Жыл жетістіктері қандай?

02.03.2018
Қаралды: 541

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жан­сейіт Түймебаев 2017-жылды қорытындылап, халыққа есеп берді. Шымкенттегі «Түркістан» сарайына жиналған көпшілік облысымыздың әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы, алдағы атқарылатын шаруалар жөнінде естіп-білді, әкімге көкейдегі сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.

 

1 жылда 7482 отбасы баспаналы болды

Облыс әкімінің баяндамасындағы бірқатар жайларға тоқтала кетсек, онда мынадай мағлұматтар айтылды:

 

Облысымыздың ауыл шаруашылығы саласында көптеген оңды істер атқарылған. Ме­млекеттік қолдау аясында 522 миллиард теңгенің өнім­дері  өндірілген. Бұл көрсеткіш бо­йынша облысымыз республикада 2-орынға шығып отыр. Салаға тартылған  инвестиция 38 миллиард 100 миллион тең­гені құраған. Егіс көлемі, тамшылатып суғару әдісі енді­рілген аумақтар өскен. 202 гектар жерге жылыжайлар салынып, олардың жалпы аумағы 1325 гектарға жеткен. Аталған салаға 25 миллиард теңгеге жуық субсидия бөлініп, 40 мыңға жуық шаруаларға қолдау көрсетіліпті. 158 кооператив құрылған, олар­дың жалпы саны 640-қа жеткен. Бұл бо­йынша облысымыз республикада 1-орынға көтерілген.

 

Өнеркәсіп саласында 858 миллиард 500 миллион тең­генің өнімдері өндірілген. Облысымыз 2016-жылмен салыс­тырғанда 69 миллиард 500 мил­лион теңгенің өнімін артық өндірген. Мұндай өсім өңдеу өнеркәсібінің бірқатар салаларында да бар.

 

Бүгінде облыс аумағындағы 11 индустриалды аймақтың 9-ы толыққанды жұмыс істеп тұр. Іске асырылған жобалар саны 78-ге жеткен, 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.

 

Шетелдіктермен 40-тан аса іскерлік кездесулер өткі­зілген. Облыс экономикасына 482 миллиард теңге инвестиция тартылған. Ресей­лік­тер­мен шағын су-электр станциясын, қытайлықтармен биоотын мен фосфор тыңайтқышы зауыттарын және күннен электр қуатын өндіретін станция құрылыстарын салу жөнін­де келі­сілген.

 

Облыс аумағында тұрғын үйлер де көптеп салынып жат­қаны белгілі. 2017-жылы жалпы аумағы 721,2 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлер пайдалануға берілген, баспанаға 7482 отбасының қолы жеткен.

 

Қысқасы, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық да­муында алға басушылық бар. Өңірімізде тұрғындар саны да артып отыр.

 

3 миллионыншы тұрғын қашан туылар екен?

 

Облыс әкімінің есеп беру жиынында Шымкенттің Гүлжан Жолбарыс есімді тұрғыны ол кісіден облысымыздың 3 миллионыншы тұрғыны туылған жағдайда оған қандай сыйлық берілетіні туралы сұрады. Осыған орай Жансейіт Қансейітұлы облыс халқының санын 3 миллионға толтыратын бақытты балаға сыйлыққа пәтер тарту еті­летінін айтты.

 

Шынында да, облысымыздың 3 миллионыншы тұрғыны қашан өмірге келер екен? Біз мұны шамалап есептеп көруге тырыстық.

 

2017-жылдың қараша айындағы статистикалық деректерде біздің облыс халқының саны 2 миллион 918 мың 815 адам деп көрсетіліпті. Оның 949 мың 128-і – облыс орталығы Шымкент қаласының тұрғындары екен.

 

2017-жылдың қаңтар – қа­раша айлары аралығында облысымызда 78 мың 510 бала өмірге келіпті. Ал осы аралықта 15 мың 263 адам қайтыс болған. Яғни облыс тұрғындарының 1 жылдағы табиғи өсімі 63 мың 247 адамды құраған.

 

Айта кетерлігі, бұл одан алдыңғы жылдардағыдан бірша­ма төмен көрсеткіш. Мысалы, облысымыздағы халықтың табиғи өсімі 2014-жылы 67 мың 47 адамды, 2015-жылы – 66 мың 872, ал 2016-жылы 66 мың 794 адамды құраған екен.

 

Осы көрсеткіштерді шамалай есепке ала отырып, биыл облысымызда халықтың табиғи өсімі орта есеппен 60 мың адамның төңірегін құрайды десек, онда 3 миллионыншы тұр­ғын өмірге 2019-жылдың көк­теміне қарай келетін сияқты.

 

Ендеше, бала тууға қабілетті жастағы әйелдерде облысымыздың 3 миллионыншы тұрғынын өмірге әкелуге мол мүм­кіндік бар десек болады. Бұ­йырт­са болып, сондай күндерге де жеткізгей дейміз. , ол сәтті де көріп қуа­нармыз. Ел аман, жұрт тыныш

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ