Кәсіпкерлікті тексерудің тәртібі бар

02.03.2018
Қаралды: 354

Кәсіпкерлік нысандарына қадағалау жұмыстарын жүргізетін мемлекеттік органдардың қызметі еліміздің заңдарында белгіленген шекте жариялы және ашық болуға тиіс екендігі Кәсіпкерлік Кодексінде  атап көрсетілген.  Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау Комитеті тарапынан да жеке кәсіпкерлік нысандарын қолдауда көптеген нормативтік-заңдылық құжаттарына өзгерістер енгізіліп, кәсіпкерлік нысандарына қолдаулар көрсетілуде.

 

Атап айтқанда, тексеру парақтары нысандар тобына сәйкес оңтайландырылып бірнеше есе қысқартылды, рұқсатнама құжаттарын алу тек эпидемиологиялық маңызды нысандар тобына ғана қатысты болып қалды. Ал эпидемиологиялық маңыздылығы елеусіз топтар жұмысын бастағандығы немесе тоқтатқандығы туралы хабарлама беру арқылы жұмыс жүргізе береді. Ерекше тәртіппен тексерілетін нысандар тобы да жылдан-жылға қысқартылуда. Атап айтқанда, өткен жылдың бірінші жартысында 1669 нысан тексеруге жоспарланса, биылғы жылы бірінші жартыжылдықта 970 нысан тексеруге енгізіліп, 42 пайызға азайған.

 

Тексерулерді тағайындау мемлекеттік бақылау және қадағалау органы әзірлеген тәуекел дәрежесін бағалау  негізінде жүзеге асырылады. Олар әр жарты жылда түзілетін тексерулердің кестесіне сәйкес ерекше тәртіппен жүргізілетін тексерулер және жоспардан тыс  тексерулер түрінде қамтылады.

 

Ерекше тәртіппен тексеру жүргізуде тексерілетін объектілер тәуекел дәрежесіне байланысты топтарға бөлінген. Тәуекел дәрежесі жоғары топтағы объек­тілерді тексеру  жарты жылда 1 реттен жиі болмайтын, ал тәуекел дәрежесі орташа топқа тексеру жылына 1 реттен жиі болмайтын  жиілікте  жүргізіледі. Осы тексерулерді  жүргізу мақсатында тексеру кестесі жасалынып, заңдылығы ҚР Бас Прокуратурасымен келісіліп, сайтқа ашық түрде жарияланып болғаннан кейін ғана тексеруге  болады. Барлық азаматтардың осы сайтқа кіріп, тексеру жоспарымен танысуына құқығы бар. Бұл бағытта  тексерулердің кешенді түрі  жүргізіледі.  Ал эпидемиялық маңыздылығы елеусіз топтарға ерекше тәртіппен тексерулер жүргізілмейді.

 

Ал  жоспардан тыс тексерулер объектіге байланыс­ты нақты фактілер мен мән-жайлар көрсетілген жеке және заңды тұлғалардан өтініштер (арыз-шағымдар) түскен жағдайда, аса қауіпті, зиянды организм ошақтары, инфекциялық, паразиттік аурулар тіркелген жағдайларда және бұрынғы тексерулерде берілген нұсқаманың орындалу мерзімі  бойынша тақырыптық мақсаттарда тексеріледі.

 

Тексеруді жүргізер алдында  бақылау және қадағалау органы тексеру жүргізудің мерзімдерін көрсете отырып, ерекше тәртіппен тексеру  басталғанға дейін кемінде күнтізбелік 30 күн бұрын тексерілетін субъектіге жазбаша түрде хабарлауға міндетті. Ал жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін ол басталғанға дейін кемінде бір тәулік бұрын хабарлауға міндетті. Бірақ жоспардан тыс тексеруге қауіпті эпидемиологиялық жағдай болғанда және заң бұзушылықтар жасалған кезде қажеттілігі болған жағдайларда, жұмыстан тыс уақытта (түнде, демалыс немесе мереке күндері) жүргізілуі мүмкін.

 

Мемлекеттік органдардың объектіге тексеру үшін келген лауазымды адамдары заңға сәйкес келесі талаптарды орындауы тиіс: құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі органда тіркелгені туралы белгі қойылған тексеруді тағайындау туралы актіні көрсетуі; қызметтік куәлігінің болуы; денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен бе­рілген объектілерге бару үшін қажет болатын медициналық рұқсаттамасы; тексерілуге жататын талаптардың тармақтары көрсетілген тексеру парағын көрсетуге міндетті.

 

Тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген лауазымды адамдар  ғана тексеру жүргізе алады. 

 

Егерде  жеке кәсіпкерлік нысандарын тексеруде туындап жатқан  келеңсіздіктер орын алған жағдайда облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінде Caall-орталық ашылған, сондай-ақ (8-7252) 21-02-97 телефонына хабарласып, мамандардан кеңес алуға болады.

 

Әбдіғали КЕМЕЛОВ, Оңтүстік Қазақстан

облысы қоғамдық денсаулықсақтау

департаментінің бөлім басшысы.

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ