Ресей Президентінің тағына 8 адам таласпақ

05.03.2018
Қаралды: 625

Ресейдегі кезекті Президент сайлауының басталуына екі аптадай уақыт қалды. Оның алдағы 18-наурызда өтетіні белгілі. Алғашында Президент тағына үміткерлердің жалпы саны 67 еді, түрлі сүзгілерден өте келе олардың 8-і ғана қалды. Біреулерін Орталық сайлау комиссиясы тіркеуден бас тартса, екіншілері тиісті құжаттарын түгелдеп өткізбеді, енді бірі өзін қолдаушылардың қажетті дауысын жинай алмады, тағы біразы сайлауға қатысудан өз еркімен бас тартты.

Қысқасы, алдағы додада Ресей Президенті лауазымын иелену үшін 8 адам бақ сынамақ. Олар мына азаматтар: Владимир Путин (қазіргі Президент, өзін-өзі ұсынушы), Павел Грудинин («Левый фронт» партиясы және Ресей Компартиясының қолдауымен әрекет етуде), Владимир Жириновский (Мемлекеттік Дума депутаты, либерал--демократиялық партия төрағасы), Григорий Явлинский (саясаткер, «Яблоко» партиясынан), Сергей Бабурин (Мем­лекеттік Думаның бұрын­ғы төрағасы, «Российский общенародный союз» партиясынан), Максим Сурайкин («Коммунисты России» партиясы­ның төрағасы), Ксения Собчак («Гражданская инициатива» партиясынан) және Борис Титов (биз­нес­мен, миллионер, «Партия  роста» партиясының төрағасы).

 

Бүгінде сайлауалды науқан қызу жүріп жатыр. Жарияланған кейбір рейтингтерге қарағанда, Путинді қазірдің өзінде 65 пайызға жуық сайлаушылар қолдайтын сияқты. Путиннің қолдаушылары арнайы қорға 400 миллион рубльден аса қаржы құйған, оның артығы қолдаушыларға кері қайтарылыпты. Путин қазірге дейін үгіт-насихат жұмыстарына 196 миллион рубль жұмсаған.

 

Ал үгіт-насихат жұмыстарына ақшаны молынан жұмсаушылардың көшін Жириновский бастап тұр. Мысалы, ол өзін қолдау қорына түскен 394 миллион рубльдің 200 миллионынан астамын жұмсап үлгеріпті.

 

Грудининді қолдау қорына 170 миллиондай рубль түссе, ол оның 150 миллиондайын жарат­қан. Бабуринді қолдаушылар да осы шамалас.

 

Бұдан басқа үміткерлерді қолдау қорына түскен қаржы мөлшері және оның жұмсалуы әзірге жоғарыдағы төртеуінікінен әлдеқайда аз. Соған қарағанда, негізгі тартыс осы үш-төрт адамның арасында өтетін сияқты.

 

 Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ