Сағат тілін жылжытудан зиян шеккен жоқпыз ба?

19.02.2018
Қаралды: 227

Осы қайбір жылдары көктемде сағат тілі 1 сағат алға жылжып, күзде әскерден үйіне қайтқан сарбаз секілді кері қайтатын. Содан бір жылдары ол бейшара мүлде қайтпай қалды ма, өзім де түсінбей қалдым. Ал қазір біздің ел мен мынау Шымкентке тиіп тұрған Өзбекстанның арасында бақандай екі сағаттық айырма бар. Ресеймен баяғыша үш сағат айырма күйінде тұрмыз.

 

Мен жаңылыспасам, өзбектер баяғы Брежневтің кезіндегі уақытпен емін-еркін өмір сүруде. Орыстар да. Ал қазақтарды не түлен  түрткенін кім білген, Құдайдың жаратқан уақытына қайта-қайта тиісіп, ақырында сап-сау адамды тентек қылып жіберді. Сол баяғыда сағат ауыстыру арқылы данышпан білгірлер энергия үнемдейміз деген еді. Одан үнемделді ме, жоқ па – ол жағы бір Аллаға ғана мәлім.

 

Сағаттың ауысуы адам ағзасына кері әсер етті. Бұл – менің жеке пікірім. Қараңызшы, қазір ешкімнің ешқашан ұйқысы қанбайды. Қашан көрсең де маужырап, есінеп жүреді. Сосын кішкентай балаларға дейін жүйкесі жұқарған, ә десең, мә деуге даяр. Әсіресе мектеп жасындағы оқушы балаларды таң­ертең ұйқыдан ояту азаптың азабы, Оларды оятамыз деп жүріп өзіміз «псих» болуға айналдық.

 

Бұл – менің білетінім ғана, ал білмейтінім қаншама? Мүмкін бұған сіздердің де алып-қосарларыңыз бар шығар?

 

Анау жоғарыдағы данышпандар қазіргі уақытты бұрынғы орнына апарып қойса «құда да тыныш, құдағи да тыныш» болар еді.

 

Осыған не амал бар? Не істеу керек? Жоғарыға, онда да түкірігі жерге түспей тұрған тиісті орындардағы дөкейлерге жет­кізе алатын жүрегінің түгі бар біреу-міреу арамыздан табыла ма? Өйткені министрлердің жеке блогына жазғаннан инедей пайда жоқ, ол өз басымнан өткен.

 

Б.ҚҰРАЛБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ