Зухра, Захро, Хасан...

23.02.2018
Қаралды: 491

Шымкенттегі №2 облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлері шала туылған нәрестелерді 40 күн бойы күтіп, жетілдіріп,  перзентханадан шығарды. Туыстарының жас ана мен шала туған шақалақтардың өмірін арашалап қалған ақ халаттыларға айтар алғысы шексіз.

 

Биылғы жылдың алғашқы үшем­дері 16-қаңтар күні дүниеге келген болатын. Сайрам ауданындағы Қарабұлақ ауылынан №2 облыстық перинаталдық орталыққа жеткізілген 21 жастағы Гузал Нурмиминоваға шұғыл түрде ота жасалған еді. Айы-күні толмай туылған сәбилердің – екі қыз бен бір ұл баланың әрқайсысының салмағы небәрі 1,5 килодай ғана болған. Олар жеті айлық болып дүниеге келген. Өкпесі дұрыс дамымай туыл­ған нәрестелердің үшеуі бірдей жасанды тыныс алу аппаратына қо­сыл­ған.

 

Бес күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан үшемдердің беті бері қарап, одан кейінгі бір айды олар арнайы күтім жасайтын бөлімшеде өткізді. Орталық дәрігер­лерінің қатаң бақыла­уында болған нәрестелердің әрқайсысы осы уақыт ішінде бір килодан салмақ қосқан. Ақ халаттылардың білік­тілігі мен күтімінің, тынымсыз еңбегінің арқасында аман қалып, анасы балаларын бауырына басты.

 

Алғаш рет ана атанған Гузал Нурмиминованың туыстары сәбилерге Зухра, Захро және Хасан деген ат қойды. Қазір олардың өміріне еш қауіп жоқ.

 

...Жалпы соңғы 10 жылдың ішінде облысымызда жыл сайын 7-13 үшем дүние есігін ашады. Бір жылда дүниеге келетін егіздердің саны – 800-ге жуық.

 

ОҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ