Жүзімдіктен шыққандардың жүзі жарық

26.02.2018
Қаралды: 283

Бәйдібек ауданының тумасы, Қазақстанның Құрметті журналисі Серікбай Тұржан 70 жасқа толып отыр. Ертеректе Қытайдың абыз ақылманы Конфуций: «Адамның пейілі қандай болса, өмірі де сондай болады» деген екен. Мына тіршілікте адамның әрбір ісі, шыққан биігі әуелі ниетінен, сосын алға қойған мақсатынан басталатыны түсінікті. Осы шын ниет нақты іске ұласса, онда ол адамның соңынан жақсы сөз ереді. Серікбай Дәулетбайұлының өмірін алып қарасақ, осы сөзімізге дәлел табарымыз сөзсіз.

 

 

Серікбай Тұржан Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданындағы Жүзімдік ауылында дүниеге келген. Сегізжылдық мектепті жеті жыл оқығасын Кентаудағы Ы.Алтынсарин орта мекте­бінде білім алады. Сосын біраз жыл есепші,  мұғалім, кейіннен Жамбыл атындағы совхоздың комсомол комитетінде хатшы болып істеген.

 

Серікбай Дәулетбайұлы бала күннен «Балдыр­ған», «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас» сияқты газет-журналдарға қысқа хабарлары, кейін аудандық «Алғабас», облыс­тық «Оңтүстік Қазақстан», республикалық «Социа­листік Қазақстан» газеттерінде ауыл өміріне байланысты хабарлары, проблемалық мақалалары жиі жарияланып тұратын.

 

Журналистік жұмыстың алғашқы сатысын ау­дандық «Алғабас» газетінде корректор болып бастаған Секең кейіннен әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары болып еңбек етті. Сосын 17 жыл бойы «Алғабас» газетінің редакторы қыз­ме­тінде болды.

 

Серікбай Дәулетбайұлы облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің Бәйдібек ауданы бойынша меншікті тілшісі болған тұста да елді ауданның тыныс-тіршілігінен хабардар етуден ерінбеді. Тек «Оңтүстік Қазақстан» газетіне ғана емес, республикалық «Егемен Қазақстан», «Ана тілі» сынды басылымдарда да тілге, ұлтқа қатысты өткір мақалалары жарияланып тұрды. Ол кісі сондай-ақ «Өмір – шындық» деп аталатын кітаптың авторы.

 

Жетпіске келсе де жазудан жалықпаған Серік­бай Тұржан бүгінде «Оңтүстік ұстаздары» және «Зейнеткер тынысы» деп аталатын қос басылым редакторының орынбасары болып қызмет атқаруда.

 

Серікбай Тұржан бірнеше мәрте аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланған. Аудандық, облыстық партия комитеттерінің, облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен марапатталған. «Қазақстан Республикасының Конституциясына – 10 жыл», «Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» мерекелік медальдерін иеленді. Өзі туып-өскен Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы атанды.

 

...Өмір – өзен, уақыт – зымыран. Кеше ғана шыбық мініп, шауып жүрген жеткіншек бүгін міне, 70 жасқа толып отыр. Қазір қаламгер нағыз кемеліне келген шағында. Бергенінен берері көп әлі. Шығармашылық ләззаттан бөлек, отбасылық бақытты да бір кісідей басынан өткеруде. Өнегелі өмір жолында Құдай қосқан қосағы Күнқияш апамен бала-шағаны тәрбиелеп өсіріп, енді немере-шөбере сүйіп отыр. Лайым сол бақыты баянды болсын деп тілейміз.

Жүз жасаңыз, Секе, абыройыңыз арта берсін!

 

С. МАҚҰЛБЕК.

Серікбай Тұржанның байланыс телефоны: 8-702-503-74-12.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ