Әйгерімнің керемет «Ай-букеті»

07.03.2018
Қаралды: 405

Енді бірер күнде 8-наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі келеді. Наурыз мейрамы да таяп қалды. Ал бұл кездері адамдар жақын-жуықтарына, аяулы анасына, сүйіктісіне ерекше сыйлық жасайтыны белгілі. Біз осы ретте шымкенттік Әйгерім Шарпидинқызының қолынан шыққан ерекше туындылар жө­нінде айтсақ дейміз.

 

Әйгерім – екі баланың анасы. Қазір декреттік демалыста, үйінде отыр. Бірақ қарап отырмай, сүйікті ісімен айналысып, одан әжептеуір табыс табуда. Яғни ол тапсырыспен жеміс-жидектерден, көкөністерден, кеп­тірілген жемістерден, сондай-ақ кәм­питтерден әртүрлі гүл шоғын (букет) жасап береді.

 

«Менің бұл іспен айналыса бастағаныма бір жылға жуық уақыт болды, – дейді Әйгерім. – Декретте болғасын үйде отырып істейтін бір іс бастасам қайтеді деген ой келді. Дәл осы тұста Алматыда тұратын бір құрбым мәс­кеулік бір флористен дәріс алып, пайдалы тағамдардан букет жасауды үйреніп, өз ісін бастаған болатын. Содан мен де дәріс алып, Шымкентте осы кәсіпті дамытсам деп ойладым. Бастапқыда тек өзім, туған-туыс­тарым үшін букет жасадым. Келе-келе адамдар тапсырыс беретін болды. Сосын жасаған жұмыстарымды әлеу­меттік желілер арқылы жарнамалап едім, алатындардың қатары бір­ден кө­бейді».

 

Әйгерімнің жасаған букеттері бү­гінде «Ай-букет» деген атпен танылуда. Ол әр клиенттің қалауына, талғамына қарай кез келген букетті жасап береді. Ал оған қажетті жеміс-жи­дектерді Әйгерімнің өзі базардан арнайы барып таңдап, сатып алады. Ұзаққа шыдайтын әрі түсі қанық, пайдалы дүние жасау үшін тауардың сапалы болуы өте маңызды дейді флорист.

 

«Букеттердің бағасы 3 мың теңгеден басталады. Көлемі мен ішіне қосылатын заттың саны көбейген сайын баға да өсіп отырады. Қазір 8-наурыз мерекесі қарсаңында букетке тапсырыс беру­шілердің саны көбейіп отыр. Біл­меймін, енді бір-екі күннен кейін тапсырыс қабылдамайтын шығармын, себебі бір өзім бәріне үлгер­меймін», – дейді кейіпкеріміз.

 

Негізі Әйгерім кез келген нәрседен букет жасауға болады дейді. Ойыншықтардан, тіпті іш киім­дерден де. Бірақ клиенттер көбіне Әйгерімнің «Қызыл барқыт» пен «Құлпынай» дейтін букеттеріне тапсырыс береді екен.

 

«Негізі бұл іс – менің хоббиім. Бірақ болашақта оны негізгі жұмысыма айналдырсам ба деп ойлап жүрмін. Қазірдің өзінде қаланың екі-үш жерінен сауда нүктесін ашуды жоспарлап отырмыз. Бұйыртса, қала тұрғындарын пайдалы әрі әсем, дәруменге толы букеттермен қуантамыз», – дейді Әйгерім.

 

Жалпы, мұндай букеттерді тұң­ғыш рет осыдан жиырма жыл уақыт бұрын америкалықтар ойлап тап­қан екен. Алдымен кәм­питтерді әсемдеп, әртүрлі жылтыр қағаздармен орап ұсынатын бұл қызмет түрі бертін келе жеміс-жидектерге ауысқан. Ал қазір қақтал­ған балық, ысталған шұжық сияқты тіскеба­сар­лардан да букет жасауға болады. Жаңа айтып өт­кеніміздей, кейбі­реулер тіпті іш­киімнен де букет жасатады. Яғни ол адамның қиялы мен талғамына қарай жасалады.

...Пайдалы әрі креативті тірлікті қолға алған Әйгерімнің ісіне біз сәттілік тілейміз.

 

А. ИКРАМҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ