Министрдің орынбасары қамауға алынды

13.03.2018
Қаралды: 275

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы Энергетика министрлігінің бірнеше лауазымды қызметкерінің мемлекет мүлкін талан-таражға салғаны анықталғанын хабарлады. Яғни министрдің орынбасары Ғани Сәдібековке «Аймақ» серіктестігінің басшысы Д.Дуанбекпен келісе отырып, «Шортанды – Бурабай» курортты аймағындағы көлді тазартуға бөлінген қыруар қаржыны ұрлаған деген күдік келтіріліп отыр. Күдіктілер қатарында Энергетика министрлігі департаментінің басшысы Ж.Нұрбеков пен мердігер компания өкілдері С.Жұмалинов және Б.Қадырберлин бар.

 

 

Тергеу болжамынша, Сәдібеков орындалған жұмыс көлемі артығымен көрсетілген жалған құжаттарға қол қойған. Яғни ол бо­йынша 3 миллиард 600 миллион теңге қаржы бөлінген, осының 1 миллиард теңгеден астамы тінту шаралары кезінде табылып, тәркіленген.

 

Ұлттық бюро қызметкерлері бұдан бөлек, көлді тазарту үшін 2018-жылға бөлінген 1 миллиард 500 миллион теңгені қолды болудан аман алып қалғаны жөнінде айтылады.

 

Жоғарыда аты аталған азаматтар түгелімен қамауға алын­ған. Бүгінде сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

 

 Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ