Кебектен нан пісіруге мәжбүр болуда

07.03.2018
Қаралды: 308

Түркіменстанның бидайды көбіне шет елдерден сатып алатыны белгілі. Бірақ кейінгі кездерде әлемдегі газ бен мұнай бағасының төмендеуі бұл істі қиындатып жіберді. Яғни түркіменнің мұнайы мен газына деген сұраныс азайды, оның үстіне астық құны артып келеді. Осы жағдай Түркіменстанда астық жетіс­пеушілігін туындатты.

 

Мысалы, бүгінгі күндері елдің солтүстігіндегі Дашогуз облысында ұн жетіспейтіндіктен жұрт бұрын мал азығына пайдаланылып келген кебектен нан пісіруге мәжбүр болып отыр. Алыпсатарлар жүк көлігімен кебек апара қалған жағдайда жұрт тайлы-тұяғымен жабыла барып шелектеп, қаптап тұрып кебек сатып алады.

 

Бүгінде бұл елдегі сауда орындары бір қолға 5 килодан артық ұн бермейтін болған. Ұн бағасы бірнеше есеге дейін қымбаттап кетті. Жұрт мүмкіндік туа қалса, ұнды қаптап-қанарлап жинап алуға дайын. Сондықтан басшылар отбасының қажеттілігінен артық ұн алғандарға шара қолданатынын, яғни артық деп танылған ұнды тәркілеуі мүмкін екенін ескертуге дейін баруда.

 

Жалпы, Түркіменстанда өткен жылы астық өнімдерінің түсімі аз болған екен. Өз кезегінде бұл да жағдайды ушықтырып отыр.

 

 Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ