«Көз тиюден» қорғану қиын емес

01.03.2018
Қаралды: 366

Кейде адам себепсіз ауырады немесе ісі алға баспай қиналады. Мұндайда көз тиді ме екен деп күмәнданып жататынымыз рас. Ал осы көзден сақтану үшін не істеу керек? «Көзі» бар адамды қалай тануға болады?

 

Кез-келген адамның, тіпті әлі тілі шықпаған кішкентай баланың да «көзі» болуы мүмкін дейді эзотериктер. Сыр бөлісетін жақын құрбыңның да, ағайын-туысыңның да таңырқаса, сүйсінсе көзі өтуі мүмкін. Оны адам әдейі жасамайды, тіпті көзі тигенін  байқамай да қалады. Біреуді мақтағанда, жақсы тілек тілегенде де көз өтетін жайлар кездеседі. Сондықтан кімнің көзі өткенін, жағымсыз әсердің қайдан келіп жатқанын ажырату қиын.

 

Эзотериктер «көзі» бар адамды тек ішкі түйсікпен сезуге болатынын айтады. Мысалы, біреудің ту сыртыңыздан қадала қарағанын және оның өзіңізге жайсыз тиіп жатқанын байқауыңыз мүмкін. Ондайда жаман ойға берілмей, керісінше,  ішкі күш-жігеріңізді жинап, оған қарсы бағыттағаныңыз жөн.

 

Мамандар көз тигенде адамда мынадай белгілер байқалатынын айтады: Көз тиген кісі өзін жайсыз сезінеді, көңіл-күйі болмайды, ұйқысы бұзылып, тамаққа тәбеті жоғалады. Басы ауырып немесе айналуы, жүрегі айнуы мүмкін. Сонымен қатар адамның бойында беймаза бір қорқыныш сезім пайда болады, қызығушылық, өмірге құштарлық жоғалады. Адамның бойын әлсіздік билейді, қимыл-қозғалысы баяулайды, күйзеліске түседі. Өзге адамдармен қарым-қатынасы бұзылып, ұрыс-керіс, түсініспеушілік болады.

 

Ал енді көзден қалай сақтануға болады? Көзден сақтану үшін киімге түйреуіш қадау керектігін жұрттың бәрі біледі.  Дегенмен көзден қорғануға түйреуіштің бәрі бірдей жарамды бола бермейтіні есіңізде болсын. Ол өз міндетін дұрыс атқаруы үшін бірқатар ережелерді есіңізде ұстаңыз.

 

Көзден қорғануға арналған түйреуішті жұма күні кешкісін сатып алу керек және оны киімнің көрінбейтін жағына, жағаның астына немесе киімнің ішкі өңіріне қадайды. Содан кейін оны күніге бақылап отырған дұрыс. Егер түйреуіштің ұшында қарайған дақтар пайда болса, оны дереу жаңасына ауыстырыңыз. Ал пайдаланылған түйреуішті тезірек жерге көміп тастаңыз.

 

Көз тигенді қалай қайтарады? Егер өзіңізге немесе сәбиіңізге көз тигенін байқасаңыз, уақыт өткізбестен салқын душ қабылдау керек. Оның жиырма минуттан кем болмауын қадағалаңыз. Су жағымсыз энергияны алып кетеді. Содан соң «Фатиха», «Фәлақ», «Нас», «Аятүл күрсі» сүрелерін оқуға немесе мешітке барып ғибадат жасауға болады.

 

Егер бір адамның өзіңізге тесіле қарағанын және оның көзқарасы өзіңізге жайсыз әсер еткенін байқасаңыз, екі қасыңыздың ортасынан күшті сәуле тарап, ол энергиясы жағымсыз адамның бетіне түсіп жатқанын көз алдыңызға елестетіңіз. Көп ұзамай­ ішкі энергияңыздың көбейгенін өзіңіз де байқайсыз. Бірақ бұл жаттығуды көп жасауға болмайды. Олай етсеңіз, өзіңіздің көзіңіз біреуге тиіп кетуі мүмкін.

 

 С. ИКРАМҚЫЗЫ.

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ