Жақсылық жасау деген не?

01.03.2018
Қаралды: 249

«Кісіге жақсылық жасап көрдіңіздер ме?» – деп сұрады ол жанында отырғандар­ға қарап. «Жасап жүрген шығармыз», – деген дауыстар әр-әр жерден шықты. Бірақ ешкім де нақты, сеніммен айтқан жоқ. Шынын айтқанда, тосыннан қойылған сұраққа нақты жауап бере алмай, тосырқап қалдық. Отырғандардың бәрі де іштей кімге қашан қандай жақсылық жасағанын ойлап кеткені анық.

 

Бізден дені дұрыс жауап болмағасын әлгі кісі: «Жарайды. Жақсылық жасау дегенді қалай түсінеміз? Ол не өзі?» – деп сұрағын нақтылады. «Қиналған адамға көмектесу», – дедім бәрінен бұрын жауап бергеніме мәз болып. «Көмектесу басқа нәрсе. Екеуін шатастырма. Қиналғанға қол ұшын беру – ол сенің мін­детің», – дегенде «екілік» алған оқушыдай көңілім пәсейіп қалды.

 

Ана кісінің  отты жанары өңменімнен өтіп барады. Құдай-ау, жақсылық жасамақ тұрмақ, оның не екенін де білмейді екенбіз ғой деп ойлағаным сол екен, бүкіл өмірім зая кеткендей болып, көңілім құлазып сала берді. Бәріміз үндемей қалдық.

 

Әлгі кісі: «Мәселен, мен көзім көр­мейтін ғаріп жанмын дейік, – деді үнсіздікті бұзып. – Жол жиегінде одан өте алмай тұрмын. Не істейсіздер?» Біздің: «Өткізіп жібереміз», – дегенімізге ол: «Өткізіп жіберуге міндеттісіңдер. Оны жақсылық жасадық деп ойламаңдар», – деді.

 

Сонда жақсылық жасау деген не?

 

«Жарайды енді, қиналып кеттіңдер ғой. Сұрақты басқаша қояйыншы. Мамандықтарың қандай?» – деді ол кісі. «Дәрігер», – деп қалды арамыздағы біреу. «Дәрігер, алдыңа ауырып келген адамға не істейсің?» «Емдеймін». «Ол сенің міндетің емес пе?» «Иә». «Емдеу – дәрігерлік міндетің, қиналғанға көмектесу – адамдық борышың. Яғни ол да міндетің... Сонымен жақсылық деген не болды?»

 

Тағы да тосылдық. Үп-үлкен адам болсақ та ұсақ-түйек көрінген сұраққа жауап таба алмай қиналып кеткенімізді көрмейсіз бе? Тіпті ойлана да алмайтын болып қалғанымыз ба?

 

Осы кезде дәрігер: «Кісіге жылы сөйлеп, көңілін көтеру», – деп еді, ана кісі: «Әкелші қолды!» – деді жас балаша мәз болып.

 

Уһ-һ-һ! Сұрақтың жауабы табылды-ау әйтеуір. Үстімізден он тонна жүк түс­кендей бәріміз де бір пәсте жеңілдеп сала бердік.

 

Ағамыз әңгімесін ары қарай жалғады. «Кісінің көңілін тауып сөйлеу соншалықты қиын емес. Бірақ соның өзін жасамаймыз ғой біз. Реті келсе, бетін қайтарып, екінші рет сөйлемейтіндей етіп тастауға тырысамыз», – деді ол кісі.

 

Сөзінің жаны бар-ау деп ойладым. Өзгелерді былай қойғанда еркелей мойнымызға асылған балаларымызды да  итеріп тастаймыз ғой кейде. Бір ауыз жылы сөзімізді қимай, қанша жақындарымыздың көңілін жараладық екен? Өзімізден басқаны көрмейтін, естімейтін болып барамыз ба, қалай?

 

«Жақсы сөз – жарым ырыс», «Жылы сөз жан семіртеді» деген қазақтың ұрпағы емеспіз бе? Ендеше бір-бірімізге жақсы сөздерімізді арнап жүрейік.

Бәріңізге атқан таңмен мол табыс, зор қуаныш тіледім!

 

Г. ӘШІРБЕКОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ