Жұрт «Сасықкөлден» құтылып, қуанып жатыр

16.03.2018
Қаралды: 406

Шымкентке жақын жердегі жұрт «Сасықкөл» деп атап кеткен аумақ естеріңізде болар? Қаладан Темірлан бағытына шыққан бетте, Бадам ауылына баратын бұрылысқа жақын тұстағы сайда осындай бір көл болатын. Анығы – ол Шым­кенттегі үйлерден шығатын кәріз суларының қаладағы тазарту қондырғыларынан өткен қалдығы. Маңайына адам жақындауы мүмкін емес еді. Жел сол жақтан тұрғанда шеткі шағынаудан тұрғындары күлімсі иіске тұншығып, қиналатын. Түркістан бағытына беттеген немесе сол жақтан келе жатқан көлік ішіндегілер де осы сайдың тұсынан өтерде есік-тесіктерін тұмшалап әбігерленетін.

 

Міне, осы «Сасықкөлден», одан бұрқырай шығатын жағымсыз иістен жұрт біржола құтылыпты. «Сасықкөлдің» жоғалуына оның аумағында салынған тазарту қондырғылары себеп болған. Бұл жөнінде бізге Оңтүстік өңіріне белгілі азамат, еңбек ардагері, Шардара ауданының Құрметті азаматы Өстемір Тілегенұлы айтып берді. Ол кісілер Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбайдың ұйымдастыруымен барып «Су ресурстары – Маркетинг» серіктестігінің атқарып жатқан жұмыстарымен танысып, риза болып қайтыпты.

 

«Бізді алдымен бір көпқабатты үйге апарып, онда істелген жұмыстармен таныстырды, – дейді Өстемір қария өздерінің бұл экскурсиясы жайында. – Ондағы жертөледегі ескі құбырлардың бәрі жаңартылыпты, пәтерлердегі есептегіш құралдары сонда көшіріліп орнатылыпты. Оның бір артықшылығы – «контролерлер» әркімнің есігін қағып әуре болмайды, көрсеткіштерді жертөледен жазып алады, сондай-ақ бір пәтерде «утечка» сияқты жағдай орын алса, суды сол жерден жабуға болады, бұдан басқалар зардап шекпейді.

 

Тағы бір үйге ертіп барып, сырттағы канализация шұқырын көрсетті. Онда да бәрі жақсы жасалған екен. Тек бірер кемшіліктерін ғана байқадық, соған қатысты пікірлерімізді айтып едік, олар көп ұзамай-ақ түзетілді.

 

Сосын бізді автобуспен қала сыртындағы Шымкенттің кәріз суларының қалдығы жиналатын жерге апарды. Бұрын жақындап бармақ түгілі, алыстан мұрынды басып жүруге мәжбүр ететін жерді тіпті де танымай қалдық. Оны тап-тұйнақтай етіп қойыпты. Иіс жоқ. Анарбек Орман атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап берді, қай жерде не бар екенін, оның қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.

 

Бұл жерде кәріз сулары толықтай тазаланып, өңдеуден өтеді екен. Оның құрамындағы органикалық заттардан метан газы алынып, ол электр энергиясын өндіруге жұмсалады. 3,5 миллион мегаватт электр энергиясы өндірілетінін естідік. Ал қалдық сулар сол төңіректегі шаруа қожалықтарының қажетіне беріледі.

 

А.Орман осыны айтқанда қариялардың бірі шаруашылыққа жарамды суды неге қала тұрғындарының өздеріне қайтармасқа дегендей сұрақ қойды. Бұған мынадай жауап берілді: қала аумағы бұл жерден әлдеқайда биікте жатыр, сондықтан суды оған қарай айдау қосымша жұмыстар мен көп шығынды талап етеді.

 

Қысқасы, біз осындай жерлерді аралап көріп, атқарыл­ған істерге риза болып қайттық. Жалпы, мұндай күрделі істі жобалап, ұйымдастырып, оған қаржы бөліп, ойдағыны іске асыру оңай шаруа емес. Сондықтан Анарбек Орманның бұл мәселедегі еңбегін тағы да атап өткім келеді».

 

Өстемір қария осылай дейді. Бұл өзі біздің облыста ғана емес, республикамызда, тіпті Орта Азияда тұңғыш рет іске асырылған ауқымды шаруа екен.

 

Бір кездері газетімізде «Сасықкөлдің» иісінен әбден қажыған, күлімсі иіс сіңіп қалатындықтан үйлерінде адам күтуге ұялатындай күйге түскен аумақ тұрғындарының жанайқайын бірнеше мәрте жариялаған едік. Енді олар мойнынан бір жүк түскендей жеңілдеп жатқан шығар.

Ендеше, бұл қуаныш ұзағынан сүйіндірсін дейміз.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ