Ақынды демеп жіберетіндер табылса екен

06.03.2018
Қаралды: 223

Осыдан үш жыл бұрын елімізде «Әлем халықтарының жазушылар одағы» деп аталатын қоғамдық бірлестік құрылғаны белгілі. Президенті – жерлесіміз, Қазығұрт ауданының тумасы, ақын Қайрат Дүйсенов деген азамат. Ол қазір Алматы қаласында тұрады, аталған бірлестіктің шаруасын жүргізіп жатыр. Кезінде біз газетімізде ол басқаратын бірлестіктің жұмысы мен қазіргі ахуалы туралы мақалалар жариялағанбыз.

 

Кешегі аптада Қайрекең «Фейсбук» әлеуметтік желісі арқылы өз өмірінде орын алған бір қу­анышты жаймен бөлісті. Ол былай деп жазды: «Түн ішінде сонау Грекиядан «Сізді Әлем ақындары қоғамына заңды түрде мүшелікке қабылдадық», – деген сүйінші хабар келіп жетті.

 

Жалпы, бұл қоғамға әлемнің 117 мемлекетінен 961 ақын мүше екен. Құрамында АҚШ-тың 124 ақыны, Қытайдың – 2, Үндістанның – 84, Бразилияның – 70, Грекияның – 70, Аргентинаның – 57, Ұлыбританияның – 28, Италияның – 16, Түркияның 13 ақыны бар. Ал Қазақстанда тұратын 2 ақын ғана мүше екен, бірі – мен, екіншісі – АҚШ ақыны Расел Рагсдейл».

 

Осыны оқып шыққасын желі арқылы байланысып, Қайрекеңе қуанышына ортақтастығымызды білдірдік. Сөз арасында ол өзін мазалап жүрген бір мәселе жөнінде айтып қалды.

 

«Жазған-сызғандарымды жинақтап, екі кітап­тың электронды нұсқасын дайындап қойған едім, – дейді ол. – Ағылшыншасын Сербия, Бельгия, АҚШ және Үндістан еліндегілер басып шығаруға уәде берді. Ал мен кітабымның бірінші өз елімізде жарық көргенін қалаймын. Бірақ оларды бастыруға қол қысқалық қылып тұр. Кезінде бір әкім көмектесуге уәде еткен болатын, бірақ жақында қызметінен босап қалды, сондықтан оған үміт арта алмай отырмын.

 

Естуімше, Оңтүстікте бірер қалталы азаматтар өз ауданынан шыққан ақындарға демеушілік жасап, кітабын шығарып беріп жатқан көрінеді. Сондай жандар менің жайымды естісе, көмектесіп қалар деген үмітім де жоқ емес. Кітабымның ертерек жарық көруіне жәрдемдесетін адам табылып қалса екен деп армандап жүрмін. Кітабым – шағын, 72 беттен ғана тұрады, оған Бельгияның ха­­лықаралық сыйлығын иеленген өлеңдерімді енгізгенмін».

 

...Қайрат Дүйсенов осылай дейді. Ел ішінде өлеңді қадірлейтін, ақындарға жәрдем көрсетуге дайын жаны жомарт азаматтар жоқ емес. Бұл мәселе сондай жандардың құлағына жетсе дейміз. Өлеңдеріне шетелдіктер назар аударған жерле­сімізді неге қолдап, демеп жібермеске?

 

Ал хабарласамын, көмек көрсетемін деушілер Қайрат Дүйсеновпен «Фейсбук» әлеуметтік желісін пайдаланып немесе телефон арқылы байланыса алады.

 

Т. ТҰРАН.

Қайрат Дүйсеновтің байланыс телефоны: 8-707-981-82-14.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ