Үйімізге ұры түсті...

21.02.2018
Қаралды: 492

Тура подъездің алдына жүк таситын «Газель» көлігін қойыпты. Шопыры жүзін жасырып, теріс қарады. Жүкші киімін киген жігіттер жиһаз бен кілемдерді тасып жат­қан соң біріне көмектесе қояйын деп тоңазытқыштың бір шетінен ұстаса кеттім.

– Рахмет, көке, 99-ға келіп өліңіз! – деді риза болған жігіттердің бірі.

– Бір жыл қоссаңдар қайтеді? – деп әзілдедім мен. – Мына тоңазытқыш біздің үйдің тоңазытқышына ұқсайды екен. Қай қабаттан көшіп жатыр өзі?

– Үшінші қабаттан, көке. Кілемнің бір шетінен ұстасып жіберіңізші. Рахмет! 97-ге келіңіз!

– Әй, неге 99 емес?

– Енді... көке, кілем сәл жеңілдеу ғой...

Олар кеткен соң үшінші қабатқа көтерілсем... Пәтерімнің есігі ашық тұр.

Жүрегім байлаулы ит сияқты жұлқынып сала берді. Құдайым-ау, үйдің астаң-кестеңі шыққан, екі бөлменің іші жалаңаш. Қымбат кілемдер, картиналар, тоңазыт­қыш, былғары орындықтар... Құдайым-ау, жаңа ғана өзім артысып жібергенмін бе? Мына ұрыларда ұят жоқ екен ғой, ә?!

Дереу әйеліме ұялы телефоныммен хабар бердім. Артынша ол да жетіп келді.

– Түк қалдырмапты! Көрпе-төсегімізге дейін алып кетіпті, оңбағандар! 

– Кімдер олар, ойбай?! Танисың ба? – деп абдырады әйелім.

– Танысам, тойға шақырайын деп пе едің?

– Онда неге көмектесіп жүрсің жынды адам сияқты?

– Мен қайдан білейін, көршілер көшіп жатыр екен деп қалдым ғой. Бәсе, тоңазытқыш тура біздікі сияқты көрініп еді...

Тездетіп полицияға хабар бердім. Артынша полицияда істейтін балам жетіп келді.

– Не болды, әке? Ұрыларды қашан шақырып едіңіз?

– Шақырғаны несі? – дедім мен.

– Қашан тонап кетті дегенім ғой.

– Осы қазір ғана шығарып салды, – деді әйелім кекетіп.

– Мазақтамай, тыныш отыршы. Мен қайдан білейін, жаным ашып... көтерісе қояйын деп...

Бір кезде еш жерде жұмыс істмейтін балам жетіп келді.

– Мам, зорға таптым ғой, жайша шақырдыңыз ба? – деп сұрады салған жерден.

– Еш жерде жұмыс істемейсің. Сен сияқтылар ғой тонап кеткен! – дедім ашуланып. 

– Әке... Бұл кімнің үйі өзі? – деп сұрады кіші ұлым бір кезде пәтер ішін аралап жүріп. 

– Біздің пәтер! Квартиранттарға береміз деп отырғанда қарашы, тып-типыл етіп тонап кеткенін.

– Ио-мае! Маған неге айтпағансыздар? Мына пәтер жаңа ғана біз тонаған пәтер ғой! – деген ұлым аузын баса қойды. Бәріміз оған жалт қарадық. 

– Ей, басқа пәтер құрып қалды ма? Өз үйіңді тонап не көрінді соншама?! – деп күйіп-пісті әйелім.

– Өз бақшасына түскен ұры! – деп кіжінді полицияда істейтін үлкен ұлым жұдырығын түйіп.

– Мен сені өзім соттатамын! – деп кіші ұлыма ұмтылып едім, шешесінің артына тығылды.

– Әй, былай тұршы жарбимай!

– Балаң өзіңе тартқан. Кімге өкпе­лейсің?

– Мен білген жоқпын ғой. Айтып қоймайсыңдар ма, осындай, бес-алты пә­теріміз бар деп... – деген кіші балам безектеп болар емес. 

– Енді не істейміз? – деп сұрадым мен үлкен ұлыма қарап.

– Протокол жазамыз...

– Протоколда басың қалсын! Туған ініңе протокол толтырмақшымысың? – деді әйелім көз жасын сығып.

– Полицейдің бәрі сен сияқты. Ұрылармен бірігіп жейді... – деп қамыққан едім, кіші ұлым тілін шығарып, мәз болды:

– Әне, айттым ғой! Бәрін ағамның «крыша» болғаны арқасында істеп жүрміз.

Полицей ұлым ашуланып кетті.

– Мен сендерге тонаңдар дегенде біздің пәтерді тона деппін бе? Бастығыма не деп айтамын енді? Жоқ, болмайды, протокол жазамын.

– Жаз! – дедім мен айқайлап.

Ағасы жазып жатты, інісі үңіліп, ішегі қатты.

– Әке деймін, мынау қандай полицей өзі? «Протокол» дегенді «потолок» деп жазып қойыпты!

– Сен өзіңді жөндеп алшы! Профессор ұры! – деп көздерін алартты үлкен ұлым.

– Жаңа жыл алдындағы керемет сыйлық болды... – деп бағаналы бері ернін тістеп отырған әйелім ауыр күрсінді. Сосын орнынан тұрып: – Ештеңе жазба, балам! Әшейін, «ұрлайын-ұрлайын деп қалыпты» дей сал бастығыңа. Немесе ендігі жылы ұрлайды екен де. Бәрі өзіміздің адамдар екен ғой. Осы жұрт көтеріліп кетсе, бір-бірін жұмысқа, қызметке тартып жатады. «Пәтер тонап жұ­мыс істеп жүр екенсің, анау бөле­леріңді де қасыңа алсаңшы» деп ақыл айтқан едім кезінде мына балама... – деді тағы да күрсініп. Қуанып кеттім.

– Ұры алыстан емес екен ғой?! Өзіміздің әулеттен! Так, балам, ұрланған заттарды кері әкеліңдер.

– Өй, әке, болмайды.

– Е, неге?

– Мен «Вор в законемін» ғой.

– Өй, әкеңнің... – деп ұлыма тұра ұмтылдым. Ол сыртқа қарай ұра қашты. Соңынан үлкен балам жүгірді.

Сырттай қараған адамға бізді полиция қуып келе жатқандай.

Не болып кетті өзі?..

 

Мұхтар ШЕРІМ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ