Қазақтың тілі мен дінін ғана емес, әуенін де сақтап қалайық

13.03.2018
Қаралды: 478

Біз Созақ ауданындағы «Шолаққорған» орта мектебінің 1954 –1955 оқу жылында бітірген түлектеріміз. Біздің ауданнан да талай тарландар шыққаны белгілі. Солардың бірі – Асқар Сүлейменов. Осы Асқар туралы естіген мынадай бір әңгіме менің есімнен кетпейді.

 

Орта Азия ақын-жазушыларының онкүндігі өтіп жат­қан екен. Тоғызыншы күні ол жерге Дінмұхаммед Қонаев келеді деген хабар жетеді. Ол кезде барлық белгілі ақын-жазушылар сөйлеп болған, қай­та сөз беру ыңғайсыз. Со­нымен ойлана келе жас қаламгерлерге – Олжас Сүлейменов пен Асқар Сүлейменовке сөз бермекші болады.

 

Бірақ жиынға Қонаев емес, екінші хатшы болып істейтін орыс жігіті келіпті. Содан Олжасқа сөз беріліп, ол тақырып бойынша сөйлеп, мін­беден түседі. Сосын Асқарға сөз берілгенде ол: «Біз неге бұрын қазақ елі сауатсыз, мал баққан көшпелі бұратана ел болған дей береміз? Қазақ халқы патшалы Ресей кезінде 23 пайыз араб ал­фавитімен жаза да, оқи да  білген. Оның 12 пайызы ер кісілер болса, 11 пайызы әйелдер болған...» – деп сөзін жалғастыра бергенде жиынды басқарып отырған Сәбит Мұханов Асқарға уақытың болды деп қоңыраумен белгі береді. Асқар сонда сөзінің жайсыз шыққанын түсініп, абдырап қалыпты. Сол кезде көпшілік ішінен тәжіктің белгілі бір қарт жазушысы қол көтеріп: «Асқар­ға тағы бес минут берілуін сұраймын!» – дейді.

 

Үзіліс кезінде әлгі тәжік жазушысы Асқарды сыраханаға ертіп барып: «Асқар қалқам, жаңағы сен айтқан сөзді мен де, Ғабит та, Сәбит те, Мұхтар да, басқа да қарт жазушылар болып айта алмай келгенбіз. Әлі алда өмір бар, ашық айта алатын уақыт келеді», – деп, демеу білдіріпті.

 

Біз, қазақ халқы – өжет, қайсар, батыр, өнерлі халықпыз. Батырлығымыздың бір дә­лелі – Рейхстагқа миллиондардың ішінде туды Рахымжан Қошқарбаев тікті. Өнерлілігіміздің дәлелі – Парижде Әміре Қашаубаев ән салып, әлемді аузына қаратыпты.

 

Менің осыны айта келіп, елдің, жастардың есіне салайын дегенім, біз тәуелсіздік алғаннан бергі 26 жыл ішінде, әсіресе соңғы жылдары қазақтың үнін, өз әуенін теледидардан, радиодан өте сирек еститін болдық. Біз ұлттық құндылықтарымыздан айырылып барамыз. Ән саласында мүлде шет елдердің әуеніне көшіп кеттік. Бүгінде «әу» деп аузын ашқанның бәрі жұлдыз атанып кетті.

 

Жалпы, өнер байлыққа құл­дық ұрмауы керек. Өнердің өз киесі болады, сол киеден қорыққан жөн. Халық әндері, қазақ халық композиторларының әндері жүрекке ләззат беріп тұрушы еді. Қазақ әнінің мақамы жаралы жүректі айық­тыратын, қайғыны жеңетін, өзі­не еріксіз баурап алатын. Ал қазіргі кейбір әуендерде ешқандай да жұғымдылық жоқ. Олардың қайдан пайда болғанын ел біле алмай да жүр. Қазіргі әншілер әннің басын бақырып бастаса, аяғын жоқ етіп, құрдымға жібереді. Сонда біздің рухани жаңғырғанымыз қайсы?

 

Меніңше, қазақ әуені мен ән сөздерін өзгертушілерді қатаң жазалау керек сияқты. Дінімізге теріс ағымдағылар араласып мазаны алып тұрғаны, тілімізге жанашырлық бол­май тұрғаны да белгілі ғой. Дініміз әлсіресе, тілімізде жанашырлық болмаса, төл әуе­німіз құрдымға кетсе, біз қайтіп мәңгілік ел боламыз?

 

Бір орыс жазушысының кітабынан: «Жас күніңдегі көрген қайғыңды да сағынасың» де­генді оқығаным бар еді. Сол сияқты, қазіргі кезде дін та­залығы, тіл тазалығы, әуен тазалығы сағынарлық жағдайға түсті ғой.

 

...Жарайды, қара аспанды төндірмей-ақ қояйық. Жақсының жаманды жеңері анық, жаманның санын көбейтпей, жақсының қатарын тәрбиелейік дегім келеді. «Дүниенің тірегі – үміт» деген бар. Осы ғасыр қа­зақтың ғасыры болса екен. Әсі­ресе дінімізді, тілімізді, әуенімізді сақтай білейік.

 

Жалпы, өз басым өнерге жақын адаммын. Қария ретінде өмірден көрген-білгендерімізді, оның елге пайдалы тұстарын айтқымыз келеді. Осы орайда үнімізді халыққа «Замана»  газеті жеткізеді деген сеніммен өздеріңізге хат жолдап отырмын. Халқымыз дінін, тілін және өнерін ешуақытта жоғалтпаса екен деймін.

 

Орынбек САРИЕВ.

Созақ ауданы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ