Арақ сатпаңыздаршы!

15.03.2018
Қаралды: 625

Көңілсіз нәрсе жазбайыншы десем де, өмір ғой, қайтем енді? Бір әйелді көптен бері танимын. Сырласып, қажет болғанда бір-бірімізге ақыл-кеңесімізді айтып жүреміз. Өзі сондай кішіпейіл, ақжүрек адам. Балалары да өзіне ұқсаған әдепті, тәрбиелі, сабақтарын да өте жақсы оқиды. Бірақ жақсыны бір жерден қысып, қинап қояды дейді ғой – күйеуі ішкілікке қатты салынып кеткен. Былай қарасаңыз, ол да жаман емес. Танысымның айтуынша, тірлігі тап-тұйнақтай, әйелі мен балаларына зәбір көрсетпейді. Бірақ әйелі оны ішкен кезде танымай қаламын дейді.

 

«Кейде екі түрлі адаммен өмір сүріп жатқандай боламын, – деді ол кеше жыларман болып. – Ішпеген кезінде бұдан жақсы адам жоқ. Ішіп алса, адам кейпінен жұрнақ та қалмайды». 

 

Мен не дейін? Тым құрығанда шерін шығарып, күйігін тарқатып алсын деп оның үнсіз тыңдаушысы болдым.

 

«Осыны неге аяй беретінімді, бір жағына қарай ертерек неге шықпайтынымды өзім де түсінбеймін, – деді ол тағы да. – Баланы тусам, есек боп арқаланып жүріп өзім бақсам, үйді өзім салсам, отбасының бар ауыртпалығын өзім көтерсем, ол масыл болып менің тапқанымды жеуден басқа түк бітірмесе, не үшін бай ғып жүрмін, а?»

 

Ашынып тұрғанын көрген соң тағы үндемедім. Отқа май құйып қайтем? Бір оның басындағы ғана емес, көп әйелдерге ортақ проблема ғой.  Байғұс әйелдің күйеуіне арақты қойдырамын деп бармаған жері, істемеген амалы қалмады. Азын-аулақ табысын балаларының аузынан жырып, сол маскүнемге арақ қойдыратын дәрі алғанын айтса, айдалада жүріп менің ашуым шығатын кейде. «Одан қайта сол ақшаны бала-шағаңа жұмсамадың ба?» – десем, «Қайтем енді? – дейтін шарасыз күйде. – Адам боп кетсе, балаларыма да, өзіме де жақсы ғой. «Мешкей деген жақсы ат па?» дегендей, ажырасқан деген ат абырой әпереді дейсің ба маған? Ең алдымен өз жақындарым табалап шығар. Оның үстіне жер ортасы жасқа келгенде жол ортасында қалдырғым да келмейді. Ажырассақ, «бомж» боп кетеді ғой ол. Әке-шешесі өлген осыған арақ қойдыра алмай, бауырлары күдерін үзген. Арақ ішіп жүріп, қаңғырып өлсе, обалына қалам ба деп қорқам. Адам баласы ғой. Бір күні болмаса бір күні Құдай да көз жасымды көрер, тілегімді берер. Әйтеуір бала-шағамның несібесіне аман болсыншы».

 

Көбіне әңгімесін бар өмірін сол алқашқа қор қылып өткізіп жатқанын айтып бастайтын да, сәлден кейін-ақ сабырға келіп, осылай аяқтайтын. Бүгін де үйге жүзі әлемтапырық боп келіп, күйігін шығара жылап-жылап, құйып берген шайыма да қарамай кетіп қалды. Мен оның бір шешімге келе алмай, әбден басы қатып, шаршап жүргенін түсіндім. Бірдеңе деуге біреудің шаңырағын шайқамайын деп тіліңді тістейсің. Әйтпесе бейшара әйелдің анадай, еш жерде жұмыс істемейтін масыл еркекке қор болатын орны жоқ. Оның орнында басқа әйел болса, артынан бір теуіп қуып жіберіп, жан рахатына, құлағының тыныштығын көздеп өмір сүрер ме еді? Балаларына да жақсы болар ма еді?

 

Айналайын қазақтың әйелдері-ай, өзін емес, өзгенің қамын ойлайтын деп сүйсінерсің-ау адамгершілігіне... Бірақ оның, балаларының қамын кім жейді? Оның өзін кім аяйды? Әкесі арақ ішіп жүргенде балалардың жәутеңдеген жанарларына тіке қарау тіпті мүмкін емес. Қарап тұрып аяп, маскүнем еркекке зығырданың қайнап кетеді. 

 

Ит те ішпейтін сол жындысуға неге құмарттың екен, есіл ер? Оны адам қылам деп өзі ада болуға айналған сорлы әйел мен ертеңіне үрейлене қарайтын жас балалардың болашағы не болмақ? Осыларды ойлағанда ауылдағы арақты қарызға ойланбай беретін сатушыларды шетінен жауапқа тартқым келіп кетеді ғой. Қолымнан түк келмейтін қауқарсызбын ғой бірақ, қайтем. Осындай әйелдерге Құдай таусылмас төзім берсін дейсің де қоясың деп ойымды түйіндегім келген.

 

Бірақ ішкі даусым: «Екі қолыңды көтеріп, жеңіле салмақпысың? Қоғамға неге үн қатпайсың? Әй, айналайын адамдар, сендердің де Құдайдан үміттерің болса, мына отбасылардың ойранын шығарып, кіп-кішкентай құлыншақтарды тірі жетім атандырып жатқан арақ деген аждаһаға көп болып қарсы шығайық! Күніңді көре алмай кетсең де осы пәлекетті дүкеніңе жолатпашы! Біреудің көз жасымен келген табыста қандай береке бар дейсің? Ана жылап жүрген сорлы әйелдің басындағы жағдай күндердің күні болғанда сенің басыңа түспесіне кім кепіл? Ендеше, өзіңе тілемеген нәрсені біреуге неге сатасың?» – деп неге айтпайсың? Сенің шырылдаған үнің мүмкін біреу болмаса біреуінің көкейіне қонып, арақ сатудан тыйылса, соның өзі кішігірім жеңіс емес пе?» – деді маған.

Ішкі үнімнің айтқанын жерге тастағым келмеді.

 

Г. ӘШІРБЕКОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ