«Ескі қала» туристер тамашалайтын аумаққа айналады

07.03.2018
Қаралды: 371

Шымкент қаласының бас архитекторы Нұрлан Арқабаев әкімдіктің «Ескі қалаға» қатысты жоспары жөнінде әңгімелеп берді.

 

«Біз Шымкенттің ескі бөлігімен жүріп өттік. Цитадельде болдық, Қошқарата өзені бойымен Жангелдин көшесіне дейін аралап шықтық. Осылардың бәрін біріктіріп, Шымкенттің тарихи бөлігіне айналдырсақ деген шешімге келдік. Барлық қалаларда туристер бірінші кезекте жаңаны емес, ескі тарихи аймақты көруге құмартады.

 

Алғашында цитадельді «Шымкент Плазаға» дейін қосатын тіке көше салу туралы ой болды. Алайда «Ескі қаланы» аралау барысында қала әкімі қазіргі бар көшелерді сақтап қалуды ұсынды. Ол көшелер «Шымкент Плазаның» артындағы аумаққа тікелей шығады. Ал ондағы 1 гектар жерге сквер салуға мүмкіндік болып тұр. Бұл кө­шелердің бәрінен қызмет көрсету бұрышын жасай аламыз.

 

Бұл нені білдіреді? Қазір үйдің қожайындары өздерінің жер телім­дерінде ешнәрсе сала алмайды. Біз оларға қолөнер шеберханаларын, шайхана, ескі сәнмен жасалған кіші қонақүйлер салуды ұсынамыз. Шымкентке келген туристерге сол қаланы аралауға жағдай жасалады.

 

Еуропаның үлкен қалалары ту­рис­­терді алдымен тарихи бөлі­гімен қызықтырады. Ал ол бізде бар. Кішкене жетілдіріп, байланыс тартып, барлық ғимараттарды сәу­леттік стильге айналдыру қажет. Бұл өте дұрыс шешім деп білемін. ТМД мәдени астанасы статусы арқасында жобаны іске асыруға болады», – дейді ол кісі.

 

Қала әкімі жұмыс сапары кезінде «Ескі қаланың» қарияларымен жолықты. Олар Қошқарата өзені бо­йын серуен алаңына айналдыру туралы ойды қолдады. Серуен алаңы өзеннің екі жағынан да 10 метр жерді алатын болады. Ақсақалдар өзен бойы тек демалатын ғана емес, адамдар су ішетін орын болғандығын естеріне алды. Аумақта жүргі­зілетін құрылысты қолдап, серуен алаңының тазалығын қадағалайтындықтарын айтты.

 

Жоспардағы атқарылатын бірінші ке­зектегі жұмыс – өзенге үйлерден келе­тін кәріз суларын тоқтату.

 

Ал Қонаев даңғылын созуға келер болсақ, бұрынғы жоспар өз күшінде қалады.

 

«Қаланың солтүстігі мен оңтүстігін қосатын басқа амал жоқ. Ал Шымкентте көлік қозғалысы аса қажет», – деп түсіндірді Нұрлан Төлепбергенұлы.

 

Шымкент қалалық әкімдігінің

баспасөз қызметі.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ