Газдың басындағылар «Жаңа дәуірдің» адамдарын неге шулатып жатыр?

02.03.2018
Қаралды: 554

Бүгінде елімізде адам естісе сенгісіз оқиғалар да орын алуда. Сондай жайдың бірін жуырда бізге Сарыағаш ауданындағы «Жаңа дәуір» елді мекенінің тұрғыны Есенгелді Қалыбеков айтып берді, бұл жөнінде газетте жазуымызды сұрады.

 

«Біздің ауылға табиғи газ құбыры жүргізіліп, 29-қаңтардан газ беріле бас­таған болатын, – дейді Е.Қалыбеков. – Бірақ әр үйдің есік алдына дейін жеткізілген құбырға өз газ жү­йесін қаражаты барлар ғана қоса алды. Ақшасы болмай, газды жалғап ала алмай қалғандар жетерлік. Солардың арасында газға қосылуға рұқ­сатын алып қойғандар бар.

 

Жақында біздің ауыл тұрғындарына тұтынылған газ үшін төлемақы түбіртегі таратылды. Қызығы, газ жү­йесіне қосылмаған, тек қосылуға рұқсат алған  кейбір үйлерге де сондай түбіртектер жіберіліпті. Бұған ашын­ған тұрғындар көмек сұрап маған келді. Мен осы түбіртекті тарат­қан жігітпен сөйлессем, ол аталмыш мәселе жөнінде жоғарыдағы басшыларымен сөйлесуіміз керегін, өзінің міндеті тек түбіртек тарату екенін айтады. Сонда мұны қалай түсінуге болады? Үйінде сұйытылған газ баллонын пайдаланып отырғандар «Қаз­трансгазға» неге ақы төлеуі керек?»

Иә, расында да газ құбырына қо­сылмаған үйлерге ондай төлем тү­біртегі қалай келеді? Бұған сенбеген біз «Жаңа дәуір» елді мекеніне бардық. Ауыл биі Атахан Бакеевке жолықтық. Ол кісі бізді Шамшидин Алдабергенов деген тұрғынның үйіне ертіп барды. Расында да Шамшидин­нің үйіне кіргізілген құбыр ештеңеге жалғанбаған екен. Алайда оларға газ ақысына қатысты түбіртек әкелінген. Онда тұтынылған газ мөлшерінің 300 текше метр екені және сол үшін 10 мың 343 теңге ақы төлеуі қажеттігі жазылған.

 

Ол ол ма, Айдарбек Әмірбек деген азамат: «Зерип Бейсенбаева деген жеңешем қыс мезгілінде Алматыда болуды жөн санап, сол жаққа кеткен. Біраздан бері үйінде жоқ. Яғни ол газды түк те пайдаланбаған. Оның үйіне сонда да 300 текше метр үшін 10 мың 343 теңге төлеу жөнінде түбіртек келген», – деді.

 

Дәл осындай, 10 мың теңгеден аса төлемақы жазылған түбіртек Жаңылғаным Елемесованың, Есенгелді Қалыбековтің де үйлеріне барыпты. Төлемақысына 10 мың теңгеден аса қосылып жазылып келген Иманәлі Берембетов, Жұмағали Елемесов, Абатхан Бакеевтер бар. Ал Мунавар Садыковаға 6895 теңге төлемақы жазылған түбіртек келіпті. М.Садыкованың өзі бар-жоғы 21-ақ текше метр газ пайдаланған.

 

Осы жайттарға орай ауыл биі Абатхан Бакеев: «Бұл біздің көріп отырғандарымыз ғана. Ал ауылда газ құбырына қосылмаған қанша үйге түбіртек, қанша абонентке артығымен жазылған төлемақы барып жатқаны белгісіз. Елді мекенде жұмыс істемейтін адамдар көп. Сонда олар қыруар қаражатты қайдан тауып береді?» – дейді.

 

Біз осы мәселеге қатысты жауап беретін Келес өңіріндегі маманға жолыға алмадық. Дегенмен Шымкентке оралғасын әр абонентке тұтынған газ үшін ақысын есептеп шығаратын «РЦКУ» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің директоры Ербол Тайыровқа хабарластық.

 

«Әр тұрғынның өзінің газ есептегіш құралындағы көрсетілген текше метр ақысын төлей беруіне болады, – деді ол кісі біздің қойған сұрағымызға орай. – Артық төлем жөнінде «РЦКУ» меке­месіне хабарласса, мәселе оңай ше­шіледі. Ал газ қосылмаған үйге түбіртек баруы мүмкін емес».

 

Мекеме басшысы осылай дейді. Дегенмен  бұл жауап бізді қанағаттандыр­ған жоқ. Себебі  Шымкент қаласында да тұтынылған газ үшін төлемақының артығымен жазылып келіп жатқаны жөніндегі дау былтырдан бері туындап келеді. Осыған ұқсас мәселеге орай бұрын да жоғарыдағыдай жауап бе­рілген. «РЦКУ» кеңсесіне артық жазылған төлемақыны өшіру үшін бар­ғандар көп. Ал ол жерде туындаған мәселеге орай арыз жазуын талап етеді. Сонда бір жұмысты екі ету кімге керек? Төлемақыны артығымен жазу қашан тыйылады? Мұнымен қоймай, баллондағы сұйытылған газды қолданып отырған үйлерге пайдаланылмаған табиғи газ үшін өтемақы талап етілген түбіртек не үшін жіберіледі?

Осы жағы тіпті де түсініксіз болып тұр.

 

Сабыржан БАЙБОСЫНОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ