Ерлі-зайыптылардың барлығы дерлік отбасылық дағдарысты басынан өткеретіні жасырын емес. Ұрыс-жанжал, түсініспеушілік сияқты жағымсыз жайлар кез келген отбасында болып тұрады. Осы орайда қарым-қатынасты жақсартуға арналған мына кеңестер ойыңызда жүрсін:
Ерлі-зайыптылар арасында түсініспеушілік орын алған кезде ұрыс туындайтыны белгілі жағдай. Сондайда ішіңіз жарылып бара жатса да айтар сөзіңізді іркіп, серігіңіздің сөзін тыңдауды үйреніңіз.
Қарым-қатынасты жақсарту үшін құр тыңдау жеткіліксіз. Бір-біріңізді түсінуге тырысыңыз. Жолдасыңыз сөйлеп жатқан кезде оған сұрақ қоя отырып, оны түсінуге тырысыңыз. Сұрақтарыңызды ұрысты одан әрі өршітетіндей болып көрінсе де қойыңыз. Көкейіңіздегі сұрақтың нақты жауабын алсаңыз, ол отбасыңыздағы туындаған мәселенің түйінін шешуге көмектесуі мүмкін.
Отбасында туындаған дауды түзелмейтін қиын мәселе ретінде қараудың реті жоқ. Жолдасыңызды өзіңізге деген сезімі суып, қарым-қатынасы бұзылды деген суық ойға берілуге де болмайды. Араларыңызда орын алған ұрысты өзара түсінісуге үйрену деп қараңыз. Сөйтіп бұрынғы жақсы күндеріңізді еске алып, жаман ойлардан тезірек арылуға тырысыңыз.
Қандай мәселе орын алса да оны екеулеп шешуге тырысыңыздар. Отбасында туындаған келеңсіз жайларға ерлі-зайыптылардың екеуі де себепкер болатыны есіңізде болсын. Дағдарысты жағдайдан шығуға екеуіңіз бірдей атсалысуларыңыз керек. Бір-бірлеріңізге кешіріммен қарап, арадағы ұрысты тезірек ұмытуға тырысқандарыңыз жөн.
Жанжал кез келген адамның көңіл-күйін түсірері сөзсіз. Алайда тым қатты ашуға беріліп, дауыс көтере ұрысқаннан ештеңе шықпайтынын есте ұстаңыз. Мұндайда ең басты қағида – сабыр сақтау. Айтар сөзіңізді дауыс көтермей, жайлап, сабырмен жеткізе білу. Қызбалықпен өмірлік жолдасыңызға ауыр сөздер айтып, жанын жаралаудан аулақ болыңыз.
Некені сақтап қалудың бір жолы – ерлі-зайыптылардың болашаққа бірге жоспар құруы. Ренішіңізді жеңіп, алдағы уақытта не істейтініңізді ойласа бастасаңыз, ашуыңыздың біртіндеп тарағанын сезінесіз. Әрі бір-бірлеріңізге сенімдеріңіз арта бастайды.
Егер дау күннен-күнге өршіп бара жатса, ажырасуға арыз тастауға асықпаңыз. Некені сақтап қалу үшін кейде ерлі-зайыптылардың біршама уақыт бір-бірінен бөлек тұрғаны да пайдалы. Жалғыз қалған сәтте болған жағдайға сырт көзбен қарауға мүмкіндік туады.
Қ. ҚАЛИБЕК.
Шымкент қаласы.
Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!