай­лық жалақысын теңесті­ретін уақыт жеткен сияқты. Парламент депутаттарының, мем­лекеттік қызметшілердің жалақыларын біршама төмендету керек. Кейбір министр­­ліктердің штатын қысқарт­қан дұрыс. Сонда бюджет қаржысы үнемделеді. Ал үнем­делген ақшаны сыртқы қарыздан құтылуға бағыттауға болар еді.

 

Менің осы ұсынысымды біреулер тіпті де жақтырмауы мүмкін. Бірақ осылай еткен дұрыс. Әйтпесе шетелдер алдындағы миллион­даған қарыздан қайтіп құтыламыз?

 

Қайталап айтамын, адамдардың айлық жалақысын шамалап теңестіруге тырысу керек. Сонда көп нәрсе өзгереді, әділдік болады. Қазына қаржысы үнемделеді.

 

Жалпы, елімізде көп өзгеріс жасау керек.  Біреу­лердің мемлекет есебінен баюына жол бермеген дұрыс. Өйткені ол әлеуметтік тең­сіздікті одан ары тереңдете түседі. Осыдан барып наразылық туындайды. Ал оның несі жақсы?

 

  А. БАЙЫМБЕТОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ