Үйі әкеңнің – кіші Отаның ол сенің!

21.02.2018
Қаралды: 374

(«Жүректен шыққан 100 өлең» топтамасы)

 

Әжелер жайлы әңгіме

 

Бір қызығы бала дейді адамның,

Шынында да таласады оған кім?

Ал немере қызығы одан кем болмас,

Жақсы әже бола алмасаң саған мін.

         Немереге жетпеген бар, жеткен бар,

         Маңдайынан иіскей алмай кеткен бар.

         Бақыттысың, сүйсең егер немере,

         Өміріңе сенің қандай өкпең бар?

Әже көрген немере де бақытты,

Жақсы болса құшағына асықты.

Әжесі егер мейірімін төге алса,

Немересі мәртебесін тасытты.

         Немерені еркелеткен жарасар,

         Жақсы әжеге кім де болса таласар.

         Әжесінің жан жылуын сезінсе,

         Өскен кезде әр сөзімен санасар.

Осы ретте туындайды сұрақ та:

Немереңе қарап па едің бір апта?

Кейбіреу бар бір күн еңбек сіңірмей,

Немересін салатұғын сынаққа.

         Кей әже бар жөн-жосықсыз басынар,

         Адуынды көрінуге асығар.

         Немереге қол түгілі, тіл тисе,

         Көңілдері су сепкендей басылар.

Әжеге олар сын көзбенен қарайды,

Іштей оның игі істерін санайды.

Немеренің басқан ізін аңдымай,

Тілеулес боп отырғанын қалайды.

         Жақсы әжелер досыңдай сыр шертеді,

         Жас кезіңде күнде айтады ертегі.

         Жақсылық боп жатқан жерге жол жүрсе,

         Жақын санап жанына оны ертеді.

Немеренің бәрін бірдей көреді,

Тәтті әкелсе, теңдей бөліп береді.

Алаламай, аяласа егер де,

Еш ойланбай соңына оның ереді.

         Немересіз асын сірә ішпейді,

         Әрбірінің тілін тауып, түстейді.

         Күндіз-түні дұға қылып сол үшін,

         Ауызынан Алласы еш түспейді.

Қауіп туса, қанатымен қорғайды,

Қара басын аяу деген болмайды.

Құрбан болып, отқа түсер, суға да,

Немере де бағалар тек сондайды.

         Сіңірер ол ұлттың салтын, дәстүрін,

         Мысал етер өнегелі жас күнін.

         Жақсы әженің сауабына сан жетпес,

         Тізілер ол тастарындай тәспінің.

Сөз саптаса ана тілмен шұрайлы,

Немере оның мән-мазмұнын сұрайды.

Имандылық есіп тұрса бойынан,

Ондай әже бар қазаққа ұнайды.

         Әжелер бар инабатты, ізетті,

         Сүрінгенді сүйемелдеп түзетті.

         Қадағалап тәрбиесін баланың,

         Шаңырақтың абыройын күзетті.

Тәрбиесіз болсаң тегің сұралар,

Әулетің де жақсы ісімен сыналар.

Кейінгі ұрпақ кейде ойдан шықпаса,

Кей әжеде кемшілік бар, кінә бар!

         Шүлдірлейтін әже қазір көбейді,

         Өзге жұрттар көрсе мұны не дейді?

         Тілден, ділден, діннен алыс оларды,

         Біздің қазақ дүбәраға теңейді.

Мұндай әже жақсы үлгі ме сірә да,

Дүбәрадан өніп шығар дүбәра.

Ұлттың рухын асқақтата алмайтын,

Кінәласаң сондайларды кінәла!

         Мұның бәрі күрделі бір тақырып,

         Өз мініңді қажеті не жасырып?

         Бұл қазаққа бір құрылтай керек-ау,

         Талқылайтын әжелерді шақырып.

Сөз аз емес әже жайлы толғайтын,

Ешнәрсе жоқ шын кіріссең болмайтын.

Бір ескерткіш орнататын кез жетті,

Жақсы әженің әз-тұлғасын сомдайтын.

                               * * *

Бұл әжелер қандай өзі расында,

Немерелер топырлай ма қасында?

Әлде олар ойқастай ма алыстан,

Күшігінен таланған соң жасында.

         Өзіңізге басқа сұрақ қоймаңыз,

         Сіз сүйікті әжесіз бе, ойлаңыз?

         Сүйікті де сүйкімді әже бола алсаң,

         Бұл өмірдің әрбір күні той нағыз!

 

Қарашаңырақ

 

Қазақ бар ма ауылға көз салмайтын,

Қазақ бар ма ауылдан нәр алмайтын?

Әр қазақтың түпкі тегі ауылда,

Бар ма қазақ атажұртқа бармайтын?

        ...Бұл өмірде көп екен-ау тосын жай,

        Мен жақында қазақ көрдім осындай.

        Сол жан үшін ет-жүрегім езілді,

        Бірге өсіп ек, болып еді ол досымдай.

Бала кезде осы ауылда өскенмен,

Жалаңаяқ топырағын кешкенмен,

Сиретіпті қазір мұнда келуді,

Ал өзін де көп емес жұрт ескерген.

        Көрінбесең кім бар сені жоқтайтын,

        Іздемесе, сен де араңа қоспайсың.

        Қарашы енді... үй жоқ екен ол доста,

        Тіке барып, емін-еркін тоқтайтын.

Мәлім жайды қажеті не жасырып,

Үйі олардың кеткен екен сатылып.

Бір себептер болған шығар, ал енді,

Бәрі де кеш, өкінгенмен аһ ұрып.

        Болса да ол осы ауылдың адамы,

        Бұл ауылда қысқа екен қадамы.

        Себебі онда жоқ қой қара шаңырақ

        Ел сияқты тірелетін табаны.

Мұны ойласаң ішің удай ашиды,

Үйі жоқтың көңілдері жасиды.

Ал ауылдың адамдары сөз таппай,

Төмен қарап, желкелерін қасиды.

        Бұл жаңалық емес екен бүгінде,

        Етек алып кетпегей ол түбінде.

        Ауылда егер тоқтар үйің болмаса,

        Баяғыдай шықпас сенің үнің де.

Оған бола кімге артасың кінәні,

Бұл да болса өмірдің бір сынағы.

Өркениет келген кезде өңмендеп,

Өзгереді көп адамның тұрағы.

        Мақсат қумай бағың сірә жана ма,

        Әркім тірлік қылар қарап шамаға.

        Біреулер жүр қайын жұртын сағалап,

        Біреу кетті бақыт іздеп қалаға.

Кейбір үйлер қалды солай қаңырап,

Бөтен қолға өтті қара шаңырақ.

Тарихы оның көз алдыңнан кетер ме,

Жетіліп ең осы үйден тамыр ап.

        Құрқылтайдың ұясындай болса да,

        Көзге қораш көрінсе де соншама,

        Өзің туған үйдің жөні бөлек қой,

        Өткен күнді аңса мейлі, аңсама.

Маңдай термен әкең салған үй еді,

Бұл шаңырақ сондықтан да киелі.

Жылдан жылға шөгіп, тозып барады,

Болмаған соң оған күтім жүйелі.

        Бұл өмірде бәрі тозып, шөгеді,

        Уақыт көшін қай батырың бөгеді?

        Бір жұлдыздар жаңа туып жатқанда,

        Енді бірі мәңгілікке сөнеді.

Өмірдің бұл пәлсапасы алайда,

Біз сөз еткен мәселеде жарай ма?

Қандай заман туса-дағы басыңа,

Түп тамырдан ажыраудан абайла!

        Саттың үйді алғандай-ақ еншілеп,

        Қартты көрдім сыртта қалған тентіреп.

        Әкең үйін сатып пайда көрмей-ақ,

        Қайта оған болмадың ба сен тірек?

Алға қойып үміт пенен арманды,

Әкең оны терін төгіп салған-ды.

Ал сен болсаң сата салдың оп-оңай,

Жалпағынан басып жүріп жалғанды.

        Бүгін келіп ақтасам да мен сені,

        Ол жағдайды ұмытар ма ел, тегі?

        Әке үйін саудалаған адамның,

        Қаншалықты жарқын болмақ ертеңі?

Білген жақсы ненің болсын өлшемін,

Үйі әкеңнің – кіші Отаның ол сенің.

Ол бар жерде – темірқазық бар сенде,

Ол бар жерде – бойыңда бар мол сенім!

        Сол секілді үлкен Отан тағы бар,

        Отаны бар ұлттың нағыз бағы бар!

        Ел ішінде білмегенмен қадірін,

        Шетте жүрсе әке үйіндей сағынар.

Бұл жер болған бабалардың тұрағы,

Бұл жер болған аналардың жыр-әні.

Ұрпағына аманат қып қалдырып,

Осы жерде асқақтаған ұраны.

        Өскен қандай кең өрісте жамырап,

        Бұл жер бізге нағыз қара шаңырақ!

        ...Бабам үйі түсіп кетіп саудаға,

       Бүкіл қазақ қап жүрмейік аңырап...

 

Иса ОМАР. («Замана» кітабынан).

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ