Аралас некені қауіпсіз деп айта алмаймын

27.02.2018
Қаралды: 447

Соңғы кездері кей қазақ қыздарының өзге ұлт, өзге дін өкілдеріне, әсіресе қытайларға тұрмысқа шығып жатқаны туралы жиі айтыла бастады. Біреулер оған аса мән бермей, онда тұрған не бар десе, біреулер одан мемлекетке қауіп төнеді деп дабыл көтеруде.

 

Осы орайда менің есіме мынадай жағдай түсіп отыр. Осыдан оншақты жыл бұрын  Марат деген жігіт жәрдемдесуімді сұрап мені өзі жылу жүйесін жөндеп жатқан жекеменшік бір үйге ертіп барған еді. Сонда бізді сымбатты жас әйел күтіп алып, жұ­мыс­қа кіріспес бұрын шай берді. Сол кезде байқадым, бөлмедегі біраз тұстарға Құран аяттарын іліп қойған екен.

 

Ал түс кезінде ұзын бойлы орыс жігіті келіп, жұмысымызды тексеріп, үйге кіріп кетті. Түскі асты сол жігітпен отырып іштік. Әйел ет асқан екен. Құран оқуымызды өтінді. Сосын мен құран оқыдым. Ал бата беріп, бет сипағанымызда орыс жігіт қимылсыз отырды. Шай ішіп болған соң ол: «Мен кеттім, сіздер жұмысты жалғастыра беріңіздер», – деп орнынан тұрып, сыртқа шығып кетті. Сонда Мараттан: «Бұл жігіт кім болды? Шамасы осы үйдің жанашыр жақын жолдастарының бірі-ау?» – деп сұрағанымда, ол: «Осы үйдің отағасы, ал анау қазақ келіншек мұның әйелі», – деді.

 

Бесін ауа мектептен шикілсары, көздері қысық, жастары  11 – 12-дегі ұл мен қыз кірді. Олар сөмкелерін шеше салып, анасын екі жағынан құшақтады. Бірақ екеуі де орыс тілінде сөйледі. Аналары да оларға орыс тілінде жауап қатты.

 

«Бұл әйел орыс жігітіне жастық албырт сезіммен тұрмысқа шыққан-ау, – деп ойладым сонда. – Енді ажырасып кете алмайды. Өйткені араларында бала бар. Кеш болса да есін жиып, мұсыл­мангер­шілікке бет бұрған сияқты. Ал күйеуі бас­қа діннен, тіпті дәм қайыруды, бет сипау­ды да білмейді. Бұлардың кейінгі жағдайлары қалай болар екен?»

 

Жалпы, өз басым діні мен ділі бөлек ұлт өкіліне тұрмысқа шығу мен олардан келін түсірудің ұрпаққа тигізер зияны көп-ау деп ойлаймын. Өйткені осындай аралас некеден пайда болған ұрпақтың көбі ата-баба салты мен дәстүрін, жөн-жорал­ғысын ұстана бермейді.

 

Ілгеріде Жамбыл облысының Жаңатас қаласы маңындағы ауылда бір танысым тұрған. Әйелі татар ұлтынан болатын. Солардың бір ұлдары неміс қызына үйленді, бір қызы әзірбайжан жігі­тімен көңіл жарастырып, қазір сол елде тұрып жатыр. Ал Ташкентте оқыған бір қызы  сауда-саттық жұмыстарымен келіп-кетіп жүрген пәкстандық азаматқа тұрмыс­қа шықты. Екі балалы, олар да өздеріне түк қатысы жоқ орыс тілінде сөйлейді.

 

Міне, осындай аралас некеден туыл­ғандардан тегің кім деп сұраудың өзі қиын. Тіпті солардың көбісі қазақпен шатысым бар деп айтуға арланатын шығар.

 

Сонда аралас некеден туылғандардан пайда қайсы? Ал  зияны көп-ау.

 

Осы орайда мына бір мысалды айта кетейін. Түбі эпиоп мұсылманынан шыққан Юсиптің (орысша – Осип) баласы, орыс генералы Ганнибалдың басқаруындағы армия тү­ріктердің Измайл қамалын тас-тал­қанын шығарып, басқа діндегі орыс үстемдігін паш етіпті. Генерал Ганни­балдың шешесі неміс болған. Аңғарасыз ба, аралас некеден туылғандар қай жақ үстем болса, солай қарай икемделетін сияқты. Тарихтан мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

 

...Жалпы, аралас некеден туыл­ғандардың ұлтқа тигізер пайдасы мен зияны жөнінде ғалымдар, зерттеу­шілер айта жатар. Мен тек өмірде көрген, көңілге түйгендерімді ортаға салып отырмын. Жұрт та, әсіресе қа­зақтың қыздары бұл мәселеде те­реңірек ойланса екен деймін.

 

Қуаныш НҰРМАШҰЛЫ.

Шымкент қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ