Көршінің қызынан да кереметсіз...

27.02.2018
Қаралды: 387

Бізде өзімізге деген сенімділік жетіспейді. Бізді сенімділік деген қасиеттен сәби кезімізден айырып тастаған. Мәселен, менің замандастарымның бәріне мәлім бір сөз бар: «Анау көршінің қызын көрдің бе?» деген. Неге екені белгісіз, шешемізге көршінің қызы өз қызынан ақылды, әдемі, тәртіпті көрінетін. Тіпті жер бетіндегі барлық жақсы қасиеттер көршінің қызынан табылатын. 

 

Содан да болар, біз өзі­мізді әлі күнге дейін көр­шімізбен салыстырамыз. Ол сенен әлдеқайда мықты, пы­сық, сымбатты көрініп тұрады. Өзімізді төмен бағалаймыз. Өзімізге деген сенімділікті жоғалтамыз. Ал ол жоғалған жерде армандар қол жетпес сағымға айналады, мақсаттар орындалмаған күйі қала бе­реді. Қазақ әйелдерінің көбі бақытсыз болатын себебі де осы – бала күннен бергі орын­­­далмаған арманның құ­ша­­ғынан шыға алмайды. 

 

Өзіңізге деген сенімділікті арттырамын десеңіз, өзіңізді өзгемен салыстырмаңыз. Өзі­ңізді өзіңізбен, кешегі күні­ңізбен салыстырыңыз. Кеше­гіден бүгін жақсы екеніңізге қуаныңыз, ертең бұдан да жақсы боламын деп ойлаңыз. Солай болу үшін мақсат қо­йыңыз. Мақсатқа жету үшін ізденіңіз, жан-жақты жетіліңіз. Көршінің қызының образын өміріңізден сызып тастаңыз.

 

Неге оқыған, мықты бір мекемеде жұмыс істейтін ақылды қыздардың отбасылық өмірде жолы болмайды? Сырт көз оларды неге «оқығандығы қане, бір күйеуіне әлі келмеді, ажырасып кетті ақыры» деп жазғырып жатады?

 

Біріншіден, ешбір оқу ор­ны мамандыққа қосып, жақсы әйел, әдепті келін, аяулы ана болуды үйретпейді. Оны үйрететін – отбасы институты. Бірақ ол институт бізде қазір «жабылып» қалған. Немесе олар керісінше тәрбие беріп жатыр.

 

Екіншіден, жұмыста же­тістікке жететін адам ке­шікпей келеді, тапсырмаларды уа­қытында орындайды, әріптес­терімен белгілі бір дәрежеде сыйластық формасында қа­рым-қатынас жасайды. Ондай қыздар отбасында да солай жүреді, бел­гілі тәртіптің ая­сында. Сыйластық қарым-қатынас, қа­жет­тіліктерді ғана өтеу, тағы бас­қа – бағынышты мен бас­тық ролінен шыға алмайды. Әйелге тән нәзіктік жоғалады.

 

Оқыған-тоқыған, білімді әйелсіз, бірақ шаңырақ шаттығын көрмесеңіз, қызметтік образдан шығыңыз. Үйде нәзік, қажет болса, әлсіз әйел қалпыңызға түсуден ұялмаңыз, қорықпаңыз. Ер-азаматыңызға оның мықты екенін көрсетуге мүмкіндік беріңіз. Конфликт кезінде жиі айтыла­тын «сенсіз өлмеймін», «сен­сіз де күн көремін», «далада қалмаймын» деген сөздерді мүлдем өшіріңіз. Отбасы – күнкөріс көзі емес, ол сіздің шағын отаныңыз.

 

АСЫЛЗАТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ