Шымкенттік кәсіпкер малта жасап шығаруда

01.03.2018
Қаралды: 713

Ол көптеген ауру түрлеріне ем екен

 

Ертеректе қазақтардың малта дейтін шөл қандыратын сусыны болған. Құртты езіп жасайтын бұл сусын өте кәделі әрі сүйкімді ас саналады. Оны жолаушылар көбіне ұзақ сапарға шыққанда алып шыққан. Өйткені малта бір жағынан ашыққан адамның өзегін талдырмаса, екіншіден шөлдеген кісіге сусын болған.

 

Бірақ соңғы кездері бұл сусынды әзірлеушілер де, оны ішетіндер де сиреп кетіп еді. Осы олқылықтың орнын шымкенттік кәсіпкер Нұрлан Құлымбетов толтырмақшы.

 

«Малта» деп аталатын ұлттық сусын шығарып, оны еліміздің әр өңіріне жөнелтіп отырған жас жігіттің ісіне біз іштей риза болдық. Себебі қазір ұлттық салт-дәстүрімізді, ас-ауқатымызды дәріп­тегеннен гөрі өзге ұлттың асханасынан нәпақа табатындар көбейген.

 

Нұрлан Махамбетәліұлы – Отырар ауданының тумасы. Бірақ мектепті ке­зінде Төлеби ауданына қарасты болған Тоғыс ауылында бітіреді. Сосын М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемле­кеттік университетінде білім алады.

 

«Үшінші курста оқып жүргенде «СD» диск сатумен айналыстым, – дейді Н.Құлымбетов. – Ол кезде мұндай диск қаланың екі-ақ жерінде сатылатын. Үшіншісі болып мен бастадым. Осылайша арада біраз жыл өткесін «Нұр» деп аталатын компания аштым. Дүкендерге та­уар жеткізіп беруші едік. Қарамағымда 20-дан астам адам жұмыс істеді. Бірақ 2008-жылы елді жаппай дағдарыс жайлады да, біз банкрот болдық. Компания жабылып, адамдар тарап кетті. Ал мен Алматы қаласына қоныс аударып, сауда-саттыққа ден қойдым. 2013-жылы Шымкентке қайта келіп, «Эппл Син» деп аталатын компания ашып, интеллектуалдық жобалар жасауды қолға алдық. Еліміздегі  бірнеше министрлікке ақпараттық бағдарламалар жасадық. Компаниямызды біраз жұрт таныды. Үлкен кісілермен аралас-құралас болдық.

Осы жасыма дейін азды-көпті біраз тірліктің басын шалдым ғой. Дегенмен үнемі  өзіміздің ұлттық тағамдарымызды ұсынатын мейрамхана ашсам деген ойда жүретінмін. Себебі қазір, өздеріңіз білесіздер, шеттен келген қонақтарға ұлттық ас-ауқатымызды ұсынатын жоғары деңгейдегі кафе-ресторан жоқ. Есесіне кәрістердің асханасы, итальяндық пицца пісіретін кафелер қаптап кеткен.  Ал ол сол елден келген меймандарға мүлдем қызық емес, әрі оның өз еліндегідей дәмді шықпайтынын біледі. Міне, осы нәрселерді ескеріп, жақсы бір мейрамхана ашсам деп жүргенде бі­реулер алдымды орап, жобамды ұрлап кетті. Содан кішкентайымнан бірге өскен досым Ербол Төлегеновпен ақылдаса келе малта шығарамыз деп шештік. Ол да ұлттық сусын. «Бала күнімде әжем маған малта дайындап беруші еді. Оның дәмі ештеңемен салыстыруға келмейді. Бал татиды», – деп қызықтырып қойғасын үйде өзіміз әзірлеп көрдік. Ұрттай бастағаннан-ақ малта істеп сатамыз деп шешім қабылдап қойдым. Осылайша Ерекеңмен бірге бизнесті бастап кеттік».

 

Кейбіреулер «Малтаны» дүкендерде сатылып жатқан «Тандем» сусынымен салыстыруы мүмкін. Алайда ешбір сусын «Малтамен» салыстыруға келмейді. Құрамы да, дәмі де ерекше. Тек езілген құрт, тазартылған су, йодталған теңіз тұзы қосылады деп жазылғанымен бар құпия сыр оны әзірлеуде жатқаны белгілі. Ал оны Нұрекеңнің жасырын ұстайтыны анық.

«Біздің «Малтамыздың» құрамы оның адам ағзасына пайдасын анықтау үшін арнайы зертханада сынамадан өтті. 100 пайыз табиғи, ешбір химикат қосылмағандығы әрі бірнеше ауруға ем болатыны анықталды. Атап айтсақ, асқазан жарасын емдейді, сосын тамақ ішкесін асқазаны қыжылдайтын кісілерге таптырмас сусын. Жол көтере алмайтын, көлікке мінсе жүрегі айнитын кісілер ішсе, жақсы. Сосын бала көтере алмай жүрген әйелдерге күш-қуат береді. Ал ең бастысы, балаларға нағыз кальцийдің қайнар көзі. Шаштың, тістің дұрыс өсуіне, сүйектерінің тез қатаюына септігін тигі­зеді. Қысқасы, еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін шектеусіз іше беруіне болады», – дейді Нұрлан Махам­бетәлі­ұлы.

 

...Сталиндік репрессияның кезінде жалған жаламен сотталған жандардың әйелдері қазақ жеріндегі «АЛЖИР» лагерінде жазасын өтеп, қақаған қыста Жалаңаш өзенінің бойында барак салу жұмысына жегілгені белгілі. Сонда аш­құрсақ әйелдерге жергілікті қазақтар құрт лақтырып, жанашырлық танытқаны тарихта ап-анық жазылған. Міне, осы құр­тымыз енді сонау Германияда аса үлкен сұранысқа ие екен. Соны ескере келе Нұрлан мен оның әріптесі Германияға құрт тасымалдау ісін қолға алмақшы.

 

Ұлттық болмысты бойына сіңіріп, ұлттық асымызды дәріптеп жүрген жігіт­тердің ісі өрлей берсін деп тілейік. Сонымен бірге өзіміз де отандық, табиғи өнімді тұтынып, кәсіпкерлерге қолдау білдірейік, ағайын!

 

С. ИКРАМҚЫЗЫ.

Нұрлан Құлымбетовтің байланыс телефоны: 8-700-300-30-09.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ