Өз әкесін жәбірлеген екен

20.02.2018
Қаралды: 390

Бұл көңілсіз оқи­ғаны есіткеніме де біраз уақыт болып қалған. Соны жазудың  орайы енді ке­ліп отырған жайы бар.

 

Аудан орталығына ауылдан қатынап істеп жүрген кезім еді. Тұмсығы пұшық шағын автобуспен бір жарым сағатта аудан орталығына жетемін. Содан редакцияда кешке дейін болам да, тағы сол автобустан қалып кетпеу үшін автобекетке қарай жүгіремін.

 

Қақаған қыста жағдай қиындау. Жолды тау болып үйілген қар басып қал­ғандықтан кейде көлік жүрмей қояды. Сол кезде қалың қарды борпылдата кешіп жаяу-жалпы Састөбеге немесе Балықтыға баруға тура келеді. Бір тәуірі, ол жерлерде көлік дегенің тізіліп тұрады, ақшасын екі есе төле де, қалаған жағыңа жөнеле бер.

 

Қыста үнемі жолда жүретіндерге ең жақсысы – пәтер жалдап тұру. Желтоқсан айының соңында екі бөлмелі «времянканы» мен де тапқан болатынмын. Үй иесі алпысты алқымдап қалған Ұзақбай деген кісі еді. Әйелі бала-шағасымен кетіп қалған ба, білмедім. Үлкен үйде жалғыз тұратын ол маған «времянкасын» бірден босатып берді.

 

Табиғи газбен жылитын шағын бөлмелер тіпті рахат болып шықты. Алғашында тосырқап жүрген мен Ұзақбай көкеммен көп ұзамай достасып кеттім. Менің газетте істейтінімді білген ол кісі басынан өткен қызықты оқиғаларды көбірек айтатын.

 

«Мен ол кезде Шымкенттегі монтаждаушылар бригадасында жұмыс істейтінмін, – деді ол бірде маған. – Қай жерде зауыт, үлкен құрылыстар жүреді, соның қақ ортасында біз боламыз. Жалақыны күреп табамыз. Содан қаланың шетінен ойып тұрып пәтер жалдап алғанмын. Пәтер иелері – жасы 70-тен асқан соғыс ардагері мен оның әйелі және мектепте сабақ беретін ұлы мен келіні еді. Мектепке барып жүрген екі-үш қыздары да болатын.

 

Бір байқағаным, үнемі таяқ ұстап жүретін қария күн ұзақ аулаға орнатылған сәкіде үнсіз отыратын. Соғыстан жараланып оралған ол кісінің сол аяғы бүгілмей, оқтаудай серейіп тұратын.

 

Бір күні жұмыстан қатты шаршап келген мен ұйқыға ертерек жатып қалғанмын. Түннің қай уағы екені белгісіз, есігім қатты-қатты қағылды. Есікті ашсам, кішкене қыз жылап келіп тұр. «Аға, үйге жүріңізші. Атамды папам ұрып жатыр. Жүріңізші, атамды ажыратып алыңызшы!» – деп шырылдайды қалш-қалш етіп. «Қазір. Киініп алайын», – дедім амалсыз.

 

Содан шала-пұла киініп, үлкен үйге бардым. Үйдің іші жап-жарық. Айқай зал бөлмесінен шығып жатыр екен. Қарияның кемпірі мен келіні бір уыс болып бұрышта тығылып отыр. Баласы болса әкесін былшылдата ұруда. Әкесінің көзінен қан ағып тұр, шекесінің терісі жалбырап кеткен. Ұлы болса әбден екіленіп алған. Орысша-қазақшаны араластыра сөйлеп, әкесінде бейне бір ақысы қалғандай тап-тап береді.

 

«Әй, Зәкір, мұның қалай? Әкеңе қол көтеретіндей не болды сонша?!» – деп оның қолына жармастым. «Сенің не жұмысың бар?! Құрып кет әрі таяқ жемей тұрғаныңда!» – деп Зәкір маған зілдене қарады.

 

«Әй, қойсайшы енді!» – деп жанына жетіп барғанымда құлаштай ұрған еді, бұғып қалдым да, оның қампиған қарнынан соғып кеп жібердім. Ішін ұстай бергенде желкесінен тағы бір түйіп үлгердім. Содан бәріміз жабыла жүріп оны байлап тастадық. «Ажалың менен болады!» – деп Зәкір маған біраз айбат шекті.

 

Осы оқиғадан соң баласынан оңбай таяқ жеген әке далаға шығуды да қойды. Ал ұятсыз баласы түк болмағандай жұмысына күліп-ойнап барып келіп жүрді. Мені көрсе теріс қарап, амандаспайтын болды.

 

Желтоқсан айының ортасында ақсақал дүние салды. Алайда әкем қайтыс болды-ау деп ебіл-дебіл болып жылаған ұлын көре алмадық.

 

Берекесі қашқан ол үйде мен де ұзақ тұра алмадым, басқа пәтерге шығып кеттім. Ал әкесіне зәбір көрсеткен Зәкір содан үш ай өткесін, көктемде көлік апатынан қаза болды. Болымсыз ұлды әке қарғысы ұрды-ау деймін...»

 

Ұзекеңнің осы әңгімесі кей-кейде есіме түседі. «Әкең жынды болса, байлап бақ» дейтін қазақ әкенің орнын әрқашан да биік қояды, «Әке қарғысы – оқ» деп баланы әкесіне қарсы келмеуге үндейді. Арамызда осыны білмейтіндер­дің бары өкінішті.

 

Орынтай  КӨМЕКОВ.

Түлкібас   ауданы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ