«Жоқ» дей білген де жақсы

23.02.2018
Қаралды: 288

Өмірде кісі көңілін қалдырмайтын ақкөңіл, ешкімге «жоқ» деп айта алмайтын жомарт жандар бар. Ондай адамдар көпшілікке пайдасын тигізбесе, зиян келтірмейді. Бірақ көңіл жықпас адамдарды көбіне пысықайлар өз мүддесіне пайдаланып кететіні  бар. Осы ретте психологтар кейде «жоқ» деуді де үйрену керек деген кеңес айтады. Ал оны іске асыру үшін мына кеңестерді орындаған жөн:

 

Кісіге «жоқ» деп айта алмаудың негізгі себебі жұрттың көңілін өзіне аударудан туындайды. Ол біздің көптеген жетіспеу­шіліктеріміздің түп-тамыры балалық шағымыздан бастау алады деген болжам жасалған. Көптеген ата-аналар балаларын «нағыз адам» етіп тәрбиелеймін деп, тым қаталдыққа бой алдырады. Мақтасақ есіріп кетеді деп ойлайтын олар балаға жылы сөз айтуды білмейді. Осындай тәрбиеде өскен балалар болашақта өзіне сенімі аз, өзін төмен бағалайтын, кісінің көңілін жықпайтын кө­ңілшек болып өседі. Сондықтан ата-аналар бала тәрбиесінде абай болуы керек. Бала мақтаумен өседі. Өзіне деген сенімін күшейту үшін оның көңілін шаттандыратын сөздер айтып тұру қажет.

 

Ал бұғанасы қатып, тәрбиесі бойына сіңіп кеткен адамдарға айтарымыз, бағаңызды біліп, өзіңізге сеніміңізді күшейту үшін психологиялық тренингтерге қатысыңыз. Оған жағдайыңыз келмесе өз бетіңізше да­йындалуға да болады. Әуелі қолыңызға қағаз алып, оған өзіңіздің жақсы қасиеттеріңізді жазыңыз. Ең аз дегенде он бесін. Сөйтіп, оны көрінетін жерге іліп қойып, күніге оқып жүріңіз. Содан кейін аутотренинг жаттығуларын жасап көруіңізге болады. Ол үшін де­неңізді босаңсытып, терең тыныс алыңыз да: «Мен өзіме иелік ете аламын, мен «Тоқта!» деген кезде жасқаншықтығым мен қор­қынышым кетіп қалады» деп айтып жүріңіз. Бұл жаттығуға күніне бес минут уақытыңызды бөлуіңіз керек.

 

Іштей өзіңіздің ешкімнен кем емес екеніңізді ойлап­ жүріңіз. Жұртқа көмектескен жақсы, бірақ өзіңізді де ұмытпауыңыз керек. Мысалы, жұмысыңызды істеп  үлгере алмай жатқанда әріптесіңіз бір құжатты тиісті жерге жөнелтуді өтінсе немесе дүкенге жұмсаса, қолыңыз тимей жатқанын айтудың ағаттығы жоқ. Оны ренжітіп қойдым деп қобалжымаңыз. Содан кейін жұрттың бәріне бірдей жағу мүмкін еместігі есіңізде болсын.

 

Ағайын-туыстар мен жақын адамдар­ға қол ұшын беруге болады. Олар еңбегіңізді де бағалайды, өзіңізді де жақсы көреді. Бірақ өзгеге ұнаудан бұрын өзіңізді-өзі­ңіз жақсы көруді естен шығармаңыз. Өзін жақсы көріп, бағалай алатын адам өзгені де сыйлай білетіні жадыңызда жүрсін. Еңбегін өзгелер пайдаланып кет­кеніне күйініп жүрген ашушаң, әлсіз адамнан гөрі өзіне сенімді, көңіл-күйі жоғары адамды жұрт көбірек жақсы көретінін ұмытпаңыз.

 

А. НҰРЫМБЕТОВА.

Қазығұрт ауданы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ