Көлігімен мереке күндерінде тегін қызмет көрсетеді

05.03.2018
Қаралды: 323

Жуырда шашымды қысқарту үшін «Гүл­жан» дүкенінің екінші қабатындағы шаш­таразға бар­ған едім. Күн суық болатын, қатты тоңып қалғанмын.

Шаш қысқартатын шебер Перизат Аманқұлова деген әңгі­ме­шіл ке­ліншек екен. Шашымды қалай қысқартқым келетінін біліп алған соң іске кірісті. Сөз арасында өзінің аудан орталығына Жабағылы ауылынан қатынап істейтінін, осындай мүмкіндікті Жабағылы мен аудан орталығына қатынайтын автобус иесі Толыбек Мылтықбаев деген азаматтың жасап отырғанын, оған риза екенін айтты. Күнде кесте бойынша жүріп тұрған көліктің арқасында сол ауылдың біраз тұрғыны осындағы базардан өз нәпақаларын тауып жүрген көрінеді. Перизаттан Толыбектің жұма күндері, арапа кезінде жолаушылардан жолкіре алмай, тегін таситынын естідім.

 

«Егер газетте істейтініңіз рас болса, сол Толыбек туралы жазсаңыз қатып кетер еді», – деді Перизат. Ойымыз бір жерден шықты. Өйткені мен де осы жайында ойлап едім. Дегенмен Толыбекке бірден жолыға алмадым. Онымен жолығысудың сәті арада бір апта өткен соң ғана түсті.

 

Толыбек 50 жастағы, ашық-жарқын мінезді азамат екен. Онымен әңгімеміз жараса кетті. Ол мектепті бітіргесін Төлеби ауданының Көксәйек ауылындағы көпсалалы училищеде оқып, жүргізуші мамандығын алып шыққан, сосын әртүрлі жұмыстар істеген. Кейінгі үш-төрт жылдан бері жекеменшік көлігімен адам тасып жүр екен.

 

Мен оған өзін Перизат деген шаштараз әйелдің мақтағанын айттым. Сол кезде автобусқа отырып жатқан Жабағылы ауылының тұрғыны Гүлзахира Өмір­әлиева мен Абайыл ауылының тумасы Әлмахан Төлепбергенов сөзге қосыла кетіп, Толыбекті мақтай жөнелді.

 

«Бұл кісі тек жолаушыларды  тасымалдап қана емес, Абайылдың оқушы балаларын Жабағылыдағы Ә.Молдағұлова мектебіне апарып-әкелуді де міндетіне алып отыр. Міне, көрмейсіз бе, автобус ішіндегі азық-түлік, өнімдерді? Осының бәрін діттеген жеріне апарып, тұрғындардың ризашылығына бөленіп жүрген Толыбекті қалай мақтамаймыз?» – десті олар.

 

Бұған ыңғайсызданған Толыбек әңгіме барысын тез арада өзгерте қойды.

 

«Біз ауылда өтіп тұратын түрлі игі шараларға, әсіресе спорттық шараларға демеуші болып тұрамыз. Наурыз мерекесін өзгеше сипатпен өткізуге күш саламыз. Кеше Жабағылы ауылында ауданның 90 жылдығына арналып волейболдан облыс көлемінде өткен жарысқа жергілікті таксистердің басын қосып, спортшыларға ыстық тамақ ұйымдастырдық.

 

Ал енді жолаушыларды тегін тасымалдауға қатысты са­уалыңызға менің айтарым: иә, ондай жомарттық менің бо­йымда бар. Ораза айтында, Құрбан айтта, арапа күндерінде жерлестерімді тегін тасымалдап жүргенім рас. Кейде жұма күндері де жолаушылардан ақы алмаймын. Одан менің бір жерім кеміп қалған жоқ. Есесіне имандылығымыз, бір-бірімізге деген құрметіміз артады. Мұндай қасиет маған қажылыққа барып келген әкем Төребектен қонған-ау шамасы. Әкем де кезінде жерлестеріне мүмкіндігінше қол ұшын берген, көмегін аямаған екен.

 

Бүгінде не көп, көлік көп. Зырылдаған таксилер қанша ұшқыр болғанымен, иелерінің қойған бағасы қарапайым адамдар үшін қиындау. Сондықтан мен олардың жанына жалау болу үшін қолжетімді бағаға тасымалдап жүрмін. Құдайға шүкір, адал еңбегімнің арқасында өз несібемді табудамын. Жағдайым жаман емес. Мамандығы мұғалім, Құдай қосқан қосағым Мұхадес екеуміз үш перзентті тәрбиелеп отырмыз. Жалпы, жұрттан алғыс алғанға не жетсін!» –  деген Толыбек  жолаушыларға лық толған автобусына қарай бет алды.

 

Қысқасы, түлкібастық Толыбек Мылтықбаев күн сайын талай адамнан алғыс алып жүрген осындай азамат екен. Біз оның ізгі ісіне сүйсіндік, сосын өзгелер үлгі алсын деген оймен оны көпшілікке таныстыра кетуді дұрыс көрдік.

 

Орынтай КӨМЕКОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ