Міндетті медициналық сақтандырудың пайдасы қандай?

02.03.2018
Қаралды: 189

Бүгінде біз Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгілеген мін­деттерді атқаруға кірісудеміз. Медициналық сақтандыру қоры осы Жолдаудағы ең маңызды деген үш міндетке басымдық беріп отыр.

 

Оның біріншісі – ақпараттық жүйелер мен мобильді қосымшаларды дамыту арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін қамтамасыз ету. Былтыр қараша айында біз қордың мобильді қосымшасын іске қосқан болатынбыз. «МСҚ: Халықтық бақылау» деп аталатын бұл қосымша еліміздегі ауруханалар мен емханалардың қызметін бағалауға мүмкіндік береді. Қосымшаны ұялы телефонға жүктеп, кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде қызмет көрсететін емханалар мен стационарлардың жұмысына баға беруге болады. Онда дәрігер қабылдауына кіруге кеткен уақыт, көрсетілген қызмет сапасы, дәрігер берген емнің түсініктілігі сынды өлшемдер есепке алынады. Сонымен қатар, қосымшаны пайдаланушылар кез-келген медицина ұйымы жайлы пікірін еркін түрде жазып қалдыра алады. Алдағы уақытта осы пікірлер негізінде клиникалардың рейтингі жасалады. Ал бұл азаматтарға еліміздегі ең үздік деген емханалар мен клиникаларды таңдауға көмектеседі. «Халықтық бақылау» қосымшасын «Androіd» және «іOS» платформаларымен жұмыс істейтін телефондарға көшіріп алуға болады. Мобильді қосымша үнемі жаңартылып, толықтырылып отырмақ. Алдағы уақытта оған емханаға тіркелу, медициналық қызмет сапасын бағалау, медицина ұйымдарының қыз­метін ұйымдастыру, дәрігерге жазылу сынды функционалдарды қосу көзделіп отыр. 

 

Екіншісі – кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемін оңтайландыру. Жалпы, бұл құжат үкімет тарапынан бекітіледі. Біз өз ұсыныстары­мызды әзірлеп, оны өкілетті органға береміз. Бір сөзбен айтқанда, кепіл­дендірілген тегін медициналық көмек пакеті қайта қаралады деуге болады. Біздің міндетіміз – мемлекет үшін тиім­ділігі төмен әрі шығыны көп диспан­серлік жү­йеден бас тартып, оның орнына қа­шық­тықтан диагностика жасау және амбу­латорлық емдеу тәсілдерін пайдалану арқылы созылмалы сырқаттарды емдеу жүйесіне көшу. Алдағы екі жылда қор кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттеріне енетін медициналық қызметтерді іріктеумен айналыспақ. Іріктеу барысында медициналық қызметтерге деген сұраныс пен олардың тиімділігі міндетті түрде ес­керіледі.

 

Үшінші мәселе – стационарлық көмектен профилактикаға (аурудың алдын алуға) және өзге де қызмет түрлеріне көшу. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында қазіргі денсаулық сақтау жү­йесінің бағасы қымбат болып келетін стационарлық емге емес, аурудың алдын алуға ден қоюы керектігін қадап айтты. Себебі біздің елімізде науқастардың 70 пайызы дәрігерге ауруы әбден асқынғаннан кейін қаралады. Соның салдарынан азаматтардың шығыны мен мемлекет қалтасынан шығатын қаражат бірнеше есе артады. Біз болашақта стационарды алмастыратын қызмет түр­лерін көбейтуге, соған басымдық беруге күш саламыз. 2018-жылдан бастап ке­піл­дендірілген тегін медициналық кө­мекке бөлінетін қаражаттың 5 пайызы осы қызмет түрлеріне жұмсалатын болады. Сонымен қатар профилактикалық іс-шаралар ауқымын едәуір арттыру көз­деліп отыр.

 

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жайында. Президенттің биылғы Жолдауында халықты сапалы жұмыспен қамту және лайықты әлеуметтік қорғау жүйесін қалыптастыру проблемасы да айтылды. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл мәселені шешу үшін азаматтардың мүмкіндіктерін арттыру қажет. Сондай-ақ Елбасы өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеу процедураларын жеңілдету керектігін айт­ты. Яғни қолайлы жағдай жасалса азаматтар үшін мемлекет алдындағы міндеттерін қалтқысыз орындау тиімді болары сөзсіз.

 

Мемлекеттік органдар Президенттің өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты экономикаға жұмылдырып, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту туралы тапсырмасына сәйкес бірқатар іс-шараларды әзірледі. Атап айтсақ, заң актілерінде «өзін-өзі жұ­мыспен қамтыған» деген түсінікті нақ­тылау, өз күнін өзі көріп жүрген азаматтарды мемлекеттік табыс органдарында тіркеу тәртіптемесін же­ңілдету, олардан салық өндіру тәртібін ай­қындау, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыз азаматтарды тір­кейтін мекемелер қызметін толығымен цифрландыру, жергілікті атқару органдары мен орталық мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін бір-бірімен ықпалдастыру көзделген. Оған қоса, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға аз мөлшерде жарна төлеп, МӘМС пакетін толық пайдалануға мүмкіндік беріледі.

 

А. БЕДЕН,

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»

коммерциялықемесакционерлік қоғамының Оңтүстік Қазақстан

облысы бойыншафилиалының халықты ақпараттандыру

және өтініштерді қараужөніндегі бөлім жетекшісі.

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ