Менің атым дүркіреп тұр...

22.02.2018
Қаралды: 263

Мен өзі кейбір кісілерді мүлде тү­сінбеймін. Халыққа еңбегі сіңген ата-бабаларының есімдерін көшеге, ауылға, мектепке қою үшін табандарынан тозып, зыр жүгіріп жүргендері. Ауданнан Астанаға дейін тыным таппай шапқылап, есіл ақшаларын шашып, түк бі­тірмей сандалып, ақыр аяғында бар шаруаларын жылы жауып қоя салады. Сондағы айтатын уәждері – ономастикалық комиссия өткізбей қойды дейді. Мектепке, көшеге кез-келгеннің атын қоймайды екен деп. Шынымды айтсам, менің оларға қатты жаным ашиды. Не деген қаражат кетпеді дейсіз бұл мақсатқа.

 

Құдайға шүкір, бұл салада менің жүзім жарық, еңсем биік. Өйткені мен мұндай құрметтерге баяғыда-ақ жетіп қойғанмын. Ешқандай комиссиясыз, ешқандай ақшасыз. Не, сенбей тұрсыз ба? Ендеше, көзіңізді бекерге жыпылықтата бермей, тыңдаңыз одан да.

 

Бұдан бақандай он бес жыл бұрын ауылдағы қырат беткей жақтағы жайылымда қой бағып жүріп, шай қоямын деп бірталай жерді өртеп алғаным бар. Қырат беткейдің ойпаң жағы түк қалмай өртеніп кетті. Ауыл адамдарының жанұшыра қимылдауының нәтижесінде әйтеуір аман-есен отты сөндірдік. Бір жақсы жері, одан ешкім де залал шекпеді. Бірақ өртенген қырат беткей сол күннен бастап күні бүгінге дейін «Кәуекбай өртеген сай» деп аталып келеді. Бұл атауға ешкім де қарсы болған жоқ. Қалай өртенді, «автоматический» жаңа атауға ие болып шыға келді.

 

Біздің ауыл негізі Ынталы деп аталады. Бірақ соңғы кезде оның басына да зауал төнейін деп тұр. Оған кінәлі, әрине, тағы да мен. Көрші-қолаң, ағайын-туыстармен әбден зәрезап болып, боқтасып, жоғары жаққа олардың үс­терінен тисе терекке, тимесе бұтаққа деп үнемі арыз жаза бергендіктен менің статусым «Бәлеқор Кәуекбай» дегенге дейін көтерілген. Біреулер болса мені қисық дейді екен сыртымнан.

 

Сонымен, соңғы кездері байқап жүрмін, ауылдың Ынталы деген аты мүлде өлеусіреп барады. Оның есесіне бұл қай ауыл десе «Бәлеқор Кәуекбайдың ауылы» деп бүкіл аудан танитын болды. Осылайша менің есімім әлгі өртенген сай мен ауылға мықтап байланды.

 

Енді орталық көшені өзіме бағындырсам ба деп жүргенімде оның да орайы келе кетті. Бір күні Анартайдың құдалығын күтісуге барып, сол отырыстан тойып келе жатып  жеке көлігіммен көшедегі екі-үш қисайған электр бағаналарын қағып кетіппін. Әйтеуір Құдай сақтап, өзім әрең тірі қалыппын. За то бұрын «Бейбітшілік» атанып келген көше сол оқиғадан соң «Кәуекбай столбы қаққан көше» деген атау өмірге келе қалды.

 

Сонымен төрт құбылам сай, аман-есен жүріп жатырмын. Құдайға шүкір, менің атымда ауыл, көше, өртенген сай бар. Енді не арманың бар шығар дейсіздер ме? Е, шырақтарым-ай, адам баласында арман таусылған ба? Ендігі арманым – ауылдағы бастауыш мектепке өз есімімді беру. Оны қалай орындамақшысыз демекшісіз бе? Сәл қоя тұрыңыз. Шамалы ойланып ала­йын. План құрайын. Ал әзірге осы әң­гімені оқып, кішкене сабыр сақтай тұрыңыздар.

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ