Ән тербеген, әдемі әсер берген кеш

05.03.2018
Қаралды: 305

Кешегі сәрсенбі күні Шымкенттегі облыстық Көрме орталығында «Жаныңда жүр жақсы адам» деген тақырыппен журналист, жазушы, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы Иса Омардың шығармашылық кеші болып өтті. Онда автордың «Жүрек сөзі» атты кітабы мен «Замана» өлеңдер жинағының тұсауы кесілді.


Аталған іс-шараға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, журналистер, кеш иесінің көптеген әріптестері, шәкірттері, рухани достары мен тілек­тестері қатысты. Жазушы Еркінбек Тұрысов, қоғам қайраткері Ағабек Сүгірәлиев, Қазақстанның Құрметті журналисі Байдулла Қонысбек, тарихшы ұстаз Сапарбек Сахов сынды алдыңғы толқын өкілдері  ізгі тілектерін жеткізіп, бата берді, сый-сияпаттарын жасады. Жалпы, бұл іс-шара жинал­ған жұртшылыққа жақсы әсер сыйлады.

 

Мысалы, осы жиынға қатысқан азаматтардың бірі – шымкенттік Айдарбек Қыдырбекұлы кеш өткен күннің ер­теңіне редакциямызға телефон шалып, шығармашылық кештен алған әсерімен былайша бөлісті:

 

«Талай қаламгерлердің кештерін көргенім бар еді. Дегенмен дәл осы жолғыдай ерекше әсер алмаппын.  Исекеңнің кеші кереметтей болып өтті. Сценарийі жақсы жасалыпты. Өлең­дері, әндері үлкен-кішіге айтары мол, ғибратқа толы екен.

 

Маған әсіресе «Қаржан – менің ауылым» деген әні ұнады. Слайдтағы бейнебаяннан Исекеңнің ауылының сурет­терін көріп тіпті ғашық болдым. Бір барып, көріп қайтатын жер екен.

 

Кештен Исекеңнің біраз кітаптарын, ән дискісін алып қайтқан едім. Әндерін тыңдап бір рахаттанып қалдым, енді кітап оқуға кіріспекпін.

 

Айтайын дегенім, осындай рухани кештер жиірек өткізіліп тұрса екен деймін. Исекеңнің шығармашылық кешін өзгелер үлгі етіп алса болады. Онда жанды жадыратар сөздер көп айтылды, автордың өз өлеңдері оқы­лып, өз әндері орындалды. Бұл деген керемет емес пе?!

 

Менің бұл айтқандарымды «Заманаға» жарияласаңдар екен деймін. Өзгелер де жақсыны көріп, білгені дұрыс қой», – деді Айдарбек қария.

 

Мұндай пікірді сол күні «Фейсбук» әлеуметтік желісінде әріптестеріміз – Гүлмира Әшірбекова, Фатима Жүнісова, Серік Алданов та жариялады. Шығармашылық кешке қатыса алмаған көптеген адамдар да өз пікірлерін білдіріп жатты.

 

...Иә, «Замана» Баспа үйі редакторлар кеңесінің төрағасы, «Замана» серіктестігінің бас директоры Иса Омар ағамыздың шығармашылық кеші өте әсерлі өтті. Жас өнерпаздар автордың өлеңдерін оқыды, әндерін орындады. Алдыңғы толқын өкілдері ізгі тілектерін білдіріп, бата берді. Қысқасы, одан жұртшылықтың мол ғибрат, рухани нәр алғаны анық. Оған қоса, кеш қонақтарына автордың кітаптары, ән дискілері таратылған болатын. Оларды тағы да талай адам оқиды, тыңдайды, пайдасын көретін болады.

 

...Ендеше, ән тербеген, әдемі әсер берген осындай әдемі кештер алдағы уақытта да жалғасын таба бергей дейміз.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ