Ауызды аққа жарытқан, қайран да менің сиырым...

01.03.2018
Қаралды: 323

Кейде біреуге қатты ренжісек, оны «мал» деп тілдеп жатамыз ғой. Сол дұрыс емес-ау. Себебі малдың ішінде тілі жоқ болса да бәрін түсінетін ақылдылары бар.

 

Шымкенттің іргесіндегі Шұбарсуға көшіп барғаннан кейін ауылда тұрып мал ұстамау күнә секілді көрінді маған. Содан алдымен лақты ешкі, кейін үш тоқты алдық. Тоқтыларымыз әбден семір­генде сатып, үстіне ақша қосып, 120 мың теңгеге бұзаулы сиыр алдық. Негізі оны күйеуім бір көргеннен-ақ ұнатпаған. Көтерем сиырды қайтпексің, одан гөрі тағы да ақша жинап келіп әжеп­теуірін алайық дегеніне қарамастан аламыз деп сиырдың жанынан кетпей қойған едім. Иесі де 4 литр сүт береді деп мақтай берді. Менің көңілімді жыққысы келмеді ме, күйеуім ақырында көнді. 

 

Маусым айы еді. Үйге келгесін сиыр­ға айналшықтап тағы қараған күйеуім: «Көкке тойынған мал көтерем болмайды. Мынаны қорадан шығармай, картон қағазбен баққан немесе бұл ауру», – деп тағы сөйледі күйгелектеніп. Елеген жоқпын. Сиырлы болғаныма мәзбін. 

 

Сиыр иесі төрт литр сүт береді деп алдапты, ол күніне екі-ақ литр сүт береді екен. Шілдеге қарай тіпті суалып қалды. Ешкіден де жаман болды ғой деп ойлап, күйеуімнің айтқанына көнбегеніме іштей өкіне бастадым. Семіртіп сатып, басқасын алайық десек, семірмек былай тұрсын, оңалмайды да.

 

Бірақ бұзауы жайнап тұр. Өзінің түсі ақ болғанымен бұзауын қара ала тұқымды сиырдың төлі десе сенеді.

 

Кешке өрістен қайтқанда сиырдың желінінен сүті тамшылап ағып келеді. Оны көргенде он литрлеп сүт беретіндей болып келе жатқанын қарашы деп күлеміз. Бірақ не болса да бала-шағам айран-сүт ішіп, аузы аққа жарып қалды. Сиырдың сүті аз болғанымен қою екен. Арық болса да келер жылы бұзаулап, көрші-қолаңды уыз көжеге шақырып, бір жырғап қалдық. Былтырғыдай емес, сүті де көбейді. Аптасына екі-үш рет күбі пісеміз. Құрт пен сары май да өзімізден шыға бастады. Дәмін айтсаңызшы! Оның жанында базардың құртының аты ғана құрт қой әшейін. 

 

Сонымен не керек, келер жылы ақ­панның аяғында әне-міне бұзаулайды деп отырған сиырымыз ауырып қалды. Күйеуім мал дәрігері ғой. Алғашқы күні-ақ мал болмайтынын, сойып алу керек­тігін айтқан. Мен көнбедім. Ішіндегі бұзауын аядым. «Қоя тұр, емдесеңші», – деп керек дәрілерін, вита­мин­дерін әкеліп беремін. Ол емдейді. Бірақ қанша емдесек те ақыр соңы орнынан тұра алмай қалды. Күйіс қайырмайды. Алдына қойған жем-шөпке тіпті қарамайды да.

 

Сиырды соямыз десе, қимай, қораға кіріп, тұршы деп сиырдың басынан сипап жылаймын. «Бала-шағамның аузын аққа жарытып, құрт-майыңды жегізген ақ әулием-ау, не боп қалды саған?» – деймін бордай езіліп. (Күйеуім мені мазақтап, әрі түсінің ақтығына қарап сиырды кейде солай атайтыны бар еді). «Зеңгі бабам қолдап, Құдайым өзің жар болып, ішіндегі бұзаудың несібесіне аман қалдыршы!» – деп, сиырымның басынан сипалай отырып көзіне қарасам, менің сөзімді түсінгендей, қимай отыр­ғанымды сезгендей, оның да жанарынан жас парлап ағып жатыр. Оны көріп одан әрмен езілдім. Ішіндегі бұзауы да тыпыршып, қимылдап жатыр еді.

 

Біраздан соң үйге кіріп: «Сиыр жылап жатыр», – десем: «Бұзауларын қимай жатыр ғой, – деді күйеуім. – Өлетінін сезіп жатыр-ау, жарықтық. Күндіз жарық түссін деп қораның есігін ашып қоямын ғой. Сыртта тұрған бұзауларына қарап, жылап жатады. Жаны қиналып кетті байғұстың. Ырсылдап, әзер тыныс алады кейде».

 

Іштегі бұзауын қимасам да жаны қиналмасын деп союға рұқсатымды бердім. Бір жағы арам қатырып, етін ит-құсқа жем қылғым келмеді. «Алғысы келгендер болса, тегін-ақ таратып жібер, мен оның етін жемеймін», – дедім. 

 

Ертесіне жұмыста отырғанымда күйе­уім қоңырау шалып, сиырдың сойылғанын хабарлады. Көрші-қолаң жиылып, өздері килосы 500 теңгеден болсын деп бағасын қойып, ақшасын мамыр айында береміз деп жіліктей бөлісіп әкетіпті. «Саған да оңай емес. Тым құрығанда орнына қой аласың ғой», – десіпті. «Мей­лі» дедім. Көңілім алақұйын. Сиырым сауығып кетеді деген үмітімнің ақталмағанына күйініп, жұмыста отырып тағы жы­лап алдым.

 

Дәрігер емес пе, күйеуім ауруының себебін анықтағысы келіп, сиырдың өкпе-бауыры мен ішек-қарнын тексеріп көріпті. Сөйтсе, өкпе-бауыры таза, ал ішек-қарны толы полиэтилен пакет дейді. Ішектеріне оралып тұрып қалған екен. 

 

Біз жақта пада жоқ. Сиырды шығарып жібереміз, өзі жайылып келетін. Сөйтсек, ол байғұс көшеден пакет теріп жеп келеді екен ғой. Оны білгенде қорадан шығармас едік-ау деп өкініп қалдық. 

 

Солай, өзі өлейін деп жатып мал екеш мал да төлін қимай жылайды. Ал кей адамдар сап-сау бола тұра шаранасын шырылдатып қоқысқа, әжетханаға тастап жүре береді. Адамнан мейір қашқанынан қорқынышты нәрсе жоқ шығар.

 

Г. СҰЛТАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ