Шежіре тақтасын жасап беретін жігіт

08.03.2018
Қаралды: 753

«Қазақ руға бөлінбейді, рудан құралады». Осы сөзді ұран еткен алматылық Сағи Әкімқожаев ерекше бір кәсіп түрімен айналысуда. Яғни ол сіздің жеті атаңызды, шыққан тегіңізді тайға таңба басқандай етіп шежіре тақтасына жазып бере алады. Ол жай ғана шежіре тақтасы емес, сондай-ақ үйіңіздің төрінде ілулі тұратын, шырайын кіргізетін ерекше бұйым. Таяуда біз осы ерекше бұйымды жасайтын жігітпен сұхбаттас болдық.

 

– Сағи, сіздің мамандығыңыз қандай? Ше­жіре тақтасын жасау идеясы қашан, қалай келді?

– Менің мамандығым жол құрылысымен байланысты. Бірақ ол салада жұмыс істемегенмін. Біраз уақыт кәсіппен айналыстық. Ал былтырдан бері осы қолөнер бұйымдарын жасауға ден қойдық. Он­да да бір кісілермен ақыл­дасып, әңгімелесіп отырғанда бізде осы жеті атасын білмейтін жастар өсіп келеді, неге соларға арнап ерекше бір туынды жасамасқа деген идея келді. Содан досым әрі қазіргі серіктесім Қуат Әлімбаевпен бірлесіп осы кәсіпті қолға алдық.

 

– Шежіре тақтасы неден, қалай жасалады? Қандай ерекшелігі бар?

– Негізі Қазақстанда осындай іспен айналысып жүрген тағы бір-екі кісіні білемін. Олардың бірі мұндайды ағаштан ойып жасайды, ал екіншісі теріні илеп, соған таңба басады. Әркімнің өз техникасы бар ғой. Ал біз кәдімгі ПВХ деген материалды қолданамыз. Содан әртүрлі ою ойып, оны бояп дегендей шежіре тақтасын дайындаймыз.

 

– Ал оның бағасы қандай? Қарапайым адамның қалтасы көтере ме?

– Шежіре тақтасының бағасы кө­леміне, дизайнына қарай 50 мың теңгеден басталады. Ал оюлы сағаттарды 35 мың теңгеден саудалап жатырмыз. Меніңше, бұл аса қымбат баға емес. Қолөнер бұйымы деп аталғасын оған адам уақытын, күшін сарп етеді. Сондықтан еңбек лайықты бағалануы керек.

 

Біздің әлеуметтік желідегі парақшамызға бірді-екілі кісілер: «Қазақты руға бөліп отырсыңдар! Одан гөрі басқа нәрсе істесең қайтеді?» – деп сынап жазады. Ондайларға мен былай деймін: «Алмасаң, бермесең – сарт боласың, бармасаң, келмесең – жат боласың» деген сөз бар. Ағайын-туыстың басы өзі екі-ақ жағдайда бірігеді емес пе? Бірі – той-томалақ, екіншісі – өлім-жітім кезінде. Өлімнен Алла сақтасын! Қазақ – тойшыл xалық, той көп болсын! Бірақ сол тойда кей асабалар балаларыңды әкелмеңдер, шулайды деп жатады. Той – қазына. Ендеше бала-шағаны апару керек. «Анау – ағаң, мынау – әпкең» деп таныстырып, жекжат-жұраттың не екенін санасына ұғындыру керек. «Жеті атасын білмеген жетесіз ұл» дегізбей, шыққан тегін, қай рудың қай румен қыз алысатынын немесе алыспайтынын айтып отыруы тиіс. Біздің тауар осы мақсатта жасалады. Үйіңнің төрінде бабаларыңның аты ілініп тұрғанын мен руға бөліну деп ойламаймын.

 

Тек өз үйіңізге ғана емес, жақын адамдары­ңыз­ға, басшыңызға, құда-жекжатыңызға да бізге тапсырыс беріп жасатып, тарту етуге болады.

 

– Яғни сіздерге тапсырыс берушілер жеті атасын біліп барып келуі керек қой?

– Өте орынды сұрақ қойып отырсыз. Бізге көбіне: «Мен тек руымды ғана білемін. Одан арғы аталарды сұрайтын ешкім жоқ. Сіздер өздеріңіз ізденіп, табыңыздаршы», – деп келетіндер бар. Біз шежіреші емеспіз. Сондықтан ертеңгі күні жеті атаңызды жазғанда өрескел қате кетіп қалуы мүмкін. Ондай жағдай орын алмас үшін жасы үлкен кісілерден сұрастырып біліп, өз шыққан тегіңізді қатесіз жазып әкелуіңіз керек.

 

– Тек жеті атаны ғана жазасыздар ма? Әлде бәрі клиенттің талғамына қарай дайындала ма?

– Бір кісі есімде, Арғын руынан шыққан екен. Сол рудан бастап өзіне дейінгі ата-бабаларының бәрін толық тізіп жаздырт­қан. Ал енді кейбіреулер тек жеті атасын ғана жаздырған. Қысқасы, бәрі клиенттің талабына байланысты. Не істе дейді, соның бәрін орындауға әзірміз.

 

– Көбіне қай рудың, қай өңірдің адамдарынан тапсырыс көп түседі?

– Арғын мен Дулаттан тараған азаматтардан, Адайлардан тапсырыс көп түседі. Әсіресе мына Батыс Қазақстан облысының тұрғындары шежіреге, салт-дәстүрге өте ерекше көңіл бөледі екен. Сосын мына Астана тұрғындары, оның ішінде елге танымал кәсіпкерлер, саясаткерлер талантты әнші Мақсат Базарбаев, айтыскер-ақын Болатбек Оразбаев, әртіс Ерболат Төлегеновтер біздің тұрақты клиенттеріміз.

 

Осы ретте айта кетейін, шежіре тақтасы 1 апта көлемінде дайын болады. Яғни осы уақытты шамалап тапсырыс беру керек. Әзірге өз шеберханамыз болмағасын оны басқа қалаларға жеткізу мәселесі сәл қиындық тудыруы мүмкін. Біз тек дайын жұмысты көлікпен басқа қалаға салып жібере аламыз, ал оны күтіп алып, ақысын төлеу клиенттің өз жауапкершілігінде болады.

– Кәсібіңізге береке тілейміз. Өсіп-өркендей беріңіздер!

 

Сұхбаттасқан – С. КЕНЖАЛИЕВА.

Сағи Әкімқожаевтың байланыс телефоны: 8-747-761-35-66.

«Инстаграмдағы» парақшасы: «qazaq_oіu».

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ