Президент өзінің 5 әлеуметтік бастамасында не айтты?

12.03.2018
Қаралды: 396

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев халыққа арнаған «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы» деп аталатын үндеуін жариялады. Олардың қалай жүзеге асырылуы керегін айтып, тиісті тапсырмалар берді. Бұл 5 бастама мынадай бағыттарды қамтиды:

 

­­1. Әрбір отбасыға баспаналы болуда жаңа мүмкіндіктер беру. Бұған қатысты Елбасы «7 – 20 – 25» бағдарламасын ұсынды. Бұл бойынша берілетін несие қайтарымына қатысты үстеме бұрынғыдай 14 – 16 пайыз емес, 7 пайыздан аспайтын мөлшерде болмақ. Банк бұрынғыдай меншікке төленетін бастапқы қаржыны 30 – 50 пайыз етіп емес, 20 пайыздан аспайтын көлемде алады. Ай сайынғы төлем бұрынғыдай 10 – 15 жылға емес, 25 жылға шағып есептелмек.

 

2. Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту. Яғни 2019-жылдың қаңтарынан бастап жүктемені 10 есеге дейін азайту, 1 пайызға теңестіру.

 

3. Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту. Бұл бағытта көптеген істер атқарылмақ. Сондай-ақ 2018 – 2019-оқу жылында қосымша 20 мың грант бөлу ұсынылды. (Бұрын жыл сайын 34 мың грант бөлінетін еді).

 

4. Шағын несие беруді көбейту. Бұл орайда қосымша 20 миллиард теңге бөліп, оның жалпы көлемін 62 миллиард теңгеге жеткізу, шағын несие алушылардың қатарын екі есеге арттыру көзделіп отыр.

 

5. Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру. Яғни аумақтардағы әлі де қатты отын тұтынатын қалалар мен елді мекендерге газ құбырын тарту.

 

...Міне, Президенттің 5 әлеуметтік бас­тамасында осындай жайлар туралы айтылады. Мұны жұрттың алды әлеуметке, қоғамға қарай жасалған үлкен бетбұрыс деп бағалап жатыр. Сондай-ақ қазіргі қалыптасып отырған жер дауы сияқты күрделі мәселелерден халықтың назарын басқаға аударуды көздеген қадам деп күдік-күмәнмен қарап отырғандар да жоқ емес. Қалай болғанда да бұған қатысты жұмыстар басталып кетті.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ