Қалдыгүлдің Шәрбану жеңгейді іздеп барғаны дұрыс

15.03.2018
Қаралды: 3482

«Замана» газетінің биылғы 6-нөмірінде журналист Қалдыгүл Мұратованың «Періште пейіл жандар-ай!» деген тақырыпта мақаласы жарық көрді. Ондағы марқұм Сағат Әшімбаев пен Шәрбану жеңгеміз туралы айтылған естелік қатты толғандырғандықтан бұған байланысты өз пікірімді білдіргім келді.

 

Бұл кісілердің жасағаны нет­кен ақкөңілдік, кең­пе­йілділік десеңізші! Ағамыздың өзі бұрыннан танымайтын, туыстық қатысы да жоқ жас қызға көрсеткен қамқорлығына сүйсіндім. Мұндай сирек кездесетін жақсылық пейілі таза, жүрегі кең қазақтардың ғана қолынан келетінін ойлап, көңілім марқайды.

 

Дүниедегі ең асыл, жүрегі кең, балаға деген мейірімі үйіріліп тұратын жан – Ана. Сағат Әшімбаев қайтыс болғанда Қал­дыгүлдің анасы: «Сағаттың орнына мені алатын жөнің еді», – деп Құ­дайға жалбарынуы ол кісінің бойы тұнған адамгершілігінен деп түсіндім. Бас­қаларға қалай әсер еткенін кім білген, ал өз басым мақаланың осы тұсын оқығанда толғанып, көзіме жас алдым.

 

Негізі адам баласы жасы 50-ден асқасын өткен-кеткенді саралап, көз алдынан өткізе бастайды ғой. Осы орайда Қалдыгүлдің Шәрбану жең­гейді іздеп бар­ғанын дұрыс дер едім. Қалдыгүл замандасқа былай дегім келеді: «Ештен кеш жақсы» деген, сен Шәрбану жеңгейді қалайда іздеп баруың керек. Бұл – сенің борышың. Балаңды Мәуленмен таныстырып, араласқандарың дұрыс. Бұл анаңның орындалмай кеткен арманын орындау үшін жасаған адамгершілік ісің болар еді. «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да қарызынан құтыла алмайсың» деген бар. Қаттырақ айтсам, ғафу өтінемін. Басыңа амандық, деніңе сау­лық тілеймін.

 

Құрман ОМАРОВ.

Оймауыт ауылы. Сайрам ауданы.

Құрман Омаровтың байланыс телефоны: 8-701-132-46-36.

 

Пікір қалдыру

1000 символ