«Ноғай казагы» деген кім?

16.03.2018
Қаралды: 571

Ресейге қарасты Дағыстан, Шешенстан республикаларында, Қарашай-шеркес автономиясында, Ставрополь өлкесінде, Астрахань облысында ноғай ұлтының өкілдері тұрады. Сондай-ақ олар Түркия мен Румынияда да бар. Жалпы саны 4 – 5 миллион адамның шамасында, осының 100 мыңдайы ғана Ресейді мекендейді. Ал Қазақстанда ноғай ұлтының 400-дей азаматы тұрады екен.

 

Біз мұны неге жазып отырмыз?

Бұған таяуда «Азаттық» радиосында берілген бір хабар себепкер болды. Онда Батыс Қазақстандағы «Переметное» деп аталатын селода тұратын Мақсұт Өтепов есімді ноғай азаматы туралы айтылды. 59 жастағы М.Өтепов Орал казактары ұйымының мүшесі екен, «подъесаул» деген әскери шені, казактарға тән қы­лышы мен киім-кешегі, мінетін аты да бар. Қы­лышты олай да, былай да ойнатады. Ол туыстарының кезінде ноғай казагы болғанын, өзінің де осы жолды жалғастырушы екенін айтты. (Айта кетейік, «казак» деген ұлт атауы емес, ол тең құқықты адамдардың қоғамдық тобы).

 

Әрине, «Ноғай казагымын» деген сөзге таңқала қараушылар аз болмасы анық. Өйткені ноғай ұлтына қатысты бұдан басқа да түсініксіз жайлар аз емес. Осыған орай біз дереккөздерден ноғай ұлты туралы азды-көпті білгенімізді оқырман назарына ұсынуды ұйғардық.

 

...Ноғайлар – түркітектес, тілі мен діні, әдет-ғұрыптары жағынан қазаққа өте жақын халық. Руға бөлінеді, ішінде үйсін, найман, керейіт, қыпшақ, қаңлы, маңғыт сияқты рулар кездеседі. Қазақтағы кейбір батырлар және ғашықтар жырлары оларда да бар. Бүгінде біздің Созақ ауданындағы Құмкент ауылы аумағында жатқан Баба Түкті Шашты Әзізді олар да өздерінің Ислам дінін таратушы аталары ретінде құрметтейді. Йассауи ілімі қазақ арасында қалай таралса, оларда да солай тарал­ған. Осының бәрі қазақ пен ноғайдың ілгеріде бір-бірімен өте тығыз байланыста болғанын көрсетеді.

 

Ноғайлар сонау XV ғасырда «Ноғай ордасы» деген мықты мемлекет құрыпты. Еділ мен Орал бойын, Сібірді, қазіргі Дон мен Кубань аралығын, Қырым хандығы аумағынан Днестр мен Днепрдің төменгі сағаларына, Валахияға дейінгі жерлерді мекен еткен, бірнеше қалалар тұрғызған екен. XVІІ ғасырда қалмақ шапқыншылығын бастан өткерген. Олар осы XVІІ – XVІІІ ғасырлар арасында екіге бөлініп кетіпті. Сосын Солтүстік Кавказ бен Қара теңіздің солтүстік бетінде ғана қалған. Орыс-түрік соғыстары кезінде жағдайлары тіпті де күрделене түскен. Ақырында тәуелсіздіктерінен толық айырылған. XVІІІ ғасырдың екінші жартысында Ресейдің құрамына күштеп кіргізілген. Орыс отарлаушыларымен соғыста ноғайлар мыңдап қырылған. Аздаған бөлігі Ресейге қарап, көбі Түркияға босып кеткен. Ноғайлар мекендеген жерлердің бәрі қазір Ресейдің қол астында.

 

Ноғай казактары осы Ресейге қосылғаннан кейін пайда болған. Олардың бірі христиан дінін қабылдаса, енді бірі өз діндерінде қалған. Ноғай казактары Ресей әскері қатарында орыс-француз, орыс-жапон соғыстарына, Бірінші Дүниежүзілік соғысқа, Азамат соғысына, Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Ал казактар қатарында ноғайлардан басқа да көптеген ұлттардың өкілдері болған.

Міне, жоғарыда аты аталған Мақсұт Өтепов тағдыры әрқалай қалыптасқан осындай ноғайлардың ұрпағы екен.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ