«Заңда жер шетелдіктерге жалға берілмейді, саудаға салынбайды деп нақты жазылуы тиіс»

02.03.2018
Қаралды: 506

16-ақпан күні Астанада Парламент Мәжілісінің депутаттары, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері және қоғам белсенділері Жер туралы заң жобасын талқыға салды. Аталмыш шараға Оңтүстік Қазақстан облысынан белгілі қоғам белсендісі Жанысбек Өтеген мырза да арнайы барып, қатысып қайтты. Ол кісі елге оралғасын бізге ол жақтан не көріп, көкейге не түйгені туралы айтып берді.

 

Жанысбек ӨТЕГЕН, қоғам белсендісі:

 

– Жанысбек Тұрсынәліұлы, араға 20 жыл салып Астанаға ат басын бұрған екенсіз. Қалай болды, не көріп, не байқадыңыз?

 

– Ол рас, бір кездері мен өзіме іштей Астанаға тек Президент ауыс­қанда ғана барамын деп сөз беріп едім. Бірақ мынау жер тағдыры таразыланып жатқанда Шымкентте бейқам отырғаным жарамас деп ойладым.

 

Байқағаным, Астанадан қазақы тұрмыс аңғарылмайды. Үйлерге кіру қиын, есіктерде – код, лифтілерде – код, мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тіпті де аттап баса алмайсың.

 

Қысқасы, Астана – ызғарлы қала. Ызғарлы деп ауа райын ғана емес, жалпы, бас қала болса да суық, қарапа­йым халыққа еш жылуы жоқ қала екенін айтқым келіп отыр. Ал негізінде бас қалада аймақтардағы шаруалардың, қазақ халқының жағдайын жақсартуға қатысты оң тірліктер, бастамалар қолға алынуы тиіс емес пе?

 

– Сонымен, Жер туралы заңның жобасын талқылау қалай өтті?

 

– Жиынды Мұхтар Тайжан деген жігіт ұйымдастырған екен. Жалпы, мынау әлеуметтік желілерде Мұхтар туралы әртүрлі пікір айтылуда. Біреулер мақтап жатыр, ал кейбіреулер оның тірлігі тек көзбояушылық деп, Мұхтар шын мәнісінде биліктің сөзін сөйлейтінін айтып жатыр. Бірақ қалай болғанда да оның Жер туралы заңды талқылауды ұсынып, жиын өткізгені, халықтың алдында талқыға салғаны дұрыс болды. Тек соны біздер, қарапайым адамдар дұрыс пайдалана білмедік. Мәселен, 3 миллион тұрғыны бар Оңтүстіктен мен, сосын Айгүл Орынбек деген заңгер қыз екеуміз ғана  бардық.

 

Жалпы, бас қосуға жетпістен астам адам, атап айтқанда, мен секілді әр өңірден келген қоғам белсенділері, мықты заңгерлер, Парламенттің 3 депутаты мен Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев, Жер комитеті төрағасының орынбасары қатысты. Алдын-ала келісілген бағдарлама бойынша біраз азамат сөз сөйлеп, жердің саудаға салынуына, шетелдіктер­ге жалға берілуіне қарсы екендіктерін айтты.

 

Мен де аталмыш шара басталардан алдын Мұхтар Тайжанға арнайы жолығып: «Мен Оңтүстік Қазақстан облысынан арнайы келіп тұрмын. Ол өңірде 3 миллион халық тұрады. Өзім болса шаруашылықтың басы-қасында жүрген азаматпын. Өңірде бұған қатыс­ты қордаланған мәселе көп. Мен мұнда сөз сөйлейін, өз ұсыныстарымды ортаға салайын деп келіп отырмын. Арнайы уақыт бөл», – деп сұранғанмын. «Мақұл, болды», – деген еді, бірақ маған сөз берілмеді. Жиналыс орта тұсына келгенде бәлкім аты-жөнімді ұмытып отырған болар деп қайта барып, «визиткамды» беріп кеттім. Дегенмен маған сол бойы сөз тимеді. Осылайша сонша жерге бекер барғандай болып көңілім түсіп қайттым. Үш сағатқа созылған жиналыста бір ауыз сөз айта алмағаныма қатты қапаландым.

 

– Нақты қандай ұсыныстарыңыз бар еді?

 

– Жалпы, мынау талқыдағы заң жобасында азаматтар «Жер шетелдіктерге жалға берілмейді, сатылмайды» деп айтып жатыр ғой. Бірақ осы жерде бұрын жалға беріліп кеткен жерді мемлекет меншігіне қайтарып алу жағын ешкім қозғап жатқан жоқ. Басқа өңірді айтпағанның өзінде біздің мынау Төлеби, Бәйдібек, Отырар аудандарының пәленбай мың гектар жері арабтарға жалға берілген. Олардың ендігі жағдайы, жердің, елдің тағдыры қалай болады? Олар ол жерді қандай мақсатта пайдаланып жатыр? Кімге қанша гектар жер берілген? Олармен жасасқан келісім-шартта не жазылған? Бұл жөнінде ешкім хабарсыз. Осы нәрсе жария болуы тиіс. Мәселен, мынау Шымкенттегі цемент зауытына қайбір жылы облыс әкімінің өзі кіре алмағаны белгілі.

 

Сосын мынау аумақтық Жер кадастр бөлімінен барып бір мәлімет сұрайын десең сығалайтын саңылау қалдырмаған. Облыстық әкімдікке бағынбағасын бәрін құпия ұстайды. Мәлімет алмақ түгілі, басыңды сұғып кіре алмайсың.

 

Біздегі заңның тілін қарапайым халық түк түсінбейді. Ұзын-сонар бірдеңелерді жазады. Оны оқысаң аяғына жеткенше басында не жазылғанын ұмытып қаласың. Шын мәнісінде жер шетелдіктерге жалға берілмейді десе, саудаға салынбайтын болса, онда оны Заңда дәл солай, екі-үш ауыз сөзбен жазсын. Халыққа керегі сол ғана. Қарапайым, халыққа ұғынықты тілмен жеткізілсін дегім келген.

 

Осы жерде бір нәрсені айта кету керек: біз талқыланып жатқан Заң жобасын көрген жоқпыз. Көрсетпеді. Онда нақты не жазылғанын, қандай баптар қарастырылғанын біз сол күйі біле алмадық.

 

Тағы бір айтарым, біздегі ауылдық жерлерде тұратын халықтың жағдайы нашар. Жерін тиісті дәрежеде пайдалана алмай отыр. Яғни мемлекеттен олар­ға ешқандай қамқорлық жоқ. Шаруалар бір жыл көлемінде жерін пайдаланбаса, онда мемлекет қайтарып алып жатыр. Ал соның орнына шаруаларды сумен, жер игеруге жарамды техникалармен, егетін тұқыммен қамтамасыз етсе, кішкене қолғабыс етсе болады ғой. Мысалы, бізде шаруалар көп жағдайда егін егіп үлгере алмайды, жауын-шашын аз. Соның салдарынан өнім ала алмай, шығынға батып шырылдап отырған шаруадан келесі жылы жерін тартып алғанымыз дұрыс па? Меніңше, бұл ақылға қонымсыз тірлік. Кем дегенде 3 – 5 жыл­ға дейін оған қарайласып, қамқорлық жасалса, талай адамның тіршілігі жанданып, қоңданып қалар еді.

 

Баяғыда ауыл шаруашылығына қа­тыс­ты арнайы мемлекеттік сақтандыру қоры болатын. Мәселен, биыл өнім ала алмай, шығынға батқан шаруаға бидай, басқа да егетін дақылдар берілгені дұрыс. Қазіргі шаруалар егіп жатқан қияр мен қызанақтың тұқымы – голландиялық. Бір-ақ жылға жарамды. Келесі жылы өз өніміңнен тұқым алып, еге алмайсың. Еккен күнде де әлгі тұқым жерді құртады, кейін қайта тыңаюы қиын. Осындай жағдайларды ескеріп, өзіміздің тұқымымызды шаруаларға таратса, мемлекеттен жағдай жасалса, онда халық  риза болар еді.

 

Өздеріңіз білесіздер, қайбір жылы жерді сатуға мораторий жарияланған болатын. Алайда кейбір  ірі кәсіпкерлер оған қарап отырған жоқ. Мәселен, мынау «Ордабасы құс» фабрикасы Сергей Терещенконікі. Сол адам халықтың жерін, 49 жылға жалға алған жерлерді өз атына аударып жатыр. Жайылымды жердің гектарын 45 мыңнан, тәлімдік жердікін 90 мыңнан сатып алыпты.

 

Мейлі делік, алыпты делік, ал ертең ол адам Ресейге кетіп қалса не болады? Осы жағын ойлай келе, жалпы, шетелге кететін, өзге елдің азаматтығын алғысы келетіндердің меншігіндегі жерді кері қайтаруды қолға алу керек. Қыздарымыз шетелдіктерге тұрмысқа шығып жатса оның атындағы жер те­лімін мемлекет қайтарып алуы тиіс деп есептеймін. Ондай бап әлгі Заң жобасында қарастырылмағанына сенімдімін.

 

Міне, осыларды айтқым келген, жиналған қауымның талқысына салғым келген еді, өкінішке қарай, ондай мүмкіндік берілмеді. Шындықтың бетіне тіке қарар болсақ, Қазақстандағы халықтардың ішіндегі ең жағдайы нашар ұлт – қазақтар. Басқаны былай қойғанның өзінде, баспана салу үшін  үкіметтен 10 соттық жер ала алмай тентіреп жүргені айдан анық. Сонда біздің еңіреп жүріп егемендік алғанымыз қайда қалды? Неге біз өз елімізден ұлтарақтай жер ала алмай жетімнің күйін кешіп жүрміз?! Осы нәрсе мені қатты күйзелтеді.

– Сұхбатыңыз үшін рахмет! Жоғарыда отырғандар ұсынысыңызға құлақ асар деп үміттенейік.

 

Сұхбаттасқан – С. КЕНЖАЛИЕВА.

Жанысбек Өтегеннің байланыс телефоны: 8-705-844-31-00.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ