Бұрынғы Бас Прокурор қамауға алынды

02.03.2018
Қаралды: 632

Өзбекстанда 2000 – 2015-жылдар аралығында елдің Бас Прокуроры болған Рашид Қадыров тұтқындалды. Бүгінде оның үстінен тергеу жүргізілуде. Бұл жөнінде «Азаттық» радиосының өзбек бөлімі хабар таратты. Мәлімдеуінше, Қадыровпен бірге тағы да бірнеше бұрын­ғы прокурорлар қамауға алын­ған. Ал бұрынғы Бас Прокурорға «мемлекет мүлкін қомақты мөлшерде иемденген, шетел банктеріне заңсыз жолмен табылған қаржы аударған» деген айып тағылған.

 

Рашид Қадыровтың жасы қазір 66-да. Ол Ташкент Мем­лекеттік университетінің заң факультетін бітірген. 1980-жылдан бастап Өзбекстанның Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінде жұмыс істеген, арада 12 жыл өткенде МҚК төрағасының орынбасары дәрежесіне жеткен. Ал 1994-жылы Бас Прокурордың орынбасары болып тағайындалған. Осы жұмыста 6 жыл істегесін, 2000-жылы ол Өзбекстан Бас Прокурорының орынтағына қол жеткізді. Бұл қызметтен Р.Қадыров араға 15 жыл салып, 2015-жылдың сәуір айында босатылған еді.

 

Сол кездері Р.Қадыровтың Өзбекстандағы ең бай адамдардың бірі, тіпті бірегейі екені туралы жиі айтылатын. Мысалы, Қадыровтың байлығы басқа кландардікін қосып есептегендегіден де асып түседі деседі. Р.Қадыров қаржыға шаққанда 1,5 миллиард долларға тең келетін түрлі активтерді иеленген деп айтылып жатты.

 

Кей деректерге қарағанда, Рашид Қадыров қызметтен кеткесін отбасымен Латвияға қоныс аударған. Мысалы, 2016-жылғы сәуір айында Сыбайлас жем­қорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу жөніндегі халықаралық орталықтың мамандары Қадыров отбасының Латвиядағы «Суниши» деп аталатын элиталық кентте хан сарайындай дербес екі үйде тұрып жатқанын, үйлердің бірі оның күйеу баласы Тимур Керимовтің, екіншісі өзінің ұлы, бүгінде 42 жастағы Әлішер Қадыровтың атына рәсімделгенін жаз­ған болатын.

 

Әлішер Қадыровтың Өзбекстанда қымбат киімдер сататын ірі дүкендер жүйесі, сондай-ақ денсаулық сақтау саласын та­уарлармен қамтамасыз ететін компаниясы болыпты. Оның мем­лекеттік тапсырыстар алуда нарықтан бәсекелестерінің бәрін ығыстырып шығарғаны туралы айтылады. (Кейбір дерек көздерінің жазуына қарағанда, Ә.Қадыров әкесі тұтқындалардан оншақты күн бұрын шетелге қашып үлгерген көрінеді).

 

Сол сияқты Р.Қадыровтың күйеу баласы Т.Керимовтің  «Өзбекстан әуе жолдары» мемлекеттік кәсіпорнының Еуропа бағытына өкілдік ету арқылы оған ықпалы жүргені, шетелдерге қыруар қаржы өткізуге жол ашқаны туралы да айтылып жатыр.

 

...Жалпы, қазір Өзбекстанда кезінде құқықтық саланы бас­қарған көптеген адамдардың істі болып жатқаны белгілі. Мысалы, таяуда ғана 2013 – 2017-жылдар аралығында Ішкі істер министрі болған генерал-лейтенант Адхам Ахмадбаевтың қамауға алынғаны белгілі. Оны ел Президенті Шавкат Мирзиёев: «сат­қындық жасады, министр бола тұра бір топқа қосылды», – деп айыптаған болатын.

 

Сондай-ақ Шавкат Мирзиёевтің былтырғы тамыз айында бол­ған бір жиында прокуратура қызметкерлерін «ең кәтта ұрылар» деп атағаны, бұл саланы сондайлардан тазарту жүріп жатқанын айтқаны жөнінде де жұрт біледі.

 

«Біз жаңа Бас Прокурор тағайындадық, прокуратура органдарын бұрынғы «қоқыстардан» 80 пайызға тазарттық. Дегенмен бұрынғы «ұрылар жүйесінен» әлі де 15 – 20 пайыз адам қалып тұр. Біз прокуратураны осындайлардан бәрібір де тазартамыз», – деген еді өзбек Президенті.

 

Жалпы, Ш.Мирзиёев билік басына келгелі Өзбекстанда мыңдаған адамдар лауазымымен қоштасты. Олардың қатарында күш құрылымдарының ғана емес, басқарушы, атқарушы органдардың басшылары да бар.

 

...Қысқасы, Өзбекстанда бұрын-соңды болмаған тазарту жүріп жатыр. Ондағы өзгерістер әлем жұртшылығының назарын аударуда.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ