Отағасын күнделікті ынталандырып отырыңыз

08.03.2018
Қаралды: 375

Бүгінде «Қазақстан» ұлттық арнасынан көрсетілетін «Бақытты әйел» бағдарламасын жүргізуші, психолог, блогер Құралай Ошақбаева ханымның кезекті кеңестерін назарларыңызға ұсынамыз.

 

«Сенің бағың бар екен, айтуыңа қарағанда, күйеуің мықты жігіт секілді. Ақшаны жақсы табады, бәріңді асырайды. Ал менікі басында, алғашында жақсы болған. Қазір, міне, он жыл болды, жұмыссыз. Әр тірліктің басын бір шалады, бірақ түк таппайды, бәрін өзім істеймін. Базарға шығып, үй де салып, бала да оқытып отырмын», – депті бір әйел.

 

Иә, қыздар, бәрін өздерің жасасаңдар, жетісіпсіңдер! Басында ақша тапқан ба­йыңды енді не түлен түртті?  «Калым» жасайды, бірақ түк таппайды дейді. Осының себебі неде деп ойланбадыңдар ма?

 

Ендеше, айтайын: Әу баста бәрін өздерің құртқансыңдар. Мысалы, күйеуің жұмыстан келе жатып, тіс пастасын ала келсе: «Мынауың не? Мен «Блендамедпен» жуамын ғой, удай қымбат пастаны саған кім әкел деді? ­Ақшасын берсең өзім-ақ «оптовкадан» арзанға әкелер едім ғой!» – деп бақырасың.

 

Бәрі осы «өзім» дегеннен басталады. Күйеуің жұмысыңның жанындағы бутиктен баласына «шорты-майка» әкелсе,  тағы да айқайлап: «3800 теңгеге дені сау адам мына трәпкіні ала ма?! Базардан 2000 теңгеге бұдан да күштісін табар едім ғой», – деп түкірігіңе шашалып, Баба Ягаға ұқсап бақырасың. Осылайша бақытты күндеріңді бітіресің!

 

Еркекке әйелдің бақыты керек. Оларға біздің қуанышымыз ғана керек. Сол әкелген мәйкіні балаңа кигізіп, бірге секіріп, қуанып: «Жаным, жарығым, асыраушым, алтыным. Сенен басқа біздің қамымызды кім ойлайды?» – деп шаттанып отырып шай ішу керек. Міне, осы жағдай, осы көрініс оның есінде сақталып қалса, онда ол базарда арба айдаса да үйіне табыссыз, азық-түліксіз қайтпайтын болады.

 

Былай қарасаң түк те емес сияқты, бірақ өмір осындай майда-шүйдеден тұрады. «Қойшы, эконом қайда сонда? Күнде қымбат, керек емес дүниені таси берсе не болады?» дейтіндер де табылар. Мейлі, бір күн әлгі бутиктегі студент немесе зейнеткер сатушыға шыққан артық шығыныңыз садақа деп қабылдаңыз. Ол да сіздің арқаңызда саудасы жүріп, мәз болсын. Мүмкін оның сіздікіндей асқар таудай күйеуі жоқ шығар. Жағдайы нашар шығар? Анда-санда ақшаңның жетім-жесірге кеткені де дұрыс. Балаңның ауырғанынан, көліктің сынғанынан осы дұрыс емес пе?

 

Күйеуді ақша табуға күнделікті ынталандырып отыру керек. Тұз әкелсе де: «Мына тұзың ерекше екен, дәмді, шығымды екен!» – деп мақтаңыз. Сонда оның табысы күн санап еселене түседі.

 

Сосын бір ай бойы шаршап, терлеп, таңнан кетіп, түнде келіп тапқан ақшасын «Осы-ақ па?! Осы сенің айлығыңды қашан көтереді?! Неменеңе жетеді мынау? Қарашы, «Шедеврдің» литрі 500 теңге болып кетті. Шешең отыр ауылда көмірге ақша сұрап!» – деп зарлап, аяғында Зита мен Гитаның әпкесі сияқты өзіне бір тиын ұстатпай, дірілдеп санап алып, сандыққа тығып тастасаң, келесі айда қазіргіден де аз ақша әкелетін болады.

 

Қыздар, күйеу деген тапқан ақшасының маңызды екенін түсінуі тиіс. Сен үшін және балалары үшін өзінің керек екенін тым құрығанда айына бір рет айтып отырыңдаршы, айналайындар! Қуану керек. Шаттану керек. Мақтау керек. Күйеуің 5 мың теңге әкелсе 50 мың теңге әкелгендей мақта!

 

«Фен-Шуйда»  мынадай рәсім бар: үйге келген ақшаны қанша болса да шашып тастап, қатты қуану керек. Ақша – қонақ тәрізді. Қонақты қабақ шытып қарсы алсаң, тез кетуге асығады ғой, ақша да дәл солай.

 

Ақшамен жылап көріссеңіз – жылап қоштасасыз, сондықтан қуанып қарсы алыңыз. Сол күні таратып жібермей, үйге қондырып, қуанып, санап, әмияныңызға әдемілеп салып қойыңыз.

 

Күйеуіңіздің ең керемет әке, жақсы жар, дүниедегі ең еңбекқор, мықты, табыскер адам екенін балалармен жарысып айтып, бақыттан басыңыз айналып, махаббатқа (ақшаға деген) мас болсаңыз, ақша да сізге қонаққа көп келеді.

Құралай ханым.

 

С. МАҚҰЛБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ