«Ғажайып қоржын» есіңізде ме?

02.03.2018
Қаралды: 477

Әріптесіміз Сенбек Құттыбайұлы «дөңгелек датаға» толды

 

Уақыт аққан жұлдыздай тез өтеді дегенді жиі айтатынымыз бар. Бұл уақыттың мәнді, құнды әрі қасиетті ұғым екенін айғақтаса керек. Бүгінгі кейіпкеріміз – Оңтүстік өңіріне белгілі журналист Сенбек Ералы уақыттың өзіндік өрнегі жайлы ой айтады. Жүріп өткен ізін ой елегінен өткізіп, жастық шағы мен ғұмырының қызықты шақтарын еске алады.

 

60 деген – қызық жас

 

– Сенбек Құттыбайұлы, алдымен өзіңізді 60 жасқа толған мерейлі мерекеңізбен құт­тықтаймыз! Алпыс деген қандай екен, аға?

 

– Рахмет! Алпыс деген өте қызық жас екен. Қазақта «Алпыс – тал түс» деген сөз бар ғой. Сол рас-ау. Бұрындары, бала күнімізде 60-қа келген ағаларымыз бізге үлкен, қарта­йып қалғандай көрінетін. Аяқтарына мәсі киіп, сақал қойып, ел ағасы екенін мойындап, өзін салиқалы, сабырлы қалыпта ұстайтын. Сөйтсек, 60 дегенің мынау тұрған жер екен. Қазіргі алпысқа келген кісілер заманына қарай киінеді, бұрынғыдай ауыр бейнет жоқ. Сосын өздерін жас сезінсе керек. Ал енді біз секілді шығармашылық адамдарының жүрегі онсыз да қартаймайды. Кім біледі, бәлкім 70 – 80-ге келгенде де өзімізді жас сезінетін шығармыз. Құдай сол күндерге жеткізе берсін дейміз.

 

– Сонау студенттік кезі­ңізді, облыстық телеарнаға кел­ген шағыңызды айта отырсаңыз...

 

– Мен қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түспес бұрын Германияда әскери борышымды өтедім. Одан келгесін дайындық курсында оқыдық. Содан кейін ғана университетке қабылданып, телерадио кафедрасында білім алдым. Намазалы Омашев, Темірбек Қожекеев, Зейнолла Қабдолов, Тауман Амандосов сынды кісілердің тәлім-тәр­биесін алдық, жақсы журналист болудың қыр-сырын үйрендік. Сосын бізді сол кездегі облыстық телерадио комитетінде, қазіргі «Оңтүстік» арнасында іс-тәжірибеден өтуге жіберді. Бұ­рынырақта бұл мекеме телеарна ретінде жұмыс істеген, бірақ сол жетпісінші жылдары жабылып, тек радио хабарларын таратумен шекте­летін. Міне, осы жерге мен 1985-жылдың сәуір айында редактор қызметіне қа­былданып, бірнеше жыл спорт комментаторы болып жұмыс іс­те­дім. Сол жылдары Қарақозы Әбдәлиев атындағы халықаралық бокс турнирлерінен, сосын кикбоксингтен өткізілетін халық­аралық дәрежедегі додалардан тікелей эфирде комментаторлық ете­тінмін. Қазіргідей техника, жағ­­дай жоқ, соған қарамастан тырысып бағушы едік. Бір сөз­бен айтқанда, жоқтан барды жасаппыз ғой.

1987-жылы Байдулла Қо­нысбек ағамыз облыстық телерадио комитетіне басшы болып келді. Араға үш жыл салып баяғы жабылып қалған телеарнаны қайта іске қостық. Арнада санаулы ғана адамбыз: мен, Шахаризада Дәнеева, Ілияс Байларов, Қожабек Жақсыбаев, Насыр Әуезов. Осы кісілермен жұмыла кірісіп, арнаны аяққа тұрғыздық десек болады.

 

«Ғажайып қоржынды» қайта жаңғырту ойда бар

 

– Сол жылдары сіздің «Ғажайып қоржын» дейтін танымдық бағдарламаны жүр­гізгеніңіз ел есінде болар...

 

– Иә, «Ғажайып қоржын» 1991-жылдан эфирге шыға бас­тады. Оған сол кездегі облыстық партия комитетінің хатшысы Алдановтың сөзі себеп болды. Бірде ол кісі Байекеңді кабинетіне шақырып алып: «Ба­й­еке, әйгілі «Поле чудес» дейтін бағдарламаны білесіз. Біз неге осы бағдарламаның қазақша нұсқасын жасамаймыз? Ұлттық салт-дәстүрді, тілді, әдебиет пен мәдениетті насихаттайтын танымдық бағдарлама ұсынсаңдар қайтеді?» – деп ұсыныс білдірген екен. Бай-ағамыз мұны алдымен маған айтты. «Сенбек, керемет бағдарлама жасаймыз. Оған арнайы қаржы қарастырылып жатыр. Соның жүргі­зу­шісі сен боласың», – деп тапсырма берді. Содан не керек, Байекең екеу­міз жобасын жасадық. Алдымен шеңбермен ойнататын болдық, «Ғажайып шеңбер» деп атадық. Кейін асық пен қоржынға тоқтадық та, атын «Ғажайып қоржын» деп атадық. Осылайша жұмыс басталып кетті, бағдарламаның жүлде қорына 50 мың рубль бөлінді. Ол кезде бұл ақшаның құны бар еді. Енді ғана сатылымға шыққан түрлі-түсті теледидар дейсіз бе, велосипед дейсіз бе, небір сыйлықтарды алып, қарапайым халықтың ыс­тық ықыласына бөленгенбіз.

 

Сол кездері Байекең: «Сенбек, қара да тұр, осы бағдарламаның арқасында сен танымал боласың», – деп еді. Шынында да айтқаны айдай келді, көріпкелдігі бар екен. Қай жерге барсам да, тіпті көшеде, автобуста отырсам да бәрі маған «Ғажайып қоржын» деп шын көңілмен риза болып қарайтын. Атымды емес, бағдарламамды айтатын адамдар көбейді. Жо­ра-жолдастарымыз да мені «Ға­жа­йып қоржын» деп шақыратын болды. Бұған кейде ренжи­тінмін, атымды айтсаңдаршы деп. Бірақ журналист үшін өзінің бағ­дарламасының танымал бол­ғаны бір бақыт қой.

 

Айтпақшы, одан кейін телеарна «ОҚТ», сосын «ШТВ» болып екіге бөлінді. Мен сол «ШТВ»-ның бөлім басшысы болдым. Тәулігіне 12 – 13 сағат эфирге шығамыз. Көрермендерге «Көңілашар» деген бағдарлама ұсындық. Сол кездері спорт комментаторымын, «Ғажа­йып қоржынның», «ШТВ»-ның тірлігі бар, аудан-ауданды аралаймыз. Қазір ойлап қарасам, сол кездегі күш-қуатыма өзім таңқаламын. Жауын-шашын де­медік, күндіз бе, түн бе, еле­медік. Шауып-шапқылап тірлік істеген екенбіз.

 

Кейіннен телеарнаның Түл­кібас, Төлеби, Сайрам аудандарындағы меншікті тілшісі болып кеттім де, біраз жыл тұрақтап қалдым. Сол аралықта Сайрам ауданының «Сайрам ақшамы» дейтін арнасы ашылатын болды да, сол кездегі аудан әкімі Қуаныш Айтахановтың ұсынысымен «Сайрам ақшамының» ашылуына көп көмек­тестім. Ол кезде ауданда журналист мамандығын бітірген кісі­лер жоқ, мектеп­тің мұғалімдерін оқытып, да­йындап, диктор етіп шығардық. Міне, осылай! Ол да бір дәурен екен ғой...

 

– «Ғажайып қоржын» бағдарламасын қайта эфирге шығару жоспарыңызда бар ма?

 

– Соны маған көп адам айтып жүр. Талай адам: «Кезінде «Ғажайып қоржынға қатысып, жүлдегер атанып едім», – деп кездескен жерде пікірін айтып жатады. Таяуда бір кәсіпкер жігіт: «Аға, қаражат жағынан жәрдем берейін, сол бағдарламаны қайтадан жаңғыртсаңыз қайтеді?» – деп ұсыныс білдірді. Енді алдағы күнді Алла біледі. Бұны телеарнаның басшыларымен ақылдаса отырып шешу керек.

 

Әркімнің бейімі келетін салаға барғаны дұрыс

 

– Ал енді отбасыңыз, тұрмыс-тіршілігіңіз жөнінде айтып берсеңіз. Келін түсіріп, немере сүйген боларсыз?

 

– Аллаға шүкір, келінді тү­сірдік. Ұлдан екі немерем, қыздан екі жиен немереміз бар. Бұйыртса, таяу күндері бесін­шісін қолға аламыз деген үміт­теміз.

 

Бәйбішем Несіпкүл медицина саласының қызметкері, көп жылдық тәжірибесі бар. Үлкен қызым Арайлым өзім оқыған ҚазМҰУ-ді биотехнология мамандығы бойынша бітірген. Қа­зір Астана қаласында тұрады. Ұлым Нұркеннің мамандығы – заңгер. Қазір ішкі істер саласында еңбек етіп жүр. Кенже қызым Аяжан М.Әуезов атындағы университеттің өнер фа­куль­тетінде білім алуда. Бұйырт­са, биыл бітіреді. Өзінің биге икемі бар, сабақтан тыс уақытта хореограф болып жұмыс іс­тейді. Би топтарын құрып, оларды байқауларға қатыстырып, жүлдегер атанып жүрген жайы бар.

 

Кезінде осы кенжеміз 115 балл жинап, мамандық таңдарда: «Мен өнер саласын таңдаймын. Қалауым – осы», – деген. Оған анасы: «Осынша балл жинағасын дәрігерлікке түспедің бе?» – деп  аздап ренжіп еді. Қазір, шүкір, өзі ұнатқан салада еңбек етіп жүр. Іштей қуанып отырамын.

 

– Жалпы, осы мамандық таңдауда ата-ананың ықпалы ерекше ғой. Балаларыңызға мына саланы таңдайсың деп бұйрық берген кезіңіз болды ма?

 

– Балаларымның ешқайсысына мынадай салада оқы деп бұйырмағанмын. Бәрін өздері таң­дады, өздері оқыды. Енді соның жемісін жеп жүр. Негізі балаға мамандық таңдауда қы­сым жасаған дұрыс емес деп есептеймін. Себебі өзінің ынта-ықыласы болмаса ол адам бә­рібір ертеңгі күні алған дипломының нанын жемейді. Кімнің неге бейімі бар, сол салаға бағыттаған жөн.

 

– Биыл «Қазақстан» телерадиокорпорациясы 60 жылдығын тойлағалы жатыр. Телеарна сізбен түйдей құрдас екен. Осы ретте сіздің ұзақ жылғы еңбегіңіз, әлі де сонда қызмет етіп жатқаныңыз ескеріліп, қандай да бір сый-құрмет жасалды ма?

 

– Жаңа телеарнаның үш ау­дандағы меншікті тілші болдым деп айтып едім ғой. Қайбір күні Түлкібас ауданынан бір кісілер хабарласып: «Сізге ауданның Құрметті азаматы атағын бер­мек­шіміз», – деп қуантып қойды. Бұл да болса еңбектің еленгені болар, ескергендеріне көп рахмет айт­қым келеді. Сонау 1985 – 1986-жылдары корпорацияның екі рет Құрмет грамотасын ал­ғанмын. Былтыр да осындай грамота табыс етілді. Қарауылбек Қазиев атындағы арнайы жүлдені иеленгенмін. Облыс әкі­мінен, мәслихаттан да бірнеше мәрте Мақтау қағаздарын ал­дық. Ал енді өздеріңіз айтқандай «Қазақстан» телерадиокорпорациясының мерейтойында еңбегіміз ескеріліп, жатса, жоқ демеспіз...

 

– Жаңа өзіңіз телеарна аштық, жоқтан бар жасадық деп отырсыз. Телеарнадағы ұзақ жылғы тәжірибеңізді ескере келе қазіргі бағдарламаларға, оның сапасы мен мән-мағынасына қатысты пікірі­ңізді білсек.

 

– Жасыратын несі бар, қазір арзан әзіл, жеңіл әңгімеге құ­рыл­ған шоулар көбейіп кетті. Бұрынғыдай ұлтымызды ұлықтайтын, салтымыз бен дәстүрі­мізді, тілімізді, дінімізді дәріптей­тін дүние жоқтың қасы. Қай арнаны қоссаң да әншілердің өмі­рі, әншілердің киімі жөнінде әң­гіме айтылады. Халық одан жа­лықты деп ойлаймын. Бізге рухани азық берер, әдебиетпен, мәдениетпен сусындатар танымдық бағдарламалар ауадай қажет боп тұр.

– Сенбек Құттыбайұлы, әңгімеңізге көп рахмет. Жүз жасаңыз, бала-шағаңыздың қызығын көріңіз!

 

Сұхбаттасқан – Сұхбаттасқан – С. КЕНЖАЛИЕВА.

Сенбек Ералының байланыс телефоны: 8-701-649-09-58.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ