Келес, Жетісай, Асықата аудандары қайта құрылатын болды

23.02.2018
Қаралды: 751

Кешегі аптада облыстық мәслихаттың кезекті ХХ сессиясы болып өтті. Онда Сарыағаш және Мақтаарал аудандарын бөлу мәселесі қаралды. Яғни Сарыағаш ауданын – Сарыағаш және Келес аудандарына, Мақтаарал ауданын Жетісай, Мақтаарал, Асықата аудандарына бөлу жайы сөз болды. Бұған қатысты облыс әкімдігінің ұсынысын мәслихат депутаттары бір ауыздан қолдады.

 

...Осыдан 20 жыл бұрын, 1997-жылы облысымызда аудандарды оңтайландыру мақсатында Сарыағаш ауданына Келес ауданының, Мақтаарал ауданына Асықата және Жетісай ауданының жерлері қосылғаны мәлім. Бүгінде осы Сарыағаш пен Мақтаарал аудандарында 630 мыңнан аса адам тұрады екен. Мұның 305 мыңдайы – Мақтаарал ауданының, 327 мыңдайы Сарыағаш ауданының тұрғындары.

Жиында аталған аудандар халқының тығыз қоныстанғанына байланысты ауыл шаруашылығын басқару-дамыту, халыққа медициналық және басқа да қызмет көрсету салаларында қиындықтар туындап келгені туралы айтылды. Осыған орай аудандарды қайта бөлу ұйғарылыпты. Яғни Сарыағаш пен Мақтааралдан еншісін алып, Келес, Асықата және Жетісай аудандары бөлек шықпақ. Келес ауданының орталығы – Абай ауылы, Мақта­аралдікі – Мырзакент, Асықата ауданының орталығы – Асықата кенті, Жетісай ауданының орталығы Жетісай қаласы болады.

 

Аталған сессияда осы мәселеге қатысты облыс әкімінің қаулысы мен мәслихаттың шешімі қабылданды. Бұған байланысты Президент Әкімшілігіне, Үкіметке, ономастикалық комиссияға ұсыныстар жіберілетін болды.

 

Бүгінде бұл шешімге жұртшылық арасынан қуана қоштау білдіріп жатқандар баршылық. Олардың дені бұрын қысқарып кеткен аудандардың тумалары екені байқалады. Мысалы, әлеуметтік желілерде мынадай пікірлер жүр:

 

Меруерт Әбдәлиева: Тамаша жаңалық! Келестің қызы болғасын қуанып отырмын. Аудан орталығы Абай ауылы болатын. Бір құжат үшін халық Сарыағашқа бармайтын болды.

 

Аман Жайымбетов: Дұрыс. Әйтпесе ау­дан орталығы ғана дамып, шалғай ауылдардың жұртта қалғандай жабырқау жағдайы көңіл құлазытатындай еді. Басылым бетте­рінде, телеарналарда айтылып келе жатқан күрмеулі мәселе оңтайлы шешіліп жатса екен.

 

...Сондай-ақ бұл аудандардың шекара аумағында орналасқанын, сондықтан басқарудың ыңғайлы болуы үшін бөлінгені дұрыс екенін айтып жатқандар бар.

 

Сол сияқты бұл мәселеге күдік-күмәнмен, сыни тұрғыда қараушылар да жоқ емес. Олардың сөзі «аудандарды қайта бөлу шенеу­ніктерді көбейтіп, қазынаның миллиондаған қаржысын шығындаудан басқа түк те әкел­мейді» дегенге саяды.

 

Қалай боларын уақыт көрсетер. Ал әзірге бұл мәселенің төңірегінде жағымды-жағымсыз әңгімелердің гулеп тұрғаны рас.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ