Филиал директоры 7 жылға сотталды

12.03.2018
Қаралды: 381

«ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы Қостанай облыстық филиалының бұрынғы директоры Нұрлан Молдатаев сотталды. Оған қызметтік лауазымын пайдалану арқылы өзіне сеніп тапсырылған мүлікті иеленген немесе талан-таражға салған деген айып тағылған болатын.

 

Сот материалдарында Молдатаев жасаған қылмыс туралы мынадай жайлар айтылады:

 

«ҚазАвтоЖол» ҰК облыстық филиалы мен қостанайлық «Казахавтодор» филиалының арасында республикалық маңызы бар автожолды жөндеу үшін 174 миллион теңгеге қосымша келісім-шарт түзілген. Ал Молдатаев «Стройгазсервис» серіктестігінің басшысы Нау­менкомен келісе отырып, фирма алдындағы қарызымызды қайтару керек еді деген желеумен «Казахавтодор» филиалынан құны 41 миллион 305 мың 676 теңгені құрайтын 220 мың литр дизель отынының талондарын алған. Кейін жағармайды нақты ақшаға сатып, жол жөндеуге жұмсалуы тиіс қаржыны иемденіп кеткен. Науменкомен бірлесе дизель отынының қабылданғаны  туралы жалған құжаттар түзіп, «Казахавтодор» филиалына өткізген. Яғни оның сеніп тапсырған мүлкін иемденіп, талан-тараж еткен.

 

...Қостанай қалалық №2 соты Н.Мол­датаевты аталған деректер бо­йынша кінәлі деп тауып, оны 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ