Ауылдағы әр үйге 1 сиыр, 10 қой берсе екен

19.02.2018
Қаралды: 374

Ойды ой қозғайды. Ауылдың ажа-ры да, тарқамас базары да мал ғой, негізі.

 

Бүгінде ауылдағы көп үйлердің қорасы қаңырап, жетімсіреп тұр. Ал қалада үйcіз-күйсіз, жұмыссыз босып талай адам жүр. Күні үшін біреуге жалданып жұмыс істеп, көзін шел басқан қожайынынан неше түрлі намысын таптайтын, қытығына тиетін сөздер естиді. Маңдай терімен тапқан адал ақшасының өзін қайыр сұрағандай жалынып зорға алады. Ол аз десеңіз, қоқаңдаған пәтер иесінің ит мінезі тағы бар. Еріксіз өзіңді құл сезінесің. Бас көтермей жұмыс істегенімен тапқан табысы жұмырына жұқ болмағасын жыланға арбалған торғайдай болып банк деген аждаһаның аузына қалай барып түскенін өзі де сезбей қалады. Осылайша бір басында дікеңдеген үш қожайыны бар сорлыға айналып шыға келесің. Қанша қиналсаң да қызыл-жасыл қызығын, қалалық деген атыңды қимай жүре бересің. Бірақ қалалық та емессің. Өйткені «пропискаң» жоқ. Үйің болмаса, ол қайдан болсын?! 

 

Өстіп жүргенде бала-шағаң өсіп, еш жағдайын жасай алмай, оларды да өзің секілді жалдамалы құл болуға дайын­дайсың. 

 

Егер менен біреу ақыл сұраса, ауылға барып тұруға, мал бағып, егін егуге кеңес берер едім.

 

Мал өсіру – бейшаралық немесе ақымақтық емес. Мал баққан ата-бабамыздың ақымақ болғанын естімеппін. Қайта қыздарына дейін жаужүрек батыр, сөз маржанын теріп сөйлейтін шешен, көңіл көзі ашық, зерек болғанын оқып жүрміз ғой. Ол аз десеңіз, ешбір құрал-жабдықсыз-ақ ауа райын болжап, соған қарай қам жасайтын болжампаздығын тағы қосып қойыңыз. Осынау ұлан-ғайыр даланы мал бағып жүріп-ақ алашадай жерін ешкімге берместен ұрпағына аманат етіп кетті емес пе ата-бабаларымыз? 

 

Негізі малың болса, азатсың! Соны бағып, төлін көбейтемін, жем-шөбін дайындаймын деп жүріп-ақ кісіге жалданып, құл болудан аман қаласың. Қорадағы қозы-лақпен ойнап өскен балаң да мейірімді әрі еңбекқор болып қалыптасады. Әрі десе төрт қабырғаның арасына қамалып, күн көрмеген гүлдей әлжуаз болмайды. Ерігіп, компьютердегі қатыгез ойындармен уақыт өткізіп жүрегін қарайтпайды. 

 

Соза беріп қайтейін, малдың пайдасы шаш-етектен екенін менсіз де білесіздер ғой. 

 

Айтқым келгені – үкімет жұмыссыздықпен күрескісі келсе, ауылда тұратын әр үйге бір сиыр мен он қой әперуі керек деп ойлаймын. Онсыз да жоқшылықтан жүндей түтіліп, титықтап отырған көпбалалы отбасылардың талғажау етіп отыр­ған аз-маз «пособиесін» тоқтатып, мың-сан құжат туралатып, шартты-шартсыз атаулы әлеуметтік көмек дегенді шығарып қо­йыпты. Шарттысына «ЖК» ашып, алты ай бойы зейнетақы қоры мен кіріс салығына өзің 7 мың теңге құйып тұрады екенсің. Беретіндері – итке сүйек тастағандай аз ғана ақша. 200 мың теңгенің төңірегі. Оған не келеді? Мал ауа жұтып семіре ме? Оның азығы да бар емес пе? Бала-шағасына нан тауып бере алмай отырған адам осыларды ойлап мал алуға ұмтылмайды да ғой. Қысқасы, көз алдау әшейін. Жоқтан тәуір ғой деп осы мардымсыз ақшаны да жұрт жұбаныш қып отыр. Онымен қай жыртығын жамамақ? 

 

Айтпақшы, ұмытып барады екенмін. Біздің ауылдың әкімдігіндегі қызметкерлер су мен жарықтың, қоқыстың ақысын, үй мен жердің салығын төлемесе, әлгі шартты-шартсыз көмектеріне құжат қабылдамайды екен. Төлемақыларды қабылдау үшін әлекедей жаланып кассирлері де сол жерде отыр деседі. Бейшара жұрт әйтеуір ақша алсақ болды деп оған да көніпті. 

 

Қыста еш жерде жұмыс жоқ. Базарға барып нан табатындар да, құрылысқа жалданатындар да күннің жылынуын сар­ғая күтіп үйінде отыр. Қаптап алған көмірін үнемдеп жағып, әр үзім нанын жегенде ұн таусылып қалмас па екен деген уайым­ға салынып отырған адамды төлемесең құ­жатың өтпейді деп сорлатқаннан ләззат ала ма екен? Әрі-беріден соң өзі де сол ауылдың тұрғыны ретінде түсіністікпен қараса нетті? Мемлекеттен бөлінген ақшаны қалтасынан беретіндей құжат қабылдауға неге сонша қиналады екен? 

 

Қысқасы, іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ. Құқығыңды таптап жатыр деп сөзін сөйлейін десең, бәлесінен аулақ деп көптің өзі тағы көнбейді. Не істерсің? Тым құрыса күйігіңді шығара­йын деп жатасың осылай «диван батыр» болып.

 

Г.ӘШІРБЕКОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ