«Асқаровтың аққайыңдарын» көруге келіңіз!

02.03.2018
Қаралды: 289

«Баратұғын жерімнің

Кеш болғанын қарашы.

Төккен маңдай терімнің

Еш болғанын қарашы!

Жұмсақ мамық төсектің

Тас болғанын қарашы.

Дұшпан атып кесекті,

Қас болғанын қарашы!

Өсек-өтірік дегеннің

Шын болғанын қарашы.

Дос деп есептегеннің

Сұм болғанын қарашы!

Жабылды да жаласы,

Жетті осыған шамасы.

Жүргендердің қасымда,

Ішінде екен аласы...»

 

Бұл – жүріп өткен жолы өшпестей із қалдырған мемлекет және қоғам қайраткері, Оңтүстік өлкесінің дамуына, гүлденуіне ерен еңбек сіңірген Асанбай Асқаровтың сахна төрінен еліне деген сағынышы мен өкінішке толы сәтін жеткізген жүрекжарды сөзі.

 

Ұлт тағдырын өз тағдырынан бөле-жара қарамастан тер төккен тұлғалар қазақ халқының болмысын сақтап қалып отырған. Ендеше, осындай біртуар азаматтарды біз өз деңгейінде дәріптей алып жүрміз бе? Әлде олар туралы ақпараттар шаң басқан сөрелерде сақтаулы тұр ма?

 

Міне, осыны ескере келе Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры белгілі жазушы Мархабат Байғұттың «Асқаровтың аққайыңдары» деп аталатын шығармасын сахналауды ұйғарып отыр.

 

Қойылымда екі бірдей ұлт тұлғаларының сұхбаты арқылы кеңес дәуіріндегі қазақ халқының басынан өткерген жақсысы мен жаманына куәгер боласыздар. Осы ретте драманың бас кейіпкерінің бірі – қазақтың аяулы жазушысы Шерхан Мұртаза ағамыз: «Ұлы Тұранның ұлдарын да, бостандықтың бағасын да, тәуелсіздіктің қадір­-құнын да, Асқаровтың төрт жыл, төрт ай түрмеде не себептен азап шеккенін де мына ұрпақ, әсіресе жас өскіндер білуі керек емес пе?! Сезінуі, ­түйсінуі тиіс қой!» – дейді. Расында да ұлт тағдырын «менің тағдырым» деп санайтын ұрпақ жетілсін десек, алдыңғы буын асыл ағалардың жанкешті еңбегін, биік парасатын өнеге етуіміз керек.

 

Асанбай Асқаровтай ұлы тұлғаны сомдау кез келген әртіс үшін үлкен сынақ іспеттес. Мұндай жауапты міндет ҚР Мәдениет қайраткері Еркін Шымырқұловқа тапсырылып отыр.

 

Ал драманың қоюшы режиссері – Жұмабек Есімов.

 

Ендеше, алдағы  6, 7-наурыз күндері Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында өтетін М.Байғұттың «Асқаровтың аққайыңдары» драмасын көруге шақырамыз! Келіңіздер!

 

 

Сая ҚАСЫМБЕК, театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ